©
Адамзат тарихындағы ұлы тұлғалар: пайғамбарлар мен данышпандар, жазушылар мен батырлар, әртүрлі өнердің ұшар биігінде өмір сүрген интеллектуалды, кемелденген аз ғана шоғыр булығу уақытында дүниеге келді.
Азғындық пайғамбарларды, қиянат пен көз жасы батыр баһадүрлерді, сауатсыздық ақын жазушыларды тудырды. Президенттің «Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді» деуі де осыған нұсқаса керек. Демек адамзат прогресінің түп негізі – мұқтаждық. Бұл – мұқтаждық адамзат баласын хайуандық дәре жеге түсірмей тұрған ұлы құндылық. Мұқтаждық ешқашан да жойылған емес. Керісінше осы мұқтаждық арқасында ұлы идеялар ұлы дала төсінде бірінен соң бірі туып отырды. Уақыт кеңістікке шеру тартты.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты Президент мақаласы қыр үстінде көк сүңгісін көлденең ұстап, атамекенді қанаттының қағуынан, тұмсықтының шоқуынан қорғап өткен ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының жаңғыруына мүмкіндік береді деп есептеуге толық негіз бар.
Жеті санының қазақ халқы үшін үлкен символикалық мәні бар екені белгілі. Жердің өлшеуіші, аспанның тіреуі, тастың тамыры, тасбақаның талағы, жаратушының туысы, аққудың сүті мен жылқының өті жоқтығын жаттап өскен бізге жеті саны өз философиялық негізін кейін келе жеті жұт, жеті ата, жеті қат көк, жеті шәріп, жеті амал, жеті қазына, жеті күнімен толықтыра түсті. Мұның барлығы да – өскелең қазақ ұрпағының бойынан табылуға тиіс ұлы құндылықтардың бір парасы. Бұл тізімді әлбетте мұнан әрмен толықтыруға болады. Өткенге құрмет, тамырыңды тану, түптеп келгенде рухани азық ешқашан да аз болмақ емес. Осынау «жетілер» қатарына түркі жұртының, оның ішінде қазақ халқының әлемге жасаған ықпалы мен адамзат дамуына қосқан үлестерін санамалайтын Президенттің «...жеті қырын» да жатқызуымыз керек.
Иә, түркілер жылқыны алғаш қолға үйреткен халық ретінде адамзат баласына соның құрамдас компоненттері іспетті шалбар киюді, ат үстінде садақ тартуды, сауыт киюді, ертұрман мен үзеңгіні ойлап тапқандығы айтылып та, жазылып та жүр. Алайда бұл мақаланың ең ұтымды тұсы, ұрпаққа керекті тұсы әсте аң стилін, алтын адамды, жібек жолын не алма мен қызғалдақты мадақтауда емес. Бұл тұс осыған дейін тарихи сананы жаңғыртудағы көтерілген мәселелерді бірнеше ірі жобалар арқылы іске асыру. Президент өз мақаласында еліміздің тарих жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасының сәтті іске асқандығын айтып өтеді. Расымен де аз уақыт ішінде жарық көріп, көпшілік оқырман қауымның кең қолдануына мүмкіндік берген «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі», 100 том «Бабалар сөзі», 100 том «Әлем әдебиеті кітапханасы», Сырым Датұлы көтерілісінен Желтоқсан көтерілісіне дейінгі оқиғалардың шежіресін қамтыған 21 том «Қазақ ұлтазаттық қозғалысы» сериялары, 20 том «Әлемдік мәдениеттану ойсанасы» мен «Әлемдік философиялық мұра» кітаптары тарихты тануға, әлем мәдениеті мен әдебиетіне көзімізді кеңірек жіберуімізге сеп болды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив–2025» жобасы да дәл осы бағыт пен ұстында қызмет қылса, ұтарымыз көп. Әр мемлекеттің мұрағаттарында жатқан жылнамалардағы қазақ тарихы туралы деректемелер өз тілімізде көрініс тауып, ғылыми айналымға енсе, нұр үстіне нұр. Ұлт тарихын санаға сіңірудің бастапқы баспалдақтары да осы.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» аталатын тақырыпшада көтерілетін мәселе де – кезек күттірмейтін іс. Бұл іс алдымен әл-Фараби, Яссауи, Қорқыт, Абай, Шәкәрім шығармаларын әлемдік әдебиет нарығына сапалы аударма арқылы қосу ісінен басталуға тиіс. «Абайды әлем таниды» дейтін жалаң ұрандарымыздың туы жығылып, қабырғасы сөгіліп тынды. Әлемнің түкпір-түкпірінде оқитын, қызмет қылатын интеллектуалды жастар сол тілдердегі Абай аудармаларының соншалықты сапасыз аударылғандығын айтып келеді. Демек, «Ұлы дала тұлғалары» сериясын әлемге алдымен өмірбаяндық галерея арқылы емес, туындылар арқылы танытуға тиіспіз ғой деп ойлаймыз. Себебі өткен мыңжылдықтар қойнауында әлемге ықпал ете алған өркениетті ұлттың мәдени, әдеби тұрғыдан да санаға сәуле түсірерлік, адамзатты рухани кемелдендірерлік байлығы бар екендігін көрсетуіміз керек. Бұл тұста Елбасы сөзіндегідей: «Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр».
Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған Елбасы бастамалары да, түркі халқын ортақтастыруға бағытталған «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы да, «Бабалар сөзі» көптомдықтарының жалғасы іспетті. «Дала фольклорының антологиясы» да, «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың мың әні» серияларының жалғасы іспетті. «Ұлы даланың көне сарындары» жинағы да – халыққа рухани азық, болашаққа үзілмес үміт, дәт-қуат сыйлайтын жобалар.
Бізді аса қуантқаны - осындай ірі жалпыұлттық жобаларға тек қазақстандық зерттеушіғалым мамандарды ғана емес, Елбасының шетелдік әйгілі ғалымдарды да шақыруға үндеуі. Шартарапқа танытуға тырысу үшін қызмет қылуға шақыруы. Олай дейтініміз, «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тақырыпшасында Президент халық тарихын көрсететін фильмдерді көбірек шығаруға, түсіруге тапсырма берді. Бұл тапсырманың ресми һәм бейресми түрде «Қазақфильм» киностудиясы мен «Қазақстан» ұлттық арнасының тарапынