Ләйлә Сұлтанқызы маңғыстаулық енелерге тәнті
[ 2017 ] 5 маусым, 06:40 | Жаңалықтар
«Бақытты болуға ештеңе кедергі емес!» Кеше «Nur Plaza» мейрамханасында дәл осындай ұранды ту еткен «Бақытты әйел» мастер-класы өтті. Өңірдің қыз-келіншектері танымал тележүргізуші журналист – Ләйлә Сұлтанқызы, стилист – Динара Сембайқызы, психолог – Марал Сарбасқызымен ашық әңгіме алаңында жүздесті.
Басты кейіпкерлер мастер-класқа келген арулармен отбасының берекесі, бақытқа апарар жол, сымбаттылық сыры, әйелдің жан дүниесі, табысқа қол жеткізу, жақындармен, дос-жаранмен қарым-қатынас және өзге де тақырыптарда сыр бөлісті.
Күйзеліс, шаршау, бітпейтін отбасы мәселесі, қаражаттың жетіспеуі, ұрыс-керіс, қатал күйеу, күн бермейтін ене, тіл алмайтын бала тағысын тағы... Біздің айналамызда осы төңіректегі мәселелер күн сайын орын алып жатыр. Егер сары уайымға салынып, әлсіздігіңді танытсаң, түбіне батасың да кетесің. Ал қиындықтан шығу жолын, жаңа мүмкіндік іздесеңіз, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Кез келген кедергіге, сәтсіздікке қарамастан, әйел қарсы тұруға қауқарлы. Өйткені оның қырық жаны бар ғой. Тек өзінің мол мүмкіндігін кәдеге жарату жолын білсе болғаны. Бірақ қалай? Ашық әңгіменің де көздегені осы сұраққа жауап іздеу еді.
Әйел алақанымен әлемді тербетеді! Спикерлер жексенбіні кездесуге келген нәзік жандыларға арнап, оларға бақыттың кілті өз қолдарында екенін жеткізуге тырысты. Мастер-кластың одан бөлек тосын сыйлары да аз болмады. Түрлі тренингтер жасалып, ұтыс билеттері ойнатылды. Қыз-келіншектер, арулар, аналар арнайы сертификаттарға ие болып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.
Дәстүрді дәріптеп, салтымызды сақтай білген, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңіріміздің болмысы да кездесудегі әңгімеге арқау болды. Киелі өлкеге келген танымал тележүргізуші сөз арасында маңғыстаулық нәзік жандылардың ерекшелігіне баса назар аударды. Әсіресе, оны батыстық енелер образы сүйсінткен екен.
«Маңғыстауда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас өте керемет. Енелер сондай батыл, боевая (күліп). Келіндері де үлкеннің алдын кесіп өтпеген, сәлемін үзбеген, нәзіктік пен ибалылықтың үлгісі секілді. Мұндай байланыс еліміздің өзге аймақтарында кездесе бермейді. Мен мұны мойындаймын!» дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Сондай-ақ, ол еліміздің батысында ғана атап өтілетін «Көрісу» дәстүріне де ерекше ықылас білдірді. «Көрісудің» республикалық көлемде тойлануын қолдайтынын жеткізді әрі сол күннің жақын екеніне сенімді.
Тың жоба еліміздің 7 қаласында өтеді деп жоспарланған. Бақыт кілтін табуға үлес қосып жүрген спикерлер бұдан бұрын алматылық қыз-келіншектермен жүздесіп қайтқан болатын. Енді Шымкент, Ақтөбе, Астана, Қарағанды, Атырау қалаларында өткізу жоспарланып отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
1295
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.