Ынтымақ пен татулықты тірек еткен мереке
[ 2019 ] 2 мамыр, 14:38 | Қоғам
Кешегі сіркіреп жауған әлсіз жаңбырдың бүгін жұрнағы да қалмаған. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Ауа райы шайдай ашық. Мамырдың алғашқы күнінің шуағы жердің бетін тегіс шаттыққа бөлегендей. «Дулыға» тарихи кешенінің қасына жиналған қалың жұрттың көңілі көтеріңкі. Ынтымағы мен бірлігі, татулығы мен тірлігі жарасқан жаңаөзендіктер бірін-бірі мамыр мерекесімен қызу құттықтауда.
Құндақтаулы баласын қолына алып, құлындай шапқылаған перзенттерінің қарнын қанағаттандырып, ойынға деген құлшынысын қандыру үшін жас ата-аналар әр жер-әр жердегі ұзынсонар кезектерден орын белгілеп әлек. Дәмді тағам, тәтті сусындарын қолдарына қыса ұстаған балақайлар ойын алаңдарының алғы шебін иелеген. Бәрі де алаңсыз өмір құшағында. Шытырлаған ақшаның қызығына түскен кәсіпкерлер кебежелі мотоцикл, ат арба, вагондары шұбырған отарбаларынан жас сәбилердің жас аналарына орын ұсынып, мәз-мейрам етуде. Әйтеуір, иненің көзінен өтердей жылпылдаған кәсіпкер жігіттер көптің көңілін тауып, өзінің қалтасын қампайтуға тырысып бағуда. Мерекелік алаңдағы түрлі-түсті көрініс пен күшейткіш аппаратуралар арқылы аспандап жатқан әсерлі әуендер мерекелік шараға жиналған жұртшылықтың көңіл күйін көтере түсуде.
Сағат тілі оннан ауған. Шаһар басшысы Әділбек Дауылбаев қала халқын мерекемен құттықтау үшін нөкерлерімен сахнаға көтерілді. Бұрынғыдан өзгешелігі – бұл реттегі нөкерлердің арасында өзге ұлт өкілдерінің қолдарына гүл ұстаған ардагерлері көзге түседі. Әрине, 1 мамыр басыбайлы болмаса да, Қазақстандағы осындай өзге ұлт өкілдерінің мейрамы секілді. Шынында да солай.
Қала халқын құттықтаған әкім өткен жылы жарты ғасырлық торқалы тойы тойланған табыстарын тілге тиек етті. Сондай-ақ тасқын табыстарға талпынған қаланың биылғы жылғы жоспарлары мен межелерін тізбеледі.
Қала әкімінің айтуына қарағанда, биыл ҚР үкіметі Жаңаөзен қаласының кешенді жоспарына өзгерістер енгізіп, өзектендірілген көрінеді. Соның арқасында қала халқының жағдайын жақсартуға көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, жалпы 67 жобаның іске асырылуы көзделген. Соның ішінде 2019 жылы бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 4,8 млрд. теңге қаралған. Үстіміздегі жылы осынау кешенді жоспар аясында қалалық орталық ауруханаға қарасты терапия, кардиология, неврология бөлімшелерін бір орталыққа шоғырландырмақшы. Тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсетіп, қолайлы жағдай жасау мақсатында «ҚазМұнайГаз» АҚ қолдауымен Медициналық орталықтың жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, 2020 жылдың бірінші тоқсанында ел игілігіне тапсыру жоспарланған.
Ауыл, қала тұрғындарын алаңдатып отырған жайттың бірі – автомобиль жолдарының мәселесі. Кешенді жоспардың аясында кезең-кезеңмен бұл да өз шешімін табатын болады. Ағымдағы жылы қалаішілік жолдарының 6,5 шақырымы «Бостандық», «Мұнайлы» шағынаудандарынан бастап, Теңге ауылына дейін 3,9 шақырымдық, Рахат ауылындағы «Мерей» шағынауданының 2,8 шақырымдық, «Ақсу» шағынауданының 5 шақырымдық ауылішілік автомобиль жолдарын салуға барлығы 900 млн. теңгелік қаржы қаралған.
Қала халқының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер басқармасының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 591 млн. теңге қарастырылды.
Қала және оған іргелес елдімекен тұрғындарын кәсіпкерлікке бейімдеу, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында халықты бизнес негіздерінде оқытуға 38,5 млн. теңге жоспарланған.
Жаңаөзен қаласының осал топтарына жататын аса мұқтаж азаматтарын Ақтау қаласына ерікті түрде қоныстандыру мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2,9 млрд. теңге қарастырылған.
Міне, осының бәрі ҚР үкіметінде бекітілген жоғарыда айтылған өзектендірілген жобаға енгізілген.
Биыл 1 сәуірден бастап Жаңаөзен қаласы бойынша белгіленген жоспарға сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға ниет білдіргендердің саны 600 отбасын немесе 3 мың адамды құрады. Соның ішінде 1500 баланы қамту көзделіп отыр. Күні бүгінге дейін 412 отбасы немесе 2060 адам тиісті құжаттарын тапсырған. Осынау атаулы әлеуметтік көмекке 395 млн. теңге қарастырылған.
