©
Мейрамбай Қибасов - Маңғыстауда (Форт-Шевченко) туып-өскен Бишенбай (Бисенбай) Қибасұлы мен Ақкенже (Ұштаған) Сыйлыханқызының 6-шы перзенті. Орта мектептен кейін Ашхабад политехникалық институтына түсіп, мұнай факультетінің кен орындарын игеру мамандығы бойынша 2 курсын тәмамдаған. Ілкі еңбек жолын 1967 жылдың сәуір айында «Өзен» мұнай кәсіпшілігі басқармасында оператор болып бастаған ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, әдеби өміріне белсене араласып, өзінің өрнекті қолтаңбасын қалдырған ардақты азаматтардың бірі. Мейрекең 1990 жылдың қаңтарында ашылған Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінің алғашқы бас редакторы болса, 1994-1995 жылдары Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетіне де басшылық жасады. Қазақстанның Құрметті журналисі, бұрынғы КСРО, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі, белгілі көсемсөзші. Кезіндегі (1971 жыл) Өзен аудандық, 75-80 жылдар ішіндегі Ақтау қалалық, сондай-ақ, облыстық ақындар айтыстарының және әр деңгейдегі тақырыбы сан алуан мүшәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Баспадан «Аман бол, ата-жұртым», «Өмір өрнектері», «Ар - екі, ұят - үш әріп», «Өнегелі ұл- қыздары өлкемнің», «Маңғыстау, сенің жеріңде...» деп аталатын кітаптарын шығарған. Бір топ таңдамалы өлеңдері «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясы 2010 жылы Алматыда шыққан жинаққа енген. Жаңаөзеннің 50 жылдығы қарсаңында біз танымал қалам қайраткерінің «Мен жүрген жол» өмірбаяндық хикаятының қаламызға қатысты бөлімінен үзінді жариялап отырмыз.
Жаңаөзен қаласының күншығысындағы бүгінгі асфальтты әуежай 1967 жылдың сәуір айының орта шенінде Шағадамнан бесін мезгілінде мен ұшып келген шап-шағын «ЛИ-2» ұшағын жайдақ қара жерде қабылдап еді. Көктемнің екінші айы өтіп жатқанымен ауа райы бұлыңғырланып, ызғырық есіп, салқын тартып тұрды. Аспан аймағынан ерсілі-қарсылы көшкен өркеш-өркеш бұлттар ара-тұра тамшыларын тамызуда. Өңірде қыстың шамалыда айылын жиып, ашуын баспайтындығын, келесі жаймашуақ маусымның кешігіп жететіндігін кейін білдім. Жолаушыларды осылай қоңырқайлау кейіппен қарсы алған атамекенім бәрібір жылы әсер етті. Автобуспен орталыққа қарай жүргенімде жанарымды бұрған көрініс анадай арақашықтықта ан- дыздай, алаулай жанған алқызыл оттар болды. Әлі ештеңеден хабарсыз мен үшін олар сыры ашылмаған жұмбақ-ты. Құмартқаным соншалық, астымдағы көліктің әйнегіне жабысып қалғандаймын. «Бұ неғылған сансыз жарқыл?» - көкейімде осы сұрақ. Айналаға қарағыштай беремін. Бәрі таңсық, жаңалық. Таныс та бейтаныс мұнайлы Өзен. Таныстығы - байлығы тасып, түлеп, жан-жақтан адамдар ағылып, орнығып, жұлдызы жанып, құрылыс қанат жайғандығы жайлы сыртынан естігендігім, таныс еместігі - көзіммен бұрын көрмегендігім. Туысқандарымнан Жұмажан ағам мен Алтын апам 60-шы жылдар басында-ақ осылай қоныс аударған. Біреуі - Ералиевте (Құрық), екіншісі - «Газқалашықта». «Мұнай-қалашығы» делінбеуі, бәлкім, алаңнан алғашқыда газ табылғандығынан не ілеспе және табиғи газдың атмосферада жағылып жатқандығынан шығар.
Жұмысқа орналасуға асықпай, келесі күні «Газ-қалашықпен» таныспаққа көше кездім. Бір аттап-мына, екі аттап-ана шетіне шықтым. Кішігірім мекен. Шағын ауданға әлі бөлінбеген. Тұрғын үйлер тұрғызылу үстінде. Аздаған әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық ны- сандар, кәсіпорын, мекеме кеңселері тарлау көрінетін алақандай аумаққа сыйып кеткен. Көше бір-жар, жоғары кернеулі электр желісімен Шевченкодан (Ақтаудан) жететін тоқпен түн қараңғысы сейіледі. Май шамға телміремейсің. Сеңдей соғылысқан, ығы-жығы халық нөпірі аз. Көрінгендері ішінен басқа ұлттар өкілдері басымдау. Сары өңді славяндықтар, қара өңді кавказдықтар, әсіресе. Кенорнынан мұнай өндіріліп бастағаны кеше ғой, өзге республикалардан келгендерінен де келетіндер легінің үзілмегендігін келешек көрсетті. Кеңестік лепірме үгіт пен насихаттың шылауынан шыға алмай, «туысқан, бауыр, интернационал» ұғымдарына әуес болғанымызбен ақиқатында олар (қазақтардан былайғылары) көздеген мақсат-қалта қалыңдату, тұрмысын түзеу, аймақтық коэффициентті пайдаланып, барша игілікке кенелу-ді.
Мен алғаш көрген Өзен өркен жаюға енді-енді қадам басқан, қоңыр күйлі, азаңдау үйлі, асқақтау үнді, бақ-талдары жайқала, көркемдігі байқала қоймаған, шығысындағы Сенек, Сауысқан құмынан - 50, құбыладағы теңізден 60 шақырым аралықтағы, етектегі Талақтың ойының дөңеске ұласатын алқабындағы пошымы ауылға ұқсайтын мөлтек қалашық. Ондағы небәрі үш-төрт кәсіпорынның біреуі - «Өзен» мұнай кәсіпшілігі басқармасына операторлық жұмысқа қалай орналасқанымды, қандай ортаға араласқанымды, кімдермен қанаттас жүргенімді, қалашықтың қашан поселке, қала атанғандығы, бара-бара құрылған аудан орталығына айналғандығы, басқа да жәйттер туралы баяндайтын.
«Түлеген жерден өшпестей әсер алған-біз, Оттарың сынды алаулап айхай жанғанбыз. Қырық жыл бұрын қырыңнан мұнай өндіріп, Көшеңде сенің із болып бір-бір қалғанбыз...»
Атамекенім жайлы алғашқы әсерімді отызыншы жылдардың аяғында осында ұйымдасқан тұңғыш колхозға мүшелікке өтіп, ол Маңғыстау шаруашылықтарының бірі саналып тұрғанда жоғарғы биліктің шешімімен Қарабұғаз ауданымен қоса Түркменияға берілгенде Жаңғақтың ойына барып орныққан қаратабан шаруа адамдары - әке-шешем шерткен сырдан, айтқан әңгімеден алғанмын. Есейіп, естиярланғасын барынша қанықтым. Өстіп соның төңірегінде қиялымды қия шыңға шығарып, асқақ арман қанатында тербелгенімде көңілге өте шалғай болып сезілетін (Сонда бүгінгі Түркменбасшы (Шағадам) мен Жаңаөзен қалаларының арасын бөліп небәрі 450 шақырымдай ара қашықтық жатыр екен да) бағзы аймақта қазба байлықтың неше түрлі «көкелерінің» - арасында мұнай-газ жиі естілетін - табылғандығы, игерілу қолға алынғандығы жөніндегі хабар ат тұяғындай дүбірлеп Балқан мен Құба таулар етектерін жайлаған жалпақ елге тарап жататын еді-дағы бұған олар үнемі елеңдесетін. Елеңдеудің жалғасы ауылдастарымның бірігіп те, жекеленіп те көш-көлігін жиыстырып, солтүстікке көтеріле қозғалуына апарды. Біз де сол лектен едік. Он сегізді толтырып, орта мектеп бітіріп, әр тарапқа тартатын тарам-тарам сүрлеулердің жүрегің қалағанына түскесін-ақ адамның балалық дәурені басынан ауып, бара-бара сағымданып, көкжиек асқан ақша бұлттай көзден ғайып болады. Көрінбей кетеді. Әрі-беріден соң сағындырады. Онымен ілесе жастық атты жазира-жайлау төрі басталады. Балғындығымның сонша мезгілін, ғұмырымның екінші сатысының үш жылын туған өлкемде (техникалық жоғары оқу орнында) өткізген мен де ендігісін бабаларымыз өскен-өнген, табиғат заңының ырқымен әр төбедегі қоңырайған қорымдарда мәңгі «қонып қалған» жерінде - маңғаз Маңғыстауда жалғастырмаққа жиырма жасымда осы жаққа маңдай бұрдым. Сол кездерде аттары жиі шығатын Өзен мен Жетібайдың алғашқысына. Онда мамандық атаулыдан аттестацияда жазылған «автослесарь» деген сөзден өзге дәнеңе де жоқ-ты. Заманның орта білім беру жүйесіне сәйкес мектеп бітіргенде алғаным. Бірақ, оқушы кезде өндірістік тәжірибеден өтіп, машиналардың әр жерін бір түртіп, шұқылағанымнан әріге аттамадым, жұмыс істемедім. Мұнай инженеріне геологінен дәмеленіп барған институтымдағы талабым таза табансыздығымнан тасқа соғылып тынды. Тастағаныма артынан өкінгенімнен келер пайда қайсы? Енді «ал, алғы шепке алқына асығып ең, арманыңа жеттің. Қапы қалма» деген ой дегбірімді қашырып, түрткіледі. Әуелден осында жүрген аға-апаммен ақылдасып, мұнай өндірісіне араласпаққа бекіндім. Әрі әліппесінен әжептәуір мағлұматым бар ғой. Туысқандарымның сырттай сілтеуімен Өзен мұнай кәсіпшілігі басқармасында еңбек бөлімінің бастығы қызметіндегі Лес аға Оспановтың (марқұм) кабинетінің есігінен ептеп ұялыңқырап ендім. Жөн-жосығымды баяндадым. Бойы орта, енділеу, көзілдірікті, аптығыңқырап тез сөйлейтін егделеу (әлде, маған солай аңғарылды ма) еркек. Сөзімді тәмамдап бола бергенімде ішке биіктеу сары орыс кірді.
- О, сәлеметсіз бе, Юрий Николаевич! - деді ол оған жылы шыраймен оң қолын ұсынып.
- Жоспарды орындап тұрсыз ба? Жұп-жұмсақ үнімен «бәрі жақсы» деп жауап қайырды бұл. Лекең іле екеумізді таныстыруға көшті.
- Мына жас жігіт - жерлесім, Небиттаудан. «Политтің» мұнай факультетінде оқыпты. Жұмысқа орналаспақшы. Қабылдасақ қайтеді?
Жүре келе білгенімдей, 1964 жылы құрылған мұнай өндіру басқармасы арада екі-үш жыл өткенімен жұмысшы-инженер кадрларымен толықтай қамтылып болмапты. Зәрулік бар. Әсіресе, өндірістің басты буыны саналатын кәсіпшіліктегі «қара жұмыс» - оператор мамандығы бойынша. Ю.Н.Демаков соның үшінші нөмірлісінің бастығы екен. Құдды біреулерді күтіп жүргендей қуанып:
- Мә, қағаз, қалам. Өтініш жаз. Үлкен басшымыз Өтесіновтің атына, - деді елпілдеп. Айтқанын ілезде істедім. Өйтпесем анау айнып қалатындай көрініп. Мәтінімнің төменгі жағына «2-ші разрядпен қабылдансын» деп қолын қойды. Еңбек заңдылығымен енгізілген тәртіпке орай кәсіпорынның жоғары сатысындағы лауазымды адамына барып өзімді байқатуым, «сынатуым» міндет. Осының алдында есімінің Рахмет екендігін естігенмін. Онда жас шамасы қырықтың қырқасындағы Рахаң бойлылау, тік денелі, түр-түсі қараторыдан да қаралау, қалың беттілеу және ерінділеу, байыппен сөйлейтін байсалды тұлға. Көздерінен де, сөздерінен де жаймашуақ жаз шуағы төгілгендей жылы. Парасатты кескін. «Тәйірі, жиырмадағы шикі өкпе өзінен сонша санға үлкенге қайтіп баға береді» дерсіз, алайда, түйсігімнің адастырмағандығын кейінгі кездерде талай кездескенімізде, сұхбат құрғанымызда көз жеткіздім. Институтқа қатысты хабарыма қатысты «бекер жасаған екенсің, бауырым» деп қабағын шытқанымен жанашырлық танытты да болашағыма сәтті қадам тіледі. Өстіп мен Өзенді игерушілердің сапына кеңес дәуіріндегі «жұмысшы-мәртебелі мамандық» ұраны ұстанымымен қосылдым да кеттім. Ертеректе Талақтың, берігеректе Өзеннің ойы аталған еңіс ойпаттағы №3 кәсіпшіліктің бір-бірінен алшақтығы екі шақырымдай жердегі №5, 6 «ГЗДУ»-лерден тұратын учаскеге. Бастығы ұдайы төмен қарап, ой ортасында жүретін сары өңі бар, жіптіктей аға - Қуаныш Тоқбанов. Бас әріптерімен қысқартылып алынған сөздер қазақша топтық-өлшеу-сығу қондырғысы түрінде тарқатылады. Ол да жалпы колекторға (диаметрі зор тұрба) айдалғанға шейін сұйық отын сақталатын буфер қазанынан, парафинді ерітуге орнатылған қыздыру пешінен, өлшеуіштен, басқа да технологиялық жабдықтардан топтасқан кішігірім шаруашылық.
Маңғыстауды асқақтата жырлағандар алыстан да, жақыннан да табылды. Қарақалпақстандық қазақ ақыны Т.Айбергенов пен ұлы сазгер Ш.Қалдаяқов 1965 жылы осында келіпті. Қос мықтының шығармашылық сапары Таушық, Ақтау, Жетібай, Өзен бағытымен басталып, Гурьевте (Атырау) аяқталған. Төлегеннің сондағы «Шевченко - мұнай ордасы», «Төстегі жаңғырықтар», «Жаңғырған Маңғыстау», «Мұнаралар» өлеңдері мен Шәмші шығарған құдіретті әндер маңғыстаулықтар үшін соғылған мәңгі ескерткіштер. Оқыңызшы, адуынды талант қалай-қалай қалам сермейді!
«Кезім менің, жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қыр ап қашып. Жиырмасыншы ғасыр жүр, Маңғыстауда, Мұнаралар басына шырақ тасып.
Қалайша мен, жаным-ау, тұра аламын, Жүрегімнің сыңсытпай шынар әнін Табанымның астында қара дария, Тас төбемде тайгасы мұнараның.
Білеймін, кеудемнен кен ашты ма екен, Көкірегі осынау тасқын әлем. Күн көтеріп барады Маңғыстауда, Мұнаралар аспанның астыменен... немесе Жаңғырған заңғар көкте мұнаралар, Қазаққа ата қоныс бұл аралар. Сыңсыған жүрегінен ән суырып, Көк аспан күмбезінде тұрады олар.
Кеудесінен шағала боп, Көтеріліп омырауы гүл қалалар. Фонтандар барқыт мұнай атқылаған, Ақтауға құс жолынан от құлаған. Әкеле жатыр дана жан партиям, Бақытқа толып тасқан шақты маған. Кеудесінде кең даланың, Аспан тіреп, комбинаттар сап құраған.
Бұл мені ғашық қылған... тулап қана Кеудемнен зулап аққан бүлақтар ма? Жүрегі Жер-ананың жұмысшы тап, Ту қадап жатыр жалпақ қыраттарға, Ақсамала оттарымен - Жетібайлар, Жетектейді мұраттарға. Қайырмасы: А-а-а, Асқақтатып байтақ дала тұлғасын, Тас төбемде жиырмасыншы тұр ғасыр. Жаса менің, байтақ жүрегім, Маңғыстауым - мекендеген күн қасын.
