Адамдар жерұйықтай жайлы өмірді іздейді. Жайлылықты тудыру үшін өзіне жайлы мекен таңдап, өз қалауынша өмір сүреді. Жақсылыққа ұмтылып, жайлылықты қалаған жан жан-жағын гүлдендіріп, өзі шаңырағын тіктейді. Баспанасын безендіріп, сәнін келтіреді.
Әулетінің сәулетін сәндейді, қала берді, өзі туған жерге де бұл еңбегінен бұйыртып, әр тасын сөйлетеді. Бұл – құрылысшы мен сәулетшіге қатысты әңгіме. Бір сызғыш пен циркульдің тілін тауып, ақ қағазда қаланы қиялмен жорыған бұл сәулетші деген қауымның да шеберлігі шын өнер. Даланың қала болуы, қаланың нағыз қала болуы да бұл кісілердің еңбегі. Екі тасты қосып, қызыл балшықты илеп, менің інім де, сіздің әкеңіз де құрылыс сала алуы мүмкін. Оның қалай құралып, қалай сап түзейтінін осы мамандық атаулысы ғана қаланбай жатып, елестете алады. Сондықтан талай тарихтың қатпарлы сырын бүккен сәулетші деген халықтың да кейіпкерлерін дәріптеуіміз керек. Су үстіне қала салып, Венецияны Италиядан даралатқан да осы мамандық иелері. Кезінде тарихтағы әлемнің аты шулы қаласы болған Сарайшықтың сәулеті де қандай еді?! Орта ғасырларда қазақтың ордасы болған бұл сәулетті қаланы қазақтар салды, әлемге әйгіледі. Осыдан келіп қазақта сәулет өнері жоқ деп көріңізші. Сәулетшіліктің қанымыз да барын біздің айдардың бүгінгі қонағы, «Құрметті сәулетші» атағын алған Жамаладин Есбергеновтың өмір жолын оқып отырып, таныса аласыздар.
Сонау 1948 жылдың 13 шілдесінде осыдан аттай 70 жыл бұрын Ақкетік деген Маңғыстаудың қара шаңырағында Жаңай руы Есберген әулетінде Жамаладин атты ұл жөргекке оранған болатын. Ата-анасының арманы мен үкілеген үмітін артқан ұл анасына тартқан аққұба өңді, келісті, келбетті болып ержетеді. Қала тарихында ғана емес, еліміздің тарихында елеулі орын алатын тарихи тұлғалар Жалау Мыңбаев сынды қоғам қайраткері, Шоқыр Бөлтекұлы сынды тұңғыш боксшы тәрбиеленіп шыққан Маңғыстаудағы тұңғыш білім ордасы С.М.Киров атындағы орта мектептен тәлім алады. 1955-1965 жылдар аралығында мектеп қабырғасында оқып жүріп, ол өзінің математикаға жүйріктігімен, жазу мен сызуға шеберлігімен танылады. Бұл жөнінде ұстазы Батыр Тәңірбергенов өз естелігінде айтқан болатын. Сурет салу, сызу дегенді жаны сүйетін Жамаладин Есбергеновтың болашаққа бағдары сол тұста-ақ аңғарылып қойған болатын. Оның сәулетші болуына өзі алғашқы сынып табалдырығын аттаған Көк мектептің де ерекше құрылысы мен сәулеті әсер етсе керек. Ауызекі тілде «Көкшкол» деп аталып кеткен білім ордасының көп тарихтың бүкпесі, сан сырдың иесі екенін бүгінде бәрі аңыз етіп айтады. Бәлкім Жамаладин Есбергеновтың сәулетші, құрылысшы болуы бала елесінде қалған қиялдан болар.
Еңбекке де ерте араласқан ол 1965-1966 жылдары аралығында Қарақияда қызмет етіп жүріп, Құрық кентіндегі кешкі жұмысшы жастар орта мектебін бітіреді. Қолына орта білімі туралы құжатын алғаннан өзі армандаған мамандығын игеру үшін Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының инженер-құрылыс факультетіне жоғары білім алуға аттанады. Манжетті көйлек, кала-кала шалбар киіп, толқынды шашты қайырған жігіттің нағыз жастық отын жандырған осы жылдардағы студенттік шақтағы әдемі суреттері бізге үнемі көктемді еске салып отырады. Топпен шуылдасып жүріп, емен-жарқын, арқа-жарқа ән мен күйге бөленіп, өнердің рухымен күш жиған осы кездің қыз-жігіттері шетінен білімді, өнерлі, өнегелі бүгінгінің аға буыны болатын. Оның ішінде біздің кейіпкеріміз де бар. Оқуын оқып жүріп, сол қалада болашақ жарын да кездестіреді. 1966-1971 жылдары аралығында студенттік көктеммен келген әдемі махаббат сезімі Жүрсінгүл сынды бойжеткенмен табыстырады. Адалдықты ар туындай биік қойған сол кездің жастары серттескен күннен бастап қол ұстасып, ата- ана, ата-ене сынды кезеңдерден өтіп, бүгінде ата-әже болып шаңырақ төрінде отыр. Шаңырақ көтеріп, дүниеге ұрпақ әкелу-саналы азаматтың бұл өмірге келгендегі басты парызы.
Қашан да жоғарғы білімді маман сұранысқа ие. Ол өзінің өмірден де, қызметтен де орнын тауып, өз бағасын алып отырады. Бұл сөзімізге де біздің бүгінгі кейіпкеріміз толықтай айғақ бола алады. Баутин балық консервілеу комбинатында құрылысшы-инженер қызметінен бастап, шебер, прораб, аға инженер сияқты қызметтерде сатылап өсіп, қаланың бас сәулетшісі, қалалық құрылыс комитеті төрағасы қызметтерін де абыроймен атқарды. Бүгінде күн санап дамып, өсіп, өркендеп келе жатқан Форт-Шевченко қаласының бас жоспары да Жамаладин ағайдың ұйқысыз сызған сызбалары мен шам жарығымен түсірген әрбір сәуле нүктелерінен біріккен, идеяларымен суарылған үлкен туындысы болатын. Оны Алматы қаласындағы коллегия алдында қорғап, алып шығып, қаланың даму жоспарының негізі еткен болатын. Әлбетте сөз тудырған ақын да, сазын жазған композитор да, майлы бояуды сөйлеткен суретші де өзінің авторлық құқығын танытады. Біздің қаланың сәулетінің авторы алдарыңызда. Мархаббат әрі қошемет! Ол – қаладағы саябақтағы ҰОС жылдары қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық кешеннің авторы. Күні кеше 20 жылдығын атап өткен Каспий теңізінде мұнай-газ барлау жұмыстарының басталуына байланысты теңіз операцияларын қолдау, Баутин базасының құрылысын жасақтауға атсалысқандар құрамында. Кейіннен 2002 жылы қаланың өсуіне байланысты жаңару мен түлеген түбектегі қара шаңырақтың бас жоспарын қайта жасақтап шығады. 1979-2009 жылдар аралығындағы аттай 30 жыл ішінде аудандағы әрбір құрылыста қолтаңбасы қалды. Кейін де бұл жұмыстан қол үзіп қалған жоқ. «Архстройпроект», «Жобалау» ЛТД сынды мекемелерде сәулетші әрі директор кеңесшісі болып қызмет етеді. Қоғамдық жұмыстарда да бой көрсетіп жүретін ол Саназар атаның 250 жылдығын атап өту барысында ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып, аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізеді. Жаңай атаның ұрпақтарымен жасалған жұмыстарды да ұйымдастыру осы кісінің қабілетімен өткізілген болатын. Күні кеше жарық көрген Есбол Өмірбаев мектебінің тарихын таразылаған үлкен еңбек – «Мәуелі бәйтерек» кітабында ізім-қайым жоғалған ақ мектептің ойша сұлбасын сызбамен тірілткен де осы кісі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудағы алғашқы ұстаз«Адам бұл фәниде қанша өмір сүрсе де өзінің еліне, жеріне, ұлтына, жұртына жасаған еңбегімен еленеді. Қоғамға қосқан үлесімен өлшенеді», - деп өзі толғағандай, оның өзіндік бағасын халқы берді. Түпқараған ауданының қалыптасуына және дамуына қосқан қажырлы еңбегі үшін Жамаладин Есбергенов «ҚР Құрметті сәулетшісі» төсбелгісімен, ҚР Құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, мерекелік түрлі ескерткіш-төсбелгілермен марапатталған.
Ақкетікті Атырауындай сүйетін ақын апамыз Фариза Оңғарсынова Ақкетікке бір сапарында «Ақкетік» атты жыр жазып, оны «Ақкетік арайы» газетіне кейіннен хатпен жолдаған болатын:
Маңғыстауға барасың ба? Ақкетікті сұрап қара. Хазар-теңіз жағасында Бар осындай жұмақ қала, - деген еді. Сол жұмақ қаланың жұмыр жердегі ерекше сәулеті де Жамаладин ағайдың қиялынан, сызбадағы сұлбасынан туған. Ел дүркіретіп өткізген көне қала – Ақкетіктің 150 жылдық дүбірлі тойы естеріңізде болар. Қошқар мүйіз іспетті қаз-қатар тігілген киіз үйлер салтанаты сән құрған-ды. Бұл да Жамаладин ағайдың жан жүрегінен шыққан ұлттық танымымен тізілген жобасы болатын.
«Жігіттің жақсысын жолдасына қарап танитын» көреген қазақтың ұрпағымыз. Оның Қазақстанда тұңғыш квартет құрып, гастрөлмен Үнді, Жапон, Франция, Америка секілді шетелдердің басты қалаларында өнер көрсеткен марқұм Кенжебай Андербаев, журналист, күйші, марқұм Тілеумұрат Қожабеков, облыс мәдениетінің майталманы Нұрнияз Мұханов, журналист Ағлен Таласпаева сынды бір топ өз ісінің шеберлері мен сәулетші, құрылысшы мықтылардан құралған жора-жолдастары бар. Жамаладин Есбергенов – жау да алмас, дау да алмас азамат.
Жақсы азаматтың тағы бір жақсы мерейін тасытатын – оның жары. Жанына жақсылық сыйлап, отбасына шырақ болып жағылған Жүрсінгүл анамыз жарының жанына жалауы бола білді. Ұстаздық мамандықты серік еткен, қос қолымен тігіннен иненің жібін түйіп, түрлі киімдер тіккен Жүрсінгүл апамыз екеуі үлгілі отбасы, берекелі шаңырақ ретінде көпке белгілі. Ауласын гүл мен егінге толтырып, елдің алды болып баялды (баклажан) егіп, бұрыш өсірген, мал бағып, қаймақ алған да осы отбасы болды. Қос қабатты үйдің қос қанатын, әр қабатын бақ пен дәулетке толтырып, нарық сыйлаған кәсіпкерлік деген ұғымды да ауылымызға алдымен әкелген осы отбасы.
Екі ұл, екі қызға ата-ана болу бақытын бұйыртты. Ақ пен қара қатар жүретін қатал тағдыр өздігін демей қоя ма?!
Тұңғышы Асқарын Отан алдындағы борышын өтеп, енді болашаққа бағыт алған шағында ажал аждаһасы арадан алып кете барды. Құдайға қарсы шықпасын білетін, қайыспас қара нардай әке қиындықты көтеруге тура келді. Бүгінде ұрпақ жалғап, немере сүйдіріп отырған Нұрланы мен Инжергүлінен Дариядай желкілдеген қыз, алтын асықтай 4 ұл бар. Айгүлі мен әкесінің еркесі Нұргүл де құтты орындарына қонған, өрістерін кеңейтіп, құдандалы қылып, жиен сыйлап отырған бір-бір ауылдың отаналары.
«Саназар атаның 250 жылдығы» кезіндегі қоржынында туған елінің саф тарихын аялап, Кетігінің жүрегі бола білген, ұлы азаматтық арымен ел-жұртының тірегі болған сіздей ағамыздың барына біз мақтан тұтамыз. «Туған жер алдында оның әрбір перзенті ұлық та, биік те болып көрген емес» деген қағиданы берік ұстанған абзал ағамыздың биік болмысы ата алдындағы, халық алдындағы жүктелген перзенттік міндетіңізді атқарған дарабоз тұлғаңыз бізге «бойтұмардай» мақтаныш сезімін оятты. «Бүкіл қазақ еліне рухани серпіліс, бойына дәру сыйлаған Санекем атаның есімінің жаңғыруына қосқан үлесіңіз бір төбе...» деп «Саназар ата» қоғамдық қайырымдылық қоры Жамаладин Есбергеновке алғыс білдіріп, баға берген болатын. Біз де бұл биік бағадан асып кете алмаймыз.
Милана ӘМИНҚЫЗЫ