Өмір тым қысқа. Құстың тұмсығындай. Жиырмадан аттай бере, жиырма беске жеткен соң, отызда орда бұзып, қырық жасқа толғаның – қырдан асып қалғаның.
Менің ойымдағыны атақты Бұқар жырау:
Жиырма деген жасыңыз –
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз –
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз –
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз –
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз –
Қайғылы - мұңлы күн екен,
Сексен деген жасыңыз –
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасыңда –
Ажалдан басқа жоқ екен, - деп әдемі жеткізіпті.
Бірақ... 90 жастан асса да, Алла берген ғұмырды сүріп, бала-шағасының ортасында асқар таудай болып отырған аталар жоқ емес. Адамзат тарихында теңдесі жоқ Ұлы Отан соғысына қатысып, жаумен жағаласқан әскерлердің бірі – Абдулла Утаев. Ол 1922 жылы Түрікменстанның Ташауыз облысында туылған. Балалық шағы сол жақта өткен. Жетімдік пен жоқшылықты көре жүріп жарытып оқи алмайды. Мектеп табалдырығын 17 жаста аттау деген, қазір ойлап отырсаңыз, өте өкінішті. Енді алаңсыз оқып-тоқимынба деп жүргенде соғысқа шақырылады. Сөйтіп, 4 сыныпты бітірмей, соғысқа қамдану жолында Өзбекстанның Хиуа қаласында 4 айлық оқу-жаттығудан өтеді. Кейін Ресейдің Челябі облысына, 2 айдан соң Украинаның астанасы Киевке жіберіледі. 20 жастағы жігіт жаумен алғаш осы шаһарда беттеседі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «7-20-25»: ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАРАбдулла Утаевтың ұлы Нұрланның айтуы бойынша, әкесі елге 1946 жылы оралған. Бұл қалай, соғыс 1945 жылы бітті емеспе дейсіз ғой? Иә, соғыс бітпестен бұрын жауынгер жаумен жұлысамын деп жүріп аяғынан қатты жараланған екен. Дәрігерлер «аяғыңды кестірме, шолақ болып қаласың» деп кеңес айтқан соң, 8 айдай емделіп жатқан. Сөйтіп, жарасы ептеп жазылған соң, бір жағы Жеңіс туының желбірегенін естіп, қатты қуанып 1946 жылы ауылына келсе, мұның қырқын беріп жатқан. Өліп қалды деп ойлап. Себебі, ешқандай хат, хабар келмеген. Жақындары жиналып, жылап-сықтап жүрсе, есік алдына алыстан бір көлік келіп тоқтайды. Ішінен өлді деген Абдулла түсіп келе жатыр дейді, балдақпен. Сөйтіп, өлімнің арты аяқ астынан үлкен тойға айналып кетіпті. Қайғырып жылап жүргендердің көздерінен қуаныш жастары еріксіз төгіле беріпті...
─ Содан бері көз алдымызда. Құдайға шүкір. Кіндігінен 10 бала тарадық. Сегізіміз тіріміз. 4 қыз, 4 ұл, – дейді Нұрлан Абдуллаев.
Қазір Абдулла ата кенже ұлы Аманның қолында, Баянды ауылында тұрып жатыр. Оның 5 баласы осы Маңғыстауда. Бір қызы Ресейде, қалған екі перзентінің қонысы Шымкент жаққа тебіліпті.
Абдулла атаның өзімен тілдесе алмадық. 95 жасты толтырып, 96 жасқа аяқ басқан қарияның жағдайы бұрынғыдай емес. Қалжыраған. Дауысы еміс-еміс естіледі. Шәй-суын ішкенімен, қолтығынан демеп жібермесеңіз, еңкіш тартып, өздігінен тұра алмайды. Кемпірі Күмістен көз жазып қалғанына 12 жылдай болыпты. Ұлдары арбаға отырғызып, келіндері жағдайын жасап жүр.
Әдетте соғыс ардагерлерінің үйіне Жеңіс күні қарсаңында мерекемен құттықтай баратын едік. Бұл жолы Ақтау қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» ҚБ төрағасы Мәтжан Шаулиевтің қолқалауымен бардық.
Абдулла Утаевтың шаңырағына бізбен бірге Мұнайлы аудандық әкімдік, аудандық жастар орталығының мамандары және аталмыш қоғамдық бірлестіктің өкілдері барды. Бұл басқосу «Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасы» ММ-нің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Боевое братство» Ауған соғысы ардегерлері қоғамдық бірлестігінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Жеңіске жақындатқандар» қайырымдылық акциясы бойынша өткізілді.
─ Мұндағы мақсат – «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің мүмкіндіктерін барынша іске асырып, қоғамдағы мұң-мұқтажы бар адамдарға жастардың өз еркімен көмектесуін қалыптастыру үшін және өкілетті органдардың, түрлі ұйымдар мен мекемелердің, іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, халық арасында патриоттық, адамгершілік сезімдерін оятып, әрқашан «Қазақстандық патриотизм» азаматтардың бір-біріне көмектесу керектігін жастарға үлгі ету, - дейді бірлестік төрағасы М.Шаулиев. Жоспарларына сәйкес, облыс бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан 21 ардагердің үйлеріне бармақшы. Мұнайлы ауданының тұрғыны Абдулла Утаев солардың алғашқысы болып отыр. Десек те қоғамдық бірлестік өкілдері бұл үйге талай рет келіп-кетіп жүр. Ағымдағы жылдың өзінде төрт мәрте хабар алысқан.
Жиналғандар ауа райының бет күйдірер ыстықтығына қарамай, ардагердің отбасына бас сұқты. М.Шаулиев ақсақалдың қал-жағдайын сұрап, келгендегі мақсатын түсіндіре келе кеудесіне Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалін тақты және соғыс ардагеріне арнайы дайындалған 120х60 көлеміндегі үлкен портретті сыйға тартты. Көрсетілген сый-құрметке алғысын жеткізген ата, ақ батасын берді.
Әсел ТАҢАТАРОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57724,57727,57726,57725"]