Міне, осындай мәліметтерге құлақ түріп қаныққан қала кәсіпорындары мен орта мектептері және арнаулы оқу орындарының ұжымдары дайындаған мерекелік шеру де басталып кетті.
Шеруді астарына ат мінген азаматтар мен ат спорты федерациясының шабандоздары қазақтың көк байрағын қолдарына көтеріп сәйгүліктерімен сахна алдынан сап түзеп жүріп өтіп, бастап берді.
Одан кейін қала түгіл бүкіл аймақтың донорына айналған «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымы, ізін ала «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Бұрғылау», «Өзенфилдсервис», «Өзенмұнайсервис» ЖШС сияқты басқа да өндірістік мекемелер өтті.
Оқу орындары мен қалалық білім бөлімі және мектеп ұжымдары 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ орда, жайлы қоныс болған Қазақстандағы достық, татулық, ынтымақ, ауызбіршілікті сәулелендіруге барынша күш салғаны байқалып тұр.
Биылғы жылғы мерекелік шерудің тағы бір ерекшелігі – қала әкімдігінің аппаратынан бастап, үш ауылдың әкімдігі мен сол ауылдарда орналасқан еңбек ұжымдары да сап түзеп өтті. Тіпті өңірлеріндегі әртүрлі белгілері күнге шағылысқан ардагерлер де таяқтарын тіреу қылып, аяқтарын ілбіп басып өте берді. Оларға сырттай қарап тұрған көлденең жұрт құрмет көрсетіп, сүйсіне қол соқты. Әдеттегідей әр ұжымның қысқаша өмір тарихы мен жетістіктерін жүргізуші қыз бен жігіт мәнерлеп оқып, саңқылдап сөйлеп, жұртшылыққа жариялап тұр.
«Бизнес 3 күнде» жобасы қатысушыларының үшінші жәрмеңкесі
Мерекелік шеру аяқталудан халықтық серуен басталып кетті. Қала активтері босатқан сахнаны «Өнер» МКҚК ұжымы мен қала өнерпаздары иемденді. Олар ауыл және қала тұрғындарына өздерінің құлақтан кіріп бойды алатын әсем әндері мен тәтті күйлерін және мың бұралған билерін ұсынды.
Жиналған жұрттың бір бөлігі «Жақсыны көрмек үшін» дегендей «Мұнайшы» мәдениет сарайының алдында ұйымдастырылған жәрмеңкені аралауға кірісті. Біреулері жай ғана қызыға қарап, тамашалап жүрсе, бірқатар жандар «Бүгін арзандау екен ғой» деп көңілі қалаған заттарын сатып алып жатыр. Бұл – «Бизнес 3 күнде» жобасының үйлестірушілері ұйымдастырған үшінші жәрмеңке еді. Осынау жоба бойынша Жаңаөзенде 100 бренд пайда болып, шынайы кәсіппен айналысып, өздері өндірген өнімдерін халыққа ұсынып, табыстың тәтті дәмін тата бастағандарын жақынға ғана жазғанбыз. Солардың бірі – Рахат ауылының тұрғыны Айсәуле Болатбаева.
Айсәуле нағашы әжесінің түсіне кіріп, аян беруінің арқасында 24 жасынан бастап тігіншілікті машық етті. Әрине, әуелгі кезде әуестікпен, қызығушылықпен тігін мәшинесінің құлағына отырған. Сол кездері майда-шүйде нәрселер тігіп жүрді. Ұстаз іздейін, біреулер үйренейін деген ой миына кіріп те шықпады. Нағашы әжесі түсіне кірсе, ойына келген идеясына көңілі қобалжымай кірісе беретін. Себебі марқұм әжесі өте ісмер, он саусағынан өнері тамған нағыз шебер жан болған. Сосын екінші ұстазы – ғаламтор. Ешкімге жалынбады, біреулердің кеңесіне мұқтаж болмады. Тілегені алдынан іздемей-ақ ғаламтордан табылды. Қандай үлгіде, қандай сәнде тігуді көңілің қалайды? Ғаламтордың бетінде бәрі сайрап тұр. Тек оқта-текте қысқа жіп күрмеуге келмей қалып, қиналатыны да жасырын емес. Өйткені тігіншілікті бұдан 14 жыл бұрын машық етіп бастаса, енді сүйікті де негізгі кәсіп етіп жалғастырды. Оған итермелеген заманның ағымы. Анығырақ айтқанда, қымбатшылық, жұмыссыздық сияқты өткінші құбылыстар. Ең бастысы – машқаланың машақаты. Егер мұндай жағдайлар болмағанда, яғни ішкені алдында, ішпегені артында, коммунизм елесінің қою көлеңкесінде жүре бергенде кім біледі, бұл кәсіпке шекесінен қарап, елеп, ескеруге мұршасы болмай, жарты жолда тастап кетер ме еді? Дегенмен тастамады. Өзі бала күтімінде үйде отырып қалса да тігіншілікті түртпектеуді қоймады. Отағасының әркімнің іргетасын құйып, тасын қалап, үйін салып, еденін қағып, тапқан таянғаны бірде жетсе, бірдей жетпей жататын. Ал қыстың күндері ондай жұмыстар да тоқтап, әбден тарығатын. Сондай кездері Айсәуле үйде отырып, әртүрлі киім тігіп сатты. Әйтеуір, күнделікті азын-аулақ тапқан таянғаны бұларды көштен қалдырмады.
