Мұнайлы ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев аудандағы білім беру ордаларын «Алтын белгімен» бітіруші түлектермен кездесуі болып өтті.
Салтанатты жиынға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары мен аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы мен қызметкерлері, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, аудандық білім бөлімінің басшысы мен қызметкерлері, мектеп басшылары мен бітіруші түлектер, олардың атааналары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында сөз алған аудан басшысы мектеп бітіруші «Алтын белгі» иелеріне жүрекжарды игі тілегін айтып, өмірдің үлкен соқпағына түсіп отырғандарына ақжолтай ниетін білдірді.
– Білім беру – қашан да ата-ананың бала алдындағы қастерлі қарызы, тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызы. Ал білім алу – ертеңінің еңселі болғанын қалайтын қай жанның да жүрекке түйген борышы. Десе де бұл өмірде білімді де, жалынды жасты биікке жетелейтін ұлы құдірет бар. Біздердің, ұстаздар мен ата-аналардың арманы – ұл-қыздарымыздың азамат атанып, туған елдің абыройы ғана емес, күллі адамзаттың ақылойы болғанын көру. Сіздердің, жас түлектердің арманы – мазмұнды да мағыналы болашақ. Ол үшін білім жолында тынымсыз, үздіксіз ізденіс қажет. Бұл – біздің заманымыздың басты талабы. Осыны естен шығармағайсыздар, – деп өнегелік өсетін аудан әкімі жеткізді.
Кешегі өткен мемлекеттік емтихандар бойынша шаңырақ көтергеніне он жылдан асқан ауданымыздан 18 мектеп түлегі кеуделеріне «Алтын белгі» тақса, 42 түлегіміз «Үздік аттестат» иесі атанды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 21 «Алтын белгі» мен 31 «Үздік аттестат» болатын. Биылғы облыс деңгейіндегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданымыздағы Қызылтөбе лицейі жоғары көрсеткішке ие болып, үздік ондықтың қатарынан көрінді. Ең жоғары 132 ұпайды №8 орта мектебінің оқушысы Қаршыға Чапыгова мен №4 орта мектептің оқушысы Дана Ырзабек жинай білді. Мұның бәрі оқушы мен ұстаздың тынымсыз еңбегін көрсетсе керек.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстанда 5 мың адамды түрмеден босатадыМәжіліс залында аудан әкімі өз тарапынан «Алтын белгі» иегерлері мен олардың атааналарына Алғыс хат пен 40 мың теңгелік сыйлық сертификатын табыстады. Атап айтсақ, осындай марапатқа Қызылтөбе лицейінен Азамат Алиев пен Асемай Хайбуллаева ие болса, №1 орта мектебінен Ғазиза Мәдиқызы мен Сумбар Нуриеваға табысталды. Сонымен бірге аталмыш марапат №3 орта мектебінің түлектері Гүлназ Әлімжановаға, Асқар Муханбетовке, Санымай Базарбаеваға, Іңкәр Мұханбетке, №5 орта мектептің түлектері Аружан Ербосынға, Нұршат Қалдыбайға, №6 орта мектептің түлектері Загипа Кулбаеваға, Үміт Жалғасоваға, №7 орта мектептің түлектері Шынарай Рзакуловаға, Думан Кондыбайға, Нуржамал Сагнаеваға, №9 орта мектептің түлегі Ибрахим Даулетбаевқа және №10 орта мектептің түлектері Турсынай Ибадуллаеваға, Гулжайна Кенесоваға берілді.
Аудан басшысының марапатына ие болған «Алтын белгі» иегерлері атынан Баянды ауылындағы №3 орта мектептің түлегі Асқар Муханбетов сөзге шығып, өзінің қадірлі ата-аналарына, аяулы ұстаздарына және аудан әкімдігінің ұйымдастырып отырған игі шарасына замандастары атынан алғысын жеткізді. Ата-аналар да жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Аудан мектептері соңғы жылдары ҰБТ көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда келеді. Биыл ауданымыздың орташа көрсеткіші 76,6 ұпай болса, өткен жылы 80 ұпайды құраған болатын. Биыл аудан бойынша барлық мектеп бітіруші 767 болса, оның 719-ы күндізгі мектепті бітірді. Сәуір айында түлектердің 549-ы ҰБТ тапсыруға тілек білдірген еді. Соның 547-і ҰБТ-ға қатысты. 21 маусымда 523, ал 23 маусымда 24 мектеп бітіруші ҰБТ тапсырып, қорытындысы бойынша барлық қатысушының 461-і (84,3 пайызы) жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 449 бітіруші болып, 87,5 пайызды құрағанды. Ал 100 және 100-ден жоғары ұпайды 90 оқушы жинай білді. Өткен жылы мемлекеттік грантқа 205 түлек түскен еді.
Биыл аудан мектептері оқу жылын 28168 оқушымен, солардың ішінде 1-11 сыныптарды 25643 оқушы және даярлық топтарды 2525 баламен аяқтады. Білім беру ордаларындағы жетістіктерге көңіл толады. Оған жоғарыда келтірген мысалдар толық дәлел бола алады. Алайда жеткен жетістікті одан әрі баянды ету білім беру ұяларындағы ұстаздардың басты міндеті. Сапалы білім, саналы тәрбие беру жұмысын келешекте де жандандыра беру жағын аудан басшысы салтанатты жиында тағы да бір рет тілге тиек етіп өтті.
Сөз соңында кеудесіне «Алтын белгі» таққан түлектерге айтарымыз, өмірден лайықты орындарыңызды тауып, тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтататын азамат болуларыңызға ниеттеспіз.
Д. ХАНСҰЛТАН