©
Жаңаөзен өңірінде алғашқы газ-мұнай қоры табылған кезден бастап қазіргі күнге дейін мұнайшылардың бірнеше ұрпағының жанкешті еңбегінің арқасында мұнай-газ өндірісі еліміздегі жетекші салаға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы бұл саланы қалыптастырудың бастауында тұрғандардың ерен еңбегін білуі тиіс.
Солардың бірі - Ғазиз Әбдіразақов. Ол 1932 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Жылыой ауданында дүниеге келген. Әкесі, Әбдіразақ Төлендиев – 1903 жылы туған, Гурьев облысы, Жылыой ауданы, Чапаев ұжымшарында қойшы болды. Өте еңбекқор, мінезі біртоға жан 1966 жылы өмірден озды. Анасы Нәбира Ұлқанқызы – 1910 жылы туған, 2000 жылы дүниеден өтті.
Ғазиз әкесінің қасында 1943-1947 жылдары көмекші ретінде бес жылдай қой бағып, еңбек еткен. 1948 жылы төлқұжат алған соң, Батыс Қазақстан бұрғылау басқармасына бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Сол мекемеде жүріп Ұшқан, Биікжал, Қаратон кен орындарын бұрғылауға қатысқан. 1951 жылы бұрғышы болып ауысып, Маңғыстаудағы Түбіжік кен орнын бұрғылау жұмысын атқарады. Сондай-ақ, 1957 жылы Ақшымырау елді мекеніндегі Қызан кен орнын бұрғылауға қатысады. Еңбек тәжірибесін жинақтаған оған 1959 жылы бұрғылау шебері дәрежесі беріледі. Сөйтіп, өзінің бригадасымен Өзен кенорнында еңбек етеді. Ол 1961 жылы бригадасымен Өзен кенорнындағы К-18 алаңында алғашқы мұнай-газ фонтанын ашқан. 1968 жылы бригадасымен Асар кенорнындағы жаңа алаңдағы 2 ұңғымада, 1973 жылы Бұрмашы кенорнындағы 3 ұңғымада мұнай көзін ашқан. 1977 жылға дейін бұрғылау шебері, 1977-1987 жылдары Өзен бұрғылау басқармасында инженер-диспетчер болып еңбек еткен. Сол мекемеден 1987 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
Үкімет оның еңбегін лайықты бағалап, 1966 жылы Ленин орденімен, 1971 жылы «Октябрь революциясы» орденімен, 1999 жылы «Құрмет» орденімен, сондай-ақ, ҚазақКСР-ның Құрмет грамтоларымен, көптеген медальдармен марапаттаған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Валентина Қозыбақова «Ақпарат саласының үздігі» атанды1971-1975 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. 1968-1972 жылдары Кәсіподақтардың бүкілодақтық Орталық кеңесі (КОБОК) мүшесі болған Ғазиз 1993 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның ардагері атағын алған. 2008 жылы «Жаңаөзен қаласына–40 жыл» ескерткіш белгісімен, 2009 жылы «ҚазЭнерго» медалімен марапатталады.
Зайыбы – Жолдыбиек Дәулетқызы екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Сағидолла 1962 жылы туған, жүргізуші болып еңбек етеді. Әбубәкір 1964 жылы туған, бүгінгі таңда жеке кәсіппен айналысады. Ғазиз Әбдіразақов қазіргі таңда 13 немере мен 4 шөбере сүйіп, солардың қызығына бөленіп отырған бақытты қария.
Айда САРТИМБЕТОВА