Боранбаев Сәнжан Өтеғалиұлы 1936 жылы 24 мамырда Гурьев облысы, Топайлы ауылында дүниеге келген. Әкесі Өтеғали Боранбаев Атырау облысы Балықшы ауылындағы балық комбинатында жұмыс істеп жүріп қайтыс болған. Анасы үй шаруашылығымен айналысқан. Ағасы Халидолла Карпеков жас кезінен еңбекке араласып, Шымкенттегі таукен институтын бітіріп, жолдамамен Форт-Шевченко қаласындағы тас кесетін құрылыс мекемесіне бас инженер болып келеді. Сонда үш жылдай жұмыс істеп, Гурьевке отбасымен қайтып кетеді. Ал Сәнжан Гурьев пединститутының физика-математика факультетін бітіріп, Форт-Шевченконың Аташ поселкесіндегі Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Жас маман 1961 жылы Түпқараған жеріндегі ХХ партсъезд атындағы совхозда 10 жылдық мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып жіберіледі. Сол жылы Гурьев қаласындағы пединститутының тарих-қоғамтану факультетінде сырттай оқитын Нұрсұлу Дүйсенбаевамен отбасын құрады.
1962 жылы Маңғыстауда мұнай мен газ іздестіріліп жатқан Қызылсай мекенінде бұрғышылардың балаларына мектеп ашылып, Сәкең сол мектепке басшылық қызметке бекітіледі. Атыраулық бұрғышы Нәсіпқали Алмағанбетов пен бұрғышылардың 7-8 баласын жер үйде оқытып отырған жолдасы Жұмажан Аккулиева үйін паналайды. Екі айдан соң бұрғылаушылардың жатақханасынан жеке бір бөлмеге қолдары жетті. Өзен геологиялық барлау экспедициясы басшылығы жұмысшыларының үш жатақханасын мектеп ашу үшін босатып берді.
Сәнжан маңындағы колхоздарға, совхоздарға, Сенекке, Бекдашқа, 300 км жердегі Форт-Шевченкоға шапқылап жүріп, ескі болса да парта, тақта, оқу құралдарын тасыды. Жол жоқ. Қара мәшінмен шаңдатып бірнеше күн жүріп, қажетті заттарды жеткізіп, жаздай мектеп ашудың қамымен жүрді.
Зейнеткер Мейрам Қожыров оқулыққа байланысты бір сапарын былай деп еске алады:
– Мен шофермын, директор Сәнжан Боранбаевтың жұбайы Нұрсұлу апайға жиен болып келетінмін, содан аралас, құраласпыз. Бір күні, Сәкен Бекдашыға барып келейік деп бұйым салды. Шаруасы – оқулық кітап іздеу. Қинала-қинала келістім. Қиналғаным, ол жақтың жолын білмеймін. Әйтеуір, Өзеннен 240 километр жерде, теңіз жағасында екенін естігенмін. «Майсуыңды молынан қамда. Қане тарттық. Теңіз жағалай берсек табармыз. Әйтеуір осы беттегі жағалауда ғой», – дейді ер көңіл Сәкең.
Содан тартып кеттік. Азанда ерте шыққаннан кешке зорға жеттікау. Қазақ орта мектебіне келіп, жағдайымызды айтып едік, ондағылар шетінен бір мың болғырлар екен. Қолдағы барларын берді. Дүкендегі барды сірә алдық қой. Кей мұғалімдер тіпті үйлеріндегісін де әкеліп қоржынымызға тоғытты. Красноводскідегі мектептермен телефон арқылы хабарласып, ол жақтағы барды да алатын болып келістік. Көзін кадр тескен Сәкең мұғалімдерді бізге келің деп үгіттеп жатыр. Солай ол сапарымыз олжалы болды.
Көрші Маңғыстау ауданынан да оқулық ізделген сапарлар есімізде, деп жазады жазушы Әбілқайыр Спанов «Алып осылай ашылды» атты кітабында.
«Сөйтіп жүріп, мектепті жаңа оқу жылына әзір қылып, мұнайшы балаларын алғашқы оқуға қабылдады. Қазіргі Қызылсайдағы Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 орта мектебінің негізі осылай қаланған еді. Мұғалімдер де жанжақтан келді. Бәйімбет Қойлыбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих сабағынан, Шарқат Шәкенова – бас тауыш мұғалімі, Молдаш Сәрсенбаев – бастауыш мұғалімі, Қалмұратов ағай – еңбек сабағынан, Жаңағұл Мәмбетбаев – математикадан берді.
