©
Мұнай саласында қызмет көрсетуші компаниялар жыл санап үлкен шығындарға ұшырап келеді. Бұған әлемдік нарықтағы мұнай дағдарысымен қатар еңбек күшінің тым артықтығы, бейінді емес және рентабельді емес қызмет түрлері де әсерін тигізуде. Мұнайсервис компанияларының шығындары соңғы жылдары өсе түскен. Ал қаржылық дотация бұл мәселелерді шешпейтіні анық. Осыған байланысты кешенді шаралар қабылдау қажеттілігі туындады.
ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «5/50» бағдарламасына дейін 4 жыл қатарынан дағдарысқа қарсы түрлі шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, мұнайсервис компанияларында күрделі қаржы жұмсалымы бойынша шығындар оңтайландырылды, өндірістік-әкімшілік шығындар қысқартылды, жаңа персоналдарға мораторий енгізіліп, қосымша жұмыс көлемі қарастырылды. Ұлттық компания тарапынан соңғы 4 жылда шығынды компанияларға 120 млрд. теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек алдағы уақытта тағы 160 млрд. теңге қажет етіледі. Дегенмен жағдайдың бұлай жалғаса беруі мүмкін еместігі де анық. Осыған байланысты 2017 жылдың сәуір айында «5/50» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама бойынша кез келген қызметкер 5 жылдық жалақысының 50% қаржысын алуына болады. Бұл – орта есеппен 7-9 млн. теңге.
«OilConstructionCompany» жұмысшылары «5/50» бағдарламасын тиімді пайдаланып жатыр. Соның бірі – Қосай Жанұзақов 22 жыл тапжылмастан осы мекемеде көлік жүргізген. 1 ай арнайы оқудан өтіп, қазір жұмысын істеп жүр. Бұл таңдауына еш өкінбейді.
Қосай ЖАНҰЗАҚОВ:«Көлік жүргізушісі қызметі тиімсіз болған соң, маған мекеме оқисың ба деп ұсыныс жасады. Мен монтаждаушы оқуына келістім. Жетібай кентінде 1 ай оқу курсын үйретті. Сонда бір ай оқыдым. Қазір монтаждаушымын. Еңбек ақымызды уақытылы беріп тұр. Мекемеге шағымым жоқ».
«5/50» бағдарламасы арқылы 5 жылдық еңбегінің жартысына тең қаражатты алып, кәсіп ашқан, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп алған азаматтар баршылық.
Ноян ЖОЯМЕРГЕН