Т.Айбергеновтың осынау үш-төрт шумағында түбектің сол тұстағы кескіні түп-түгел бедерленген. Өзенде тұрған жұмысшы жастар- біздер осы ғажап әнмен қанаттанып, «Ақ ерке Жайықта» тербеліп, өндіріске баратынбыз. Өндірістен қайтатынбыз. Д.Қанатбаев «Сан тұлпар тұяғымен тарпып өткен, Бұл өлке азап шеккен тауқыметтен. Жер асты қазынасын игере алмай, Талай жан өз өмірін мақұрым еткен. Атырау ауып түсіп, төңкеріліп, Жатыпты ызаменен жер тебініп, Жерұйықта отырып ата-бабам, Жерұйықты айтыпты ертегі қып» деп төгілтті. Ата-баба жұртындағы, мұнай үшін күреске араласқанымда алған алғашқы әсеріммен әрігерек секіріп, ілгері озып, онда әлі бірі - таныс, бірі-бейтаныс ақындардың оқып, жаттап үлгермеген өлеңдерін тақпақтатып кеттім бе. Өйтпесең, алпысыншы жылдардың аясында өзгеше өң кірген, түлеуге бет түзеген түбегіміздің көркем тілмен кестеленген шынайы бейнесі оған кейінірек келгендер үшін жұмбақ күйінде қалуы. Ауқымды да алуан түрлі істердің бастауындағы кім-кімді де баурап, құмар қылатын ерекше пейзажды оқырман көпшіліктің осындай жазбалары арқылы біліп, ұғынғаны ләзім.
Бүгінгі жайнаған, жасанған Жаңаөзеннің бұрынғы атауының «Газ-қалашық» болғандығын байырғы тұрғындар ғана білер. Алпысыншы жылдары тұрғын үйлер құрылысы әлі қанат жаймағанды, демек, шағын аудандар да бой көтермеген-ді. Ілкі қоныстанушылар вагон-бөдкелерде, барақ үлгісіндегі аздаған бір-екі қабатты жайларда, жатаханаларда тұрды. Мәдени тұрмыстық нысандардан жалғыз «Мұнайшы» клубы, «Октябрь» кинозалы, монша, санаулы дүкен мен балабақша. Халық саны да орасан өсе қоймаған. Поселке, кент, қала қылып айқайлатуға жағдайы жан-жақты көтермеген соң солай аталмай қайтеді. Қасына қабысқан үш әріптің төркіні неде? Шикізат өңдейтін арнайы зауыт салынғанға дейін (1984 жыл) өңір алыс ана жақ пен жақын мына жақтың, көк пен жердің арасын астастырған алқызыл жалын-оттың (факел) құшағында жатты. Күндіз де түнде де. Ой да қыр да. Аяқ астындағы терең қатпарлы қабаттардан «қара маржанмен» араласып қысыммен тысқа шығатын ілеспе газды да, табиғи газды да құрамындағы компоненттерді (қоспа) бөлек айырып, қажетке жаратқанша атмосферада жағып жіберуден басқа амал табылмаған. Тым көмескіленбегенмен көнетоздау тартып, өткен тарихқа айналу үстіндегі сол бір кездері кенорнында қанша «ГЗДУ» болса сонша алау бар-ды. Әр тұсыңнан қолдарына от ұстап мифологиялық кейіпкер – Прометей тұрғандай. Шығыс беттен таң атар- да, күн күмбезі батыс беттегі ұясына құларда пайда болатын қызыл жалқынмен жанұшыра табысып, бәрі бірігіп алып сосын көзің жетер аумақты аппақ арайға бөктіріп жататыны тамаша-ақ. Шалғай шартараптың баурайларына, қуыс-қалтарыстарына жарықтың ұшқын- сәулесі әлсіздене жеткенімен төңірек бәрібір адам адаспайтындай, аң-құстар аяқтары сүрінбейтіндей ахуалын сақтайтын. Аймақтың байлығын бағындырушылардың, мақсатқа бастаушылардың, жол ашушылардың айбынын әйгілеп тұратын андыздаған алаулар тұмшаландырылып (утилизация), ортақ апанға ақтарылып, жинақталғасын, бағалы шикізаттан газ бензині, пропан, бутан, изобутан, метан сынды фракцияларын ажыратып, бөліп алу үшін өңдеуге жіберілгесін дала қаракүңгірт қалпына қайтадан енді. Бұған біразға шейін бой үйренбей қойды...
Т.Айбергенов «Жаңғырған Маңғыстау» дейтін биік пафосты өлеңін былай аяқтайды:
«Бұл мені ғашық қылған. Тулап қана Кеудемнен зулап аққан бұлақтар ма. Жүрегі Жер-ананың Жұмысшы тап, Ту қадап жатыр жалпақ қыраттарға. Ақ самала оттарымен Жетібай мен Өзендер Жетектейді мұраттарға».
Қатар ашылғанымен екеуі екі кезде («Жетібаймұнайгаз» басқармасы 1967-де құрылды) игеріліп бастаған кенорындарында инженерлік ойды «баста-каска, қолдарында - нән қолғап» (Т.Медетбек) жүріп іске асыратындар, қаhарман жұмысшылар - негізгі өндіргіш күшті. Сондағы үш кәсіпшілікті мұнай көлін шалқытудың ию- қию кескілескен майданына теңесек, оның қолбасшылықтағы ірі шенділері мен қаратабан шенсіздері де еңбек жеңісіне жетуде ешқашан босаң, боркемік мінез танытпады. Асфальт та, қатқыл да емес, сары даланың сауырын айғыздаған жайдақ жолмен таң атқаннан қас қарайғанға дейін мігірсіз шұбырған автомобильдердің - жылжымалы бу қондырғысы, «Азинмаш», агрегат, компрессор тәрізді арнаулы техникалардың барып бас тоғыстыратын орны - аласа тауды асты-үстіндегі өндірістік нысандар. Үлкен - кішісі жоқ, адам біткеннің барлығы ұлы дүрмектің бел ортасында жүргендігін отаншылдық, романтикалық рухпен сезініп, бойларын алабөтен құлшынысқа билетіп, аптаның бес жарым күнінде (онда демалыс 1,5 күн болатын) екпінмен еңбек етуден ерінбейтін. Қаланың ескі жолаушылар вокзалы өндірісшілердің ертеңгілік сағат 8-де жиналып, өз міндеттерін атқаруға аттанатын станса еді. Ересек аға-апаларының арасынан жастары 17-23 тердегі жігітшіктер, жігіт пен қызғалдақ өңді өңшең қыздар басымырақ байқалатын. Сондықтан ба, солардың қызу-қандылығынан ба, айналаны абыр-сабыр әңгіме, әзіл-оспақ, қарқ-қарқ күлкі кернеп кететін. Сол емен-жарқын, көңілді күйлері жұмыс басына апаратын автобустарына отыратын. Кәсіпшілік басшылары адамдарының түгел-түгел еместігін түгендеп жөнелткесін кідіре тұрып, басқармадағы мәселелерін шешіп, артынан баратын. Пай шіркін, қиыны мен қызығы, ырду-дырдуы қабаттасқан қайран да қайран күндер-ай! Өзіндік өрнегімен сен де бір дәурен екенсің-ау! Қырқыншы жылдың ішінде сәулелі дүние есігінен еніп, 60-шы жылдар ортасында түбекті - Өзенді түлетуге жұмылған жайраң қаққан жастар - біздер үшін елес пен сағымға айналған кезеңнің қимас та қайталанбас сәнді сәттерін сағына еске алып отырғаным енді мынау.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда тас карьерінде 22 шетелдік рұқсатсыз жұмыс жасағанТағдырым тап келтірген, дәм-тұз айдап әкелген орта-интернационалдық екен. Жетелі жетекшіліктің, жұмысшылардың бекем белбеулілігінің берекет бергендігі сондай, кенорнын өнеркәсіптік игеруге кірісілген екі-үш жыл ауқымында Өзен мұнай кәсіпшілігі басқармасының ортақ табысына қос қондырғының қосқан үлесі аз емес-ті. Оның көлемі келер кезеңдерде де ұлғайды. 1967 жылдың күзінде армияға шақырылып, екі жылдық мерзімімді өтеп елге оралғасын бұрынғы кәсібімді жалғастыруға таныс учаскеме бардым. Басқарманың кадрлар бөліміндегілер «есейгенімді» ескеріп 3-ші разрядпен қатарға қосты. Әріптестеріммен қауышып, жадырай жақындастық. Жаңалық- кәсіпшіліктің орыс басшысы Краснодарына кетіпті де, орнын қазақ Миша Мұхтаров басыпты. Мишекең тығыншықтай денелі, кішкене бойлы, бұйра шашты, Бакудің Азизбеков атындағы мұнай институтының түлегі. Небиттау қаласынан. Бұлай суреттеуім - әуелден таныстығымнан. Аға инженер, әзірбайжан Мирзоев пен аға геолог П.Климчук те орын ауыстырыпты. №1 кәсіпшіліктен мастерлікке (шебер) М.Борамбаев келіпті. Аздаған өндіріс осы. Жұмысшылар қаймағы пәлендей бұзыла қоймапты. «Ойшыл» ағай да орнында. Бригадасы «комсомол-жастар» атаныпты. Ерен еңбегі еленгендіктен. Соған енді өзім де мүшемін. ...Уақыт озды. Ең алғаш мұнай атты қара қоймалжың затты қолыма ұстап, иісін сезінген, соны өндіру ісіне жастығымның жалыны жұмсалған кішкентай өндіріс ошағының адамдары арыны мен ағыны қатты тұлпар-мезгілдің тасасында қалып қойды ма, әлде, көшке ілесіп, көпшілікке танылды ма? Учаскеден бастап басқарманың әр бөлімін, бөлімшелерін басқарған, орден мен медаль таққаннан омырауында орын қалып жарытпаған Қ.Тоқбанов - зейнеткер, бұдан 44 жыл бұрын Түркмениядан келіп орныққан қаласында. Смағұл ағай қарттыққа мойынсұнған, қазір Ақтөбе қаласының тұрғыны деп естимін. Сексенінші жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Қ.Ыбыраева апамыз да аман-сау. Еңбегінің зейнетін көрген, бірнеше наградамен марапатталған Б.Зейналова отанына оралыпты. Шынайы махабаттың үлгісін танытқан, қосылып, отбасын құраған Сәния мен Вагифтың бақытты өміріне жігіттің 1989 жылғы Өзен оқиғасында қаза табуымен көлеңке көлбеңдеді. Зайыбы аман. «Қаржаубайдың қайраты» атанған очеркімнің кейіпкері Сенгіралин, Бақыт Шардабаев ортамызға оралмайтын жақта жатыр. «Ит - тойған жеріне, Ер - туған жеріне» дегендей, көптеген келімсектер Маңғыстаудағы мұраттарына жеткесін, қалталарын қалың- датқасын «есі барда елін тапты». Мен қара май сіңген киімімді шешіп, басқасын киіп, мамандық алмастырып, қалам мен қағазды серік етудемін. Екеуіне арқамды сүйеп «Өлінің - үрейі, тірінің - мерейі» деп, Өзеннің өрлеуін көздеп, топжарған біріншілер легінде «тайғақ кешу мен тар жолға» түсіп, игерушілер шеруін толықтырған, алақандай алаңда (№5, 6 «ГЗДУ») ерлікке лайық еңбек еткен ілкідегі әріптес аға-апаларымды, іні-қарындастарымды, тұстастарымды Жаңаөзеннің 50 жылдығы қарсаңында құрметпен, адамға тән сағынышпен ойға оралтып отырмын.
«Кеудесін кере жазға да, қысқа тосқан - біз, Малынып майға адырлар талай асқанбыз. Алыста қалған 60-тың асау жандары, Жазылмай жатқан қағазы қалың дастанбыз. Мұнайлы аймақ жайында сырға қанық - біз, Алғашқы болып ауырды көрген халықпыз. Кешеден келген бүгінгі кілең ұл мен қыз, Сәулесін шашқан ортаңа бір-бір жарықпыз. Білекте жігер, жүректе жалын, тұнық - біз, Қазынаң үшін қаймықпай алда жүріппіз. Жапырақ жайып, төңіректің сәнін келтірген, Бағыңда қалған шаншылып бір-бір шыбықпыз».