1963 жылы Оразғали Оңғарбаев – қазақ тілі, әдебиет пәні мұғалімі, Жәңгір Смағұлов – тарихшы, Нұрбереген Кемалиев – физик, Ербақы Байбазар орыс тілі пәнінің мұғалімі болып келді, кейіннен бұл жас мамандар қатарына математик-домбырашы Шәріп Төлендиев қосылды.
Сәнжан Гурьевтен мандалин, бірнеше домбыра әкеліп, шағын оркестр құрды. Өзі де мандалинде, домбырада ойнайтын. Геолог Сайлау Жылқайдаров көркем өнерпаздар ұйымының мүшесі болып, бәрі ауыл тұрғындарына концерт ұйымдастырып, көрші Сенек колхозына барып концерт қойып жүрді. Қызылсайда геолог Сайлау Жылқайдаров, Сайын Назарбеков, Жаңағұл Мәмбетбаев, Оразғали Оңғарбаев бұрғылаушылардың тар клубында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесасын қойды. Тұрғындар киімкешек, ұсақ-түйек, үнді шайын алуға Шевченко (Ақтау) қаласына қара мәшінмен биік тау шатқалы арқылы барады. Қарақиядан өтерде көліктен түсіп, жаяу жүріп өтеміз, өйткені таудан төмен түскенде мәшінде отыру қауіпті.
Сәнжанның зайыбы Нұрсұлу апай: «Шевченко қалалық партия комитетінің пленум мүшесі едім, пленум жиналыстарына Шевченко қаласына осы қиын да ауыр жолмен барамыз. Ол кезде қазіргі Жаңаөзен қаласының орны әлі белгіленбеген. Жолда, Қызылсайдан өте бере, газ атқылап тұрған биік трубаларды көреміз. Сонда осы арадан «Газгородок» салынады дегенді еститінбіз. 1964 жылы қала салынатын болып алғашқы қазық қағылды. Қазіргі 1 шағынауданның базар жағында тас үйлер салына бастады, – деп еске алады.
Сөйтіп, 1968 жылы 21 қазанда Қазақ ҚСР Жоғары Кеңесінің Жарлығымен жұмысшы поселкесі Жаңаөзен қаласы құрылды. Биыл ашылғанына 50 жыл толып отырған Жаңаөзендегі қара шаңырақ білім ордасы, кейін Төлесін Әлиевтің аты берілген №1 орта мектептің іргетасын өз қолымен қаласты.
Ол тұста алғашқы мектептің оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындалған Сәнжан жанұясымен қалаға қоныс аударған болатын. Мектеп директоры атақты мұнайшы, жазушы Рахмет Өтесіновтің зайыбы Сақыш Қарабалина және Лайық Өтесінова, Қатша Ибраимова, Құндыз Изимова, Дина Базарбаева, Нұрсұлу Дүйсенбаева, Шұға Салихова, Мария Жүнісова, Мария Оразғалиева, Танзила Ахметова, Шолпан Алдақова – мектептің алғашқы мұғалімдері еді.
Сыртқы құрылысы біткенмен мектептің ішкі сылақ, сырлау жұмыстарының толық бітпеген жерлерін мұғалімдер өз қолдарына алып, сабақ басталғанша бітірді. Жаңа ғимараттың кластарын мұғалімдер өз қолдарымен сырлап, ақтап алды. 1967-68 оқу жылында осы мектептен он шақты оқушысы бар бір 10 орыс сыныбы, бір қазақ сыныбы бітіріп шықты. Мұнда бүкіл Теңге ауылының оқушылары келіп оқыды. Әр сыныпта алғашқы жылдары 38-40 баладан оқыды. 1968–1976 жыл дары Сәнжан №1 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып, сонымен қатар математика пәнінен, сызудан жоғары кластарға сабақ бере жүріп, 1976 жылдан бастап сол мектептің директоры болып тағайындалды.
1978 жылы қаладағы мектеп тердің 9, 10 сыныптарына арналған мамандық беретін мектепаралық оқуөндірістік комбинаты ашылып, Сәнжан осында екі жыл оқу ісінің меңгерушісі, кейін 2004 жылға дейін 24 жыл бойы директоры болып жұмыс істеді. Комбинатта оқушыларды мұнай өндірісіне қажетті оператор, жүргізуші, аспазшы, тігінші мамандықтарына дайындады. Олар оқу бітіргесін осы мамандықтар бойынша өндіріске жұмысқа орналасып жатты. 2004 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін, сол комбинаттың оқу әдіскері болып өмірінің соңына дейін, яғни 2006 жылдың қазан айының басына дейін істеді. Ол 46 жыл бойы білім саласына сіңірген, халық ағарту ісіндегі еңбегінің арқасында көптеген марапатқа ие болды.
Жаңаөзен қаласының мәслихат сессиясы шешімімен қаладағы «Өркен» шағынауданының 25-үйінен басталып, Н.Марабаев атындағы даңғылмен түйісетін көше, ұстаздардың ұстазы, ардагер азамат Сәнжан Боранбаевтың атымен аталады.
Сәнжанның осындай ерлік істері кезінде оның жанында әрдайым сүйікті жары Нұрсұлу бірге болды. Сол қиындықтың бәрін бірге көтерісіп, қалқадірі жеткенше бірге атқарысты. Мамандығы педагог Нұрсұлу қазір де жасының ұлғайғанына қарамастан, педагогтік ісін жалғастырып, ұрпақ тәрбиесінен қалмай жүр.
Нұрсұлу Дүйсенбаева бірнеше рет тарих, қоғамтану олимпиадаларына қатысып, жүлделі орын алды. Облыстық педагогикалық оқуларда (педчтениелерде) баяндама жасады. Әр бес жыл сайын білімін жетілдіру курсында оқып, 14-санатқа ие болып, 2014 жылға дейін істеді. Жанұяда 5 баланың анасы. Балаларының барлығы жоғары білімді, өндірісте еңбек етіп жүр.
Ұлы орыс жазушысы Л.Н.Толстой «Мұғалім өнбойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана, ол – ұстаз» деген екен. Қиын да, қызығы да мол ұштасып жатқан істі әр балаға жеткізу, оларды білімді, білікті етіп, жанжақты тәрбиелеу – әрбір ұстаздың парызы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ел сүйсінер ердің ісі көпке үлгіНұрсұлудың қолынан білім алып, республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген түлектері көп. Олар – мұнайшы, дәрігер, мұғалім т.б. мамандық иелері. Оның алтын, күміс медальмен бітірген шәкірттері Есенжанов Әділбек Жетпісбайұлы Москвадағы Губкин атындағы институтты бітіріп, Құлсарыдағы Мұнай кәсіпорындарында жауапты қызмет атқарды. Майра Айтқұлова Алматыдағы мединститутты бітіріп, Ақтауда жұмыс істейді. Нүркен Алматыда политехникалық институтты бітіріп, мұнай саласында жұмыс істейді, ел азаматы. Гүлбақыт Дәуленбаева, Орынша Есенғалиева, Ерке Телегенова, Маржан Нұрланова Ақтауда дәрігер болып еңбек етуде. Жұмазия Есенғалиева, Гүлжан Са бырбаева, Қайрат Сабырбаев, Ақбике Ағисова, Нәсіпгүл Тасқынбаева, Майра Шалабаева еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып, мұнайшы, құрылысшы, дәрігер болып істейді. Мектеп ұжымының сол кездегі қол жеткен табыстары еске түскенде мақтаныш сезімі билейді.
Нұрсұлу апайдың 50 жылға жуық еткен педагогикалық еңбектері әр кезде лайықты бағаланды. Облыс, республика деңгейіндегі түрлі марапаттан құр қалған жоқ. Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Ғылым және білім министрінің құрмет белгісі, «Астанаға – 10 жыл», «Еңбек ардагері», «Жаңаөзен қаласының 40 жылдығы», «Маңғыстау мұнайына 50 жыл», «Маңғыстау облысының 40 жылдығы» төсбелгілерінің иегері.
Иә, бүгінгі құлпырған Жаңаөзен қаласына 50 жыл толып отырғанда, бұл даңқты істе марқұм болып кеткен Сәнжан Боранбаев пен оның жан жары, әлі қатардан қалмай жүрген Нұрсұлудың да қолтаңбасы өшпестей болып қалды.
Ж.АЙДАРБАЕВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы