©
Жерінен табиғи байлық шығып, мұнай мен газдың игерлуі Жаңаөзен қаласының дүниеге келуіне басты негіз болды. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында небәрі жиырма, отыз мың халықпен бой көтерген мұнайлы шаһарда қазір жүз елу мыңға тарта халық тұрады. Қаланың елу жыл ішіндегі өсу, өркендеу қарқыны қазақ елінің қарышты қадамын айқындайды. Осы игілікті істердің барлығы оның тұрғындарының қолымен жасалды, жасала да бермек. Олардың арасында мұнайшы да, құрлысшы да, ұстаз бен дәрігер де, басқа да сала мамандары бар. Қаланың қабырғалы кәсіпорындарының бірі - Қазақ газ өңдеу зауытын өз қолымен құрушылар арасында Сартай Қаракүшіковің де еңбегі дара тұр.
Сәкең - мінезі салмақты еңбекке деген жауапкершілігі жоғары жан. Оның үстіне қарақан басының қамынан гөрі көптің мүддесімен өмір сүретін көпшілдігі мен мейірімділігі басым жан. Бұл қасиет оның бойына арғы бабаларынан тараған. Пір Бекетке дейін Адай елінің ұраны болып келген Қосай ата ұрпағы болғандықтан ба, қатарындағы үлкен, кішіге қашан да құрметпен қарайтын кісілігі мен кішілігі басым. Осы қасиет оны әріптестері арасында құрмет пен сенімге бөледі.
Сартайдың мынау жарық дүниеге еш өкпесі жоқ. Азамат атанып, ат жалын тартып мінгелі өмірі еңбекпен өріліп келеді. Сегіз тумаласты. Барлығы да ел, халық үшін еңбек етіп жүргендер. Соның ішінде қарындасы Несібелі қалалық перзентханада бөлім меңгерушсі болып істейді. Талай ананаң алғысына бөленіп, қуанышына куә болған гинеколог дәрігер. Бір жылда кем дегенде бес мың баланың «кіндік анасы» атанады. Өткен жылы да осылай болды. Өзі мұнайшы. Мұнайшы болғанда да, өңдеу саласының білдей білікті маманы. Ашхабадтан институт тәмамдағаннан кейін Бегдашыдағы химия өндірісінде істеді. Оның алдында да түрікмен елінің өндірісінде бірқатар жауапты жұмыстар атқарды. Өмірлік бай тәжірибесін талай жасқа үйретіп, қанаттандырған қайырымды жан.
Әйтсе де Сартайдың бағын ашып, бақытын баянды еткен бабаларының байырғы мекені Маңғыстау болды. Қасиетті топыраққа өткен ғасырдың сексен екінші жылдарында табан тіреді. Келе салысымен газ өңдеу зауытының бірінші цехына оператор болып орналасты. Кезіккен қиындықтардан қиналмай еңбек етуі арқасында қондырғы бастығы, цех меңгерушісі секілді жұмыстарды жақсы атқара білді. Мұнда да саланың жас мамандарын тәрбиелеп, қанаттандыруға көп еңбек сіңірді, көбі ұжым басқарып отыр. Басқаларын айтпағанда Нәкен Тілепов зауыт директоры. Жұмысын адал атқаратын, қарамағындағы халықтың қамын ойлайтын қайырымды да іске қажырлы азамат. Осындай шәкірттері көп.
Адам мынау жарық дүниеге бақыт үшін, бақытты болу үшін келеді. Оны ешкім саған ұсына салмайды, адал еңбегіңмен жетесін, оған. Ал, Сарай сынды азаматымыз өз бақыты мен қуанышын ақадал еңбегімен тапқан азамат. Қалай, қайтіп дейсіз ғой? Міндетті қызметімен бірге қоғамдық жұмыстарды да белсенді атқара білді. Зауытта "Нұр Отан" партиясын алғаш ұйымдастырушы және оның басшыларының бірі болды. Президент сайлауын жоғары деңгейде өткізуде өз ұжымында айырықша белсенділік танытып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан халықтары Ассамблеясының жиырма жылдығын өткізуге елеулі үлес қосты. Айта берсе азаматтың басқаларға үлгі, өнеге боларлық осындай жақсы қасиеттері көп. Сол еңбектері үшін талай Алғыс хаттар мен мерекелік төс белгілерге ие болды. Солардың ішінде өзіне айырықша ыстық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» алған мемлекеттік медалы.
