Мұнайлы ауданында өндіріс қыза түспек. «Шлюмберже» аталатын шетелдік компанияда ұңғымадағы сорғы қондырғысы бөлшектерін шығаратын цех іске қосылды. Мұнда жылына мың дана қосалқы бөлшектер дайындалмақ. Салтанатты шара мегабазаға келген қонақтардың тіркелімінен соң өндірістік орталық, технологиялық жабдықтар, процестер мен қолжетімді қуаттар жайлы бейнебаян көрсетумен басталып, таспа кесу рәсімі өндірістік орталықтың ішіне экскурсия жасаумен жалғасып жатты. Қонақтардың бір-бірімен және өндірістік сервис орталығының қызметкерлерімен бірге сұхбаттасулары үшін киіз үйлерде мерекелік дастарқандар жайылды. – Біз Қазақстан нарығы үшін сапасы халықаралық талаптарға сай мұнай сораптарын жасай бастадық. Ішкі сұранысты өтеуден бөлек отандық тауар Каспий аймағы мен Таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі. Заманауи үлгідегі сорапты қондырғы бөлшектері мұнай-газ кеніштерін, әсіресе сарқылуға айналған табиғи ресурстарды игеруде тиімділігін іс жүзінде көрсетіп келеді, – дейді «Шлюмберже» компаниясының Қазақстандағы бас директоры Мухамед Разиев. Оның айтуынша, мұнай өндіру саласында қолданылатын отандық тауар үшін шетелдік инвесторлар тарапынан 5 млн. доллар жұмсалған. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қоқыс өңдеу – «Жасыл экономикаға» қадам Жалпы осы өндірістік базада ұзын саны 300-ге жуық адам жұмыс істейтін болса, олардың 94 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Енді жаңа өндіріс орнына тағы да 30 адам қызметке алыныпты. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов жаңа цехтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Елімізде жаңа индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында өндірістік мекемелер ашылуда. Соның бірі – «Шлюмберже» мекемесінің жаңа цехы. Бұл орталықта еліміздің және басқа да көршілес мемлекеттерде орналасқан мұнай және газ компаниялары үшін мұнай өндіруге және сұйықтықтарды тасымалдауға арналған жабдықтар құрастырылып, оларға сервистік қызметтер көрсетіледі. Бүгінгі өндірістің ерекшелігі – жаңа технологияларды қолданып, қазіргі нарықтың ең алдыңғы қатардағы жабдықтарды шығаруында. Мұндай істің облысымызда қолға алынғаны, әрине, қуантарлық жағдай», – деген ойымен бөлісті.
Әсел ТАҢАТАРОВА