Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі Түпқараған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Ұлы даланың рухани байлығы және дәстүрлі діни сана» тақырыбында форум өткізді. Аудан орталығы Форт-Шевченко қаласындағы мәдениет үйінде болған форумды ашып, жүргізіп отырған қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев осынау шараның өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасудың шынайы қажеттілігінен туындап отырғанын атап айтты.
- Біз бүгінде ақпараттық технология мен ғаламдық саяси-экономикалық-философиялық құндылықтардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп жатырмыз, - деді ол. - Уақыт талабына сай біз де жас мемлекет ретінде сол өзгерістер мен үдерістерге уақытылы жауап қатып, мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қойып, алдын алуымыз заңды. Біз үшін құқықтық талаптар мен бағыт-бағдарымыз айқын болуы қажет. Сондықтан бүгінгі форум барысында зайырлы қоғамдағы дін мен құқықтың өзара байланысы, рухани байлығымыз бен дәстүрлі діни санамызды жетілдіріп, өзара диалог алаңы құрылады деп ойлаймын. Әбу Ханифа мазхабын ұстанған ата-бабаларымыздың дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіре білгенін ұмытпайық. Ұлы даланың тарихына үңіліп қарап, ата-бабамыздың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақылын ескеріп, бір мазхабта болудың артықшылығы —халықтың біртұтастығын сақтайтындығы естен шықпасын. Біздің мемлекетіміз жас мемлекет болғандықтан өзекті мәселелер өте көп, соның ішінде тарихта дінге немқұрайлы қарған мемлекеттер, қанша алып болса да, іргесі сөгіліп, ұзаққа бармағанын ұмытпауымыз керек. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп, ұлттық ой-сананың заманауи дүние талаптарына сай кемелдендіруді атап көрсетті. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты — дін саласындағы зайырлық қағидаттарын алға тарту, керітартпа идеологияға, діни экстремизмге қарсы нольдік төзімділік қалыптастыру, тұрақты конфессияаралық қатынасты нығайту және өзекті дін мәселелері бойынша мамандар пікірін тыңдау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға жаңа серпін беріп, діни санамызды жаңғыртып, қоғам тыныштығын нығайтуға атсалысу.
- Өткен ғасырдың 90-шы жылдары 15 республиканы біріктірген ірі мемлекет құлдырап, одан бөлініп шыққан жаңа әрі жас мемлекет құру оңа шаруа болмаған еді, - деді сөз кезегін алған Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиұлы. - Қиын жағдайларды бастан кештік. Талай қателіктер де болды. Енді ол қиын кезеңдер артта қалды. Сендер, жастар, осы еліміздің патриоты болуларың керек. Ол үшін асқан білім немесе ерекше қабілеттің қажеті жоқ. Ата-анаңды, бауырларыңды, айналаңдағы адамдарды жақсы көріп, құрметтесең, туған жеріңді сүйсең және оның тарихын білсең, болды. Осы Маңғыстау өңіріндегі тарихи ескерткіштердің 50 пайыздайы Түпқараған ауданында. Сол тарихи ескерткіштер орналасқан жерлерге балаларды жиі апарып, туған жер тарихымен таныстыруды тоқтатпаған абзал.
Облысты дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығының директоры Бақтыбай Байталасов қазақ халқына жат діни ағымдардың алдымен жастарды өз қатарына тартып, санасын улайтынын айтты.
- Өйткені жастар — мемлекеттің, елдің болашағы, - деді ол. - Жастар қандай болса, елдің келешегі де сондай болмақ. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты да осы, радикалды теріс ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру.
Өңірімізге белгілі өлкетанушы Алқажан Еділхан Маңғыстау өңіріндегі қасиетті тарихи орындар мен білім ордалары туралы баяндады. Оның айтуынша, шамамен 1700 жылдың бас кезінде Маңғыстау жеріне Назар Қожа бабамыз келген соң халық Ислам дініне шындап бет бұран. Шамамен осы жылдары және бұдан кейін туған балаларға ислами есімдер және «қожа» сөзі тіркелген есімдер қойыла бастаған. Ислам дінінің қанат жаюымен Маңғыстауда білім беру де өркендей түскен. Жастар басқа жақтарға барып, білім алып, туған жерге оралған соң мектеп-медреселер ашып, білім беру саласын дамытқан. Өздері алған білімдері бойынша кітаптар жазып қалдырғандары да аз емес.
Түпқараған аудандық мешітінің бас имамы Жүсіп Опа дін мен дәстүр сабақтастығы жайында әңгімеледі.