Марапат деген еңбегінің өтеуі болса, табиғат берген кісілік, адамгершілік қасиет өміріңнің өлшемі және мәні мен сәні. Бұл жағынан да Сартай Күзембайұлы еш ұялмайды. Талай жасты мамандыққа тәрбиелеумен бірге, олардың ойы мен санасына қайырымдылық қасиеттерді сіңірді. Осындай игі істерді мұрат тұтқан Сәкең Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласын ұжымдастары мен жастар арасында кең насихаттап, мәні мен мазмұнын жан жақты түсіндірді. Туған жер, туған Отан, ата-анаңның алтын бесігі, ауылдастар қадірі - қазір Елбасы мақаласы арқылы айырықша бағаланады. Қазақты Мәңгілік ел етуге дайындап жатқан мемлекет басшысының байыпты бағдарламалары біле білген адамған алдымен қазақ елі үшін жасалып жатқандығын әр адамға ұғындыру міндеттің ең үлкені. Оны Сартай аға жақсы түсінеді және сол жолда еңбектенуде.
Осындай биік белесті мұрат тұтқан ол өзін бақытты жан санайды. Үш ұлы, олардан он немересі бар. Мерекелер мен атаулы күндерде олар атасын қаумалап, өмірдің қуанышы мен қызығын бөліседі. Одан асқан бақыт бар ма, сірә? Ойлап отырса елудің белесіне көтеріліпті. Осы жылардың барлығын ол өзінің замандастары мен еліне арнаған екен-ау! Жаратқан ием өмір мен қуат берсе әлі де арнай береді. Тек елінде тыныштық, бірілік болсын деп тілейді.
Біздің көзіміз бен көңіліміз жақсылық пен молшылыққа үйреніп қалды. Әр үйдің алдында қос-қостан жеңіл көлік, өміріңе керектің барлығы бар. Дастарханың жайнап тұр. Апта сайын ауылыңда той, мереке... Қазақтың өмірі қашан осындай болып еді? Жақында зауыттың бір топ кәсіподақ мүшелерімен әңгімелескенде осындай ой бөлісті. Өйткені, соңғы жылдары осы ұйымды басқарып келеді. Адамдарды ұстамды болуға, қолда барды бағалай білуге шақырды. Барлықтың қадірін біліп бағалау да өнер. Осындай бірлік пен татулықтың арқасында зауыт жұмысшылары мен мамандары арасында бірлік нығайып, береке орын алған. Осы бірлікті баянды ету Сартай Күзембайұлының басты мақсаты.
Адамның жақсы ісіне баға бергенде «бұл бір тұлғалы азамат» дейміз. Осындай биік атаққа біздің кейіпкеріміз де толықтай лайық. Сөзімен емес, берекелі өмірімен, өрнекті ісімен.
Осы жылы мұнайлы қала өзінің жарты ғасырлық мерекесін атап өтпек. Қазақ газ өңдеу зауытының шаңырақ көтергеніне қырық бес жыл. Ұжым қос мерекеге қызу дайындалуда. Қол жеткізген табыстары да аз емес. Барлық жоспарлы тапсырмалар соңғы кездері артығымен орындалып келеді. Сол лектің алғы сапында өмірдің мәні мен мағынасын білетін Сартай сынды азаматтар келеді. Мерекеге мол тарту, жақсы көңіл-күй сыйлайтын алдымен ұжымның осындай ардақты ардагерлері мен озаттары. Жолдарың ашық, жұмыстарың жемісті болсын, зауыт ұжымы!
Закария НАЗАР, Жаңаөзен қаласы