«Маңғыстау жұлдыздары» фестивалі 26 сәуір күні Мұнайлы ауданында Фариза Оңғарсынова атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Дәстүрге айналған дархан даланың дүбірлі додасы биыл «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» тақырыбында болды. Сан өнердің майталмандарын шыңдаған өнер фестивалі биыл 11-ші рет өткізіліп отыр. Ел ішінде, аймақ көлемінде жүрген өнерпаздарды анықтау мақсатында өтетін бұл фестиваль ауданымызда жеті жанр бойынша болды. «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалі – екі жылда бір өткізіліп тұратын дәстүрлі фестиваль. Аймақта танылмай жүрген таланттарды жарыққа шығаратын бұл байқауда Мұнайлы ауданы бірнеше мәрте жүлделі орындарды иемденді. Атап өтсек, 2008 жылы бас жүлдені қанжығалады. 2009 жылы Қаржау Тұрсын атындағы жүлдемен, 2010 жылы Хиуаз Доспанова атындағы жүлдемен, 2013 жылы «Қол жеткен табыстары мен орындаушылық шеберлігі үшін», 2015 жылы «Үздік өнер көрсеткені үшін» марапатталған болатын. Фестивальді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Есенбай Құли ақжарма тілегімен ашып, аудан өнерпаздарына сәттілік тілеп, биыл да жүлдеден кенде қалмайтындығына сенім білдірді. Сахна шымылдығы айқара ашылғанда сап түзей отырған аспаптар оркестрге отырды. Оркестрге Серікқали Ізімбергенов дирижерлық етті. Аспаптық халықтық музыка аталымы бойынша Мұрат Өскінбаевтың 115 жылдығына орай «Өрен» күйін орындады. Оркестрдің сүйемелдеуімен Жарас Нұралиев «Ауылым» әнін шырқады. Халықтық аспаптарда ойнау аталымы бойынша Мөлдір Сәрсенова Б.Мұстафиннің өңдеуімен «Жайдарман» әнін сырнайда орындап шықты. Аспаптық халықтық музыка аталымы бойынша Орынбасар Мыңсанбек оркестрдің сүйемелдеуімен жеке домбырада Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйі мен Құрманғазының «Көк ала ат» күйін тебіренте салды. Осы сәтте «Көркемсөз» аталымы бойынша жастар сахнаға кезекпен шықты. Олар Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен қазақтың әйгілі ақыны, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай, шығармалары мен поэзияларын оқыды. Атап айтсақ, Абылайхан Максутов Ә.Кекілбаевтың «Автомобиль», Фариза Оңғарсынованың «Дала – менің қазынам» шығармаларынан үзінді оқыды. Осы аталым бойынша Қаламқас Жоламанова Ф.Оңғарсынқызының «Өлең», Ә.Кекілбайұлының «Үркер» романынан үзіндіні көрерменге ерекше үнімен жеткізді. Аспаптық «Халықтық музыка» аталымы бойынша «Қоңыр» домбырашылар ансамблі Мәкәлім Қойшыбаевтың «Жастар» күйін шертсе, Сүгірдің термесін Жансұлу Әбдіжамит орындап берді. «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша Сандуғаш Мұхамбет «Көлқайнар», «Ақсұңқар» әндерін, Арайлым Сәндешова «Ырғама», «Балжан қыз» әндерін домбырамен шырқады. «Жеке биші» аталымы бойынша Жансая Басшыбекова «Қыз әшекейі» биін мың бұрала билеп берді. «Эстрадалық сахналық би» аталымы бойынша «Тұмар» би ансамблі «Қыздар-ай» биін, «Қызғалдақ» би ансамблі «Өрнек биін» биледі. Классикалық жанр бойынша вокалдық ансамбль «Шолпан», «Ақбала-Боздақ» әндерін орындады. Эстрадалық музыка жанры бойынша «Қаламқас» вокалды аспапты ансамбль Алтынбек Саргожаевтың «Арнау» композициясын орындады. Байқаудың шарты бойынша өнерпаздардың барлығы аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста орындап шықты. Таланттарымен тамсандырған өнерпаздардың өнерін Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директоры, қазылар алқасының төрайымы Ақмарал Зейлова, облыстық мәдениет басқармасының бөлімі басшысы Жеміс Ержігітова, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орта- лығының директорының орынбасары Нұрболат Кудусов, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы маманы Сұлтанбек Құдайберген, Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы Анар Сарғожаева, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», облыс- тық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының маманы Серік Сариев, республикалық Боздақ Рзаханов атындағы дирижерлар конкурсының бас жүлде иегері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның «Ақжарма» фальклорлық ансамблінің жетекшісі Бауыржан Көбенғалиев, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айнұр Омарова, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Нұржамал Ноғаева төрелік етті. Осы «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінен танылған өнер майталмандары көп. Соның бірі майталман термеші Оспан Құлсымақ 2017 жылы «Мен қазақпын» жобасында жылдың ең үздік термешісі атанған болатын. Осындай танылмай жатқан таланттарды қозғайтын фестивальден биыл да қазақтың атын қорғайтын зор мақтаныштары шығады деген сенім жоқ емес.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78549,78548,78550"]