©
Мұнайлы аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жер реформасы және жер қатынастары мәселесін реттеу» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров, Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тұрсынбаев, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының бас маманы, әдеп жөніндегі уәкіл Иса Есенәлі және Ақтау, Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Мұнайлы ауданы бойынша жер саласына жауапты қызметкерлер қатысты. Жиында Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың, Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы жер телімін беру және қайтарып алу жөніндегі ұсыныс әзірлеу бөлімінің басшысы Батырбек Тажимухановтың, Маңғыстау облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы Дина Қоңырованың баяндамалары тыңдалып, жер төңірегінде туындайтын толымды мәселелердің түйіндері тарқатылды. Жер қатынастары мәселелерін реттеу негізінде жер беру тәртібіне түсінік және жер заңдарына қатысты өзгерістер; жерге құқық беру тәртібі; жобалық жоспарлар; жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту; қаулы жобасына келісімдер алу; уақытша жер пайдалану шартын жасасу; жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру; жер кодексіне арналған баптар бойынша жер беру тәртібі; жер кодексінің нормалары аталған жиынның маңызын арттыра түсті.Әсел ТАҢАТАРОВА