- Содан бері үйде отырып киім тігемін. Оған да 14 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде кәсібіме әбден машықтанып алдым, - дейді Айсәуле Болатбаева. – Тіккен бесік жапқыш, тойларға кәде-сыйлар, ат жабулары, автокөлік орындықтарының тыстары сияқты заттар күнделікті сұранысқа ие бұйымдар болып есептеледі. Әйтеуір, тіккен заттарым өтпей, қолда көп кідіріп қалмайды. Сапалы болғандықтан жұрттың көңілінен шыққан шығар деп ойлаймын. Кейде тапсырыс та қабылдай беремін. Тапсырыспен тіккен заттың бір жақсысы – дайын болған бұйымыңды жылдам өте ме, өтпей ме деп іштей қобалжып, уайымдамайсың. «Бизнес 3 күнде» жобасына өтініш жазып, тіркелдім, қатыстым. Жақсы болды. 240 мың теңге көлеміндегі тігін мәшинелерін алдым. Азын-аулақ қажетті маталарды да әкеліп берді. Әрине, бұл – мен үшін таптырмас мүмкіндік, үлкен көмек болды. Қысқа қолым едәуір ұзарып қалды. Осындай мүмкіндіктерді нәтижелі пайдалану үшін кәсібімді одан әрі дамытқым келеді. Қасыма ең болмаса әртүрлі моншақтарды тізіп, зерден ою оюға икемі бар, қолы ұсынақты жас қыздардан алғым келеді. Өйткені жас қыздар өте зерек, қабілетті болады. Айтқаныңды, көрсеткеніңді жылдам қағып алып үйренеді. Мынау, міне, сіңлімнің қызы – Жұлдыз. Жасы – 11-де. Қазіргі көмекшім – осы. Оның үйренгені өзіне жақсы, жұмыс істегені – ата-анасы мен маған жақсы. Сабақтан бос кездері қарап жүргенше белгілі бір кәсіпті, яғни өнерді үйренгені келешегіне де өте қажет. Қазақта «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» деген сөз бар емес пе? Екіншіден, азда болса төленген еңбегінің ақысына өзіне қажетті заттарды, оқу құралдары мен киім-кешек алуға қаржы табады. Бұл ата-анасы үшін де үлкен көмек.
- Бүгінгі жәрмеңкеге жалпы Жаңаөзен бойынша 100 брендіміздің 20-25 бренд иелері қатысып жатыр, - дейді «Бизнес 3 күнде» жобасының үйлестірушісі Жұлдызай Бұхарова. – Мүмкіндігіне қарап, жарымжан жандарымызды қатыстыра алмадық. Қатысып жатқан брендтеріміз бүгінгі жәрмеңкеде өздері өндірген үй жиһаздарынан бастап әртүрлі ұлттық киімдер, той шашу, сыйлық бұйымдарын, түрлі тәтті тағамдар мен табиғи сусындар, сондай-ақ, айран, қатық, шұбат сияқты сүт өнімдерін ел назарына ұсынуда. Халық көп жиналды. Кәсіпкерлердің саудасы жақсы жүріп жатыр. Жалпы олар біздің алып берген заттарымызды тиімді пайдалануларының арқасында жұмыстары дөңгелеп, уақыт өткен сайын қарқын алуда. «Бизнес 3 күнде» жобасына қатысушыларға өз өнімдерін саудалап, сату үшін қаладағы «Жәнібек Бөкен» базарынан тұрақты орын белгіленді. Қазіргі күндері осындай мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен тиісті келісімшарттар жасақтап жатырмыз. Базар әкімшілігімен жасаған келісім бойынша біздің жоба қатысушылары алғашқы айда тегін тұрып сауда жасау мүмкіндігіне ие. Сосын екінші айдан тиісті орынпұл жарнасын төлей бастайды. Оған дейін етек-жеңін жинап, азда болса әлденіп, үйреніседі. Алдағы уақытта бұл жоба жалғасатын болады. Яғни, өз кәсібімді ашып әуелі отбасымды, бала-шағамды, сосын қала халқы мен мемлекетке пайдамды тигіземін дейтін ниеттегі жандар болса, қолтығынан демеп көмек беріп, қолдап, қуаттап, арман, мақсаттарына жетулеріне кең жол ашылуына мүмкіндіктер жаратамыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
Суреттер автордікі және Жаңаөзен қаласы әкімдігі ұсынды
1009
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.