«Біз» дегенім кімдер? Мектеп бітіре салысымен армандарын ат қылып ерттеп мініп, мұраттарын жалаулатып осылай қарай шапқан жас жігіттер мен қыздар. Көпшілігі Түркменстаннан, Атырау аймағынан. Бөлек- бөлек арнамен ағып ақыры бір нүктеде тоғысатын немесе бір теңізге құятын мөлдір өзендердей бұларды тартқан - баба жұртының қадір-қасиеті, табыстырған - көл-көсір ризықты игеруге атсалысуға итермелеуге тосын күш-құдырет. Қарасам, сондағы танысып - біліскен, бірге жүрген-тұрған тұрғыластарым түгелдей дерлік кәсіпшіліктерде не оператор, не ұңғы жөндеуші, не өнім өлшеуші, не машинист. Ой-санамда орныққандары: Ізтұрған Қашағанов, ағайынды Роман, Реушен, Болат Досмағанбетовтер, ағайынды Сансызбай мен Орынбай Тұрсабековтер, Қоңырбай Баймағанбетов, Қазтұрған Қисықов, Түркеш Оңғаров, Әбдікәрім Тасбаев, Ардақ Бердігұлова, Сұлушаш Баймағанбетова, Хадиша Досмұқанова (артынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты), Гүлжамал Қарамбетова, Раушан Өтеғалиева (Ташкенттің темір жол институтын тәмамдады), Күнзира Суханова-Айтбатырова (Ақтау қалалық тұрғындарды әлеуметтік қамту бөлімінің бастығы). Қазақ политехникалық институтынан «академиялық» демалысқа келген Қойшыбай Үсенов («Аджип» ККО-ның Үкіметпен байланыс жөніндегі өкілі), Бақыт Қадырғалиева (Сарықамыстағы «Прорвамұнай» басқармасының қызметкері)... Біздерден едәуір марқалау, кенорнын игерушілер тізбегін жоғарғы оқу орындарын бітірісімен жолдамамен құрағандар да аз ұшыраспайтын. Губкин атындағы Мәскеу иститутының түлектері Кебен Боқаев, Қабекес (Қамаш) Тәшенов (марқұмдар), Жеңіс Қалиев, Имамәді Сүлейменов, Аманқос Қоңырбаев (марқұм), Қабдыреш Мырзағалиев, Тельман Нақбергенов, Бектұрған Оңғарбаев, «ҚазПТИ»-лік Мұрат Саламатов (марқұм), Алпысбай Орынбаев, Мақсот Борамбаев, ағайынды Жауғашты және Бимырза Балабатыровтар, Өрен Сағындықов, Нұғман Асқарбеков, Ізберген Оспанов, Бектұр Айтбаев, Құрақ Тілеуқұлов, Ерес Шымыров, Зылиха Иманғалиева, Меруерт Жанболатова, Мансұр (фамилиясын ұмыттым) сондай азаматтарданды.
***
1961 жылдың қаңтарында Өзен құрылымында мастер (шебер) Ғазиз Әбдіразақовтың бригадасы қазған «К-18» ұңғысынан газ, осыдан жылға жуық уақыт өткесін мастер (шебер) Михаил Кулябякиннің барлаушылары «Г-1» ұңғысынан мұнай бұрқағын атқызғандығы жайлы ақпараттың түбектің түлеу тарихымен таныс алдыңғы буын өкілдерінің миына суша сіңіп, жадынан шықпайтындай қатталғандығы анық. Ондай-ондай оқиғалар жалпы ұмытылмауы тиіс те. Жалғыз-ақ ұңғының жерасты мәліметтері алаңның байлықтан құр еместігін ақи-тақи анықтап, алақанға салғасын артынша ұйымдасқан Өзен геологиялық барлау экспедициясы (оның қызметі марқұм М.Сатыбалдиевтың «Қоңыр қозы» повесінде Өзек экспедициясы атымен баяндалады) кен іздестіруді күшейте түсті. Ұңғы қазумен шұғылданған ұсақ құрылымдар 1965-66 жылдары біріктіріліп, ірілендірілді, трест (жұрнағы - Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасы, сосын «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) ашылды, бірақ, құрамында пайдалану бұрғылауы конторы қалдырылды. Марқұм Н.Марабаев солардың алғашқы басшыларынанда. Сол-ақ екен, ұңғылар да көбейді. Өнімді горизонт- қабаттарымен ондайлар дөңнің асты-үстінен жаңбырдан соңғы көк шөптей қаулады. Өндіру басқармасы сөйткесін құрылды. Кенорнының мұнайы тиелген тұңғыш эшелондар 1965 жылы Өзен-Маңғыстау (станса) - Мақат теміржолымен зауыттарға жөнелтілді. Жоғарыда жазғанымдай, бастыққа бұрынғы партия қызметкері (хатшы) Р.Өтесінов барды. Бас инженері А.А.Дергачев (кейін «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің бас директоры), бас геологі А.И.Осадчий (кейін бірлестіктің кенорындарын игеру бөлімінің бастығы. Екеуіде марқұм) еді.