- Халқымыздың дәстүрлерінің өзі Ислам дінінің шарттарынан, шариғаттан бастау алған, - деді бас имам. - Дін ұстануға тиым салынған кешегі Кеңес заманында аталарымыз исламды осы дәстүрлер арқылы сақтап қала алды. Ал теріс бағытта жүргендер біздің дәстүрлерімізді жоққа шығарғысы келіп, жастардың басын айналдырмақшы. Халқымыздың басын біріктірген Әбу Ханифа мазхабын да мойындамайды. Араңызда дін жолын қалайтындар бар болса, дінді кез-келген кісіден, кез-келген сайттан іздемей, мешітке келіңдер. Имамдардан сұраңдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтына кіріп, қажет мәліметтерді сол сайттан алыңдар. Сонда адаспайсыңдар.
Танымал дінтанушы Марат Себасов «Руханияттың асыл тіні» тақырыбында әңгіме өрбітті.
- Дін мен дәстүрді үйлестіре алған елдің болашағы жарқын, - деді Марат Бақбергенұлы. - Дін мен дәстүр—егіз ұғым. Пифагордың сөзі бар «мықты заңың болғанша, мықты дәстүрің болсын», деген болатын. Дін мен дәстүрді ұтымды сабақтастыру арқылы ата дінімізді бүгінге дейін жеткізе білген аталарымыздың бірі—Ержан хазрет. Ол кісінің артында хат қалды, ғылым қалды. Мен оқуымды бітіріп келген жылы Төлесін молда өзі Ержан хазреттің сақтап келген кітаптарын беріп, қазақ тіліне аударып, шығаруымды аманаттаған болатын. Кітап етіп шығардым. Ал Ержан хазреттің өзінің қолжазбасы Қабиболла Сыдиықов атамыздың үйінде екен. Соны да тауып, кітап шығарғанбыз. Еліміздің Бас мүфтиінің өзі бұл кітаптың тұсауын кесіп, халқымызға табыстады. Бабалаларымыздың қолымен жазылған ескі діни кітаптарды қазақшаға аударып, жарыққа шығару арқылы жастарды жат ағымға кетуден сақтандыру біздің мақсатымыз.
Бұл бағытта басқа да тындырылып жатқан жұмыстарға тоқталған ол әлдекімдерге еліктеушіліктің жастарға тән мінез екенін айтып өтті.
- Қазір жастардың кейбірі Еуропаға еліктейді. Еуропада адам қызығатындай ештеңе де жоқ. Мен «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Лондон қаласында оқып келдім. Халқының рухани байлығынан айрылып қалған ел екенін өз көзіммен көрдім. Ол елдерден, еуропалықтардан үйренеріміз—кәсіби ғылым ғана. Ал рухани дүниелер өз жерімізде сақтаулы, - деді. М. Себасов.
Ақшұқыр ауылдық мешітінің бас имамы Оспан Абдырханов діни сенімге қажеттіліктің болуы адамның болмысына сай екенін атап өтті.
- Рухани азығын дұрыс таба білген адам Алланың жолынан адаспайды, - деді ол. - Діни сенімнің өрісі кең, оны ұлттық мәселе ретінде қарастыру қажет. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары діни білімді мамандардың тапшылығын пайдаланған әр түрлі діни ұйымдар көбейіп кеткен болатын. Ал қазір, шүкір, ата дініміз толысы келеді. Жастар да көп дінге қызығушылық білдіріп жүрген. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, теріс пиғылды ұйымдардың арбауынан сақтап қалуға тиіспіз. Ертеңімізді ойласақ, тіліміз, дініміз және жеріміз бізге аманат деп білу керек. Біз барлығымыз осы үшін де сұраламыз. Сондықтан баба дінімізді кешегі өткен аталарымыз бізге дәстүр ретінде жалғастырып кетті. Алайда, бүгінде қаптап жүрген діни ағымдар сол дәстүрлерімізді де, мазхабымызды да жоққа шығармақшы. Сондай-ақ олар әскерге барып, Отанын қорғауға да қарсы. Ал шындығында, Отанды сүюдң өзі иманнан. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың хадисі бар «Екі көз тозақтың отына күймейді. Бірі — елдің тыныштығын таңға дейін күзеткен көздер, екіншісі — жалғыз қалғанда Алладан қорқып жылаған көздер» деген. Демек, барлығымыз Отанымызға қызмет етуге, оны қорғауға міндеттіміз. Дінге қатысты мәселелер туындаса, мешіт имамдарынан сұраған дұрыс. Интернеттен қарап алып, өзінше діни үкім шығарып, жауап беру — өте ауыр жағдай, бұл қателікке ұрындыратынын ұмытпаңыздар.
Залда отырған тұрғындар өздерінің тақырыпқа сай қойған сауалдарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Форум соңында «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев Түпқарағанның белгілі ақсақалы Боқан Таңғұловқа шапан жауып, бір топ азаматты діни тұрақтылықты сақтауға, жастарымызды жат ағымдардан арашалап, ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын жалғастыруға қосқан үлестері үшін «Бауырлас жауынгерлер» ҚБ Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Басқосу барысында барлық қатысушыларға деструктивті ағымдардан сақтандыруға бағытталған 200-дей флаер таратылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67998,67995,67997,67996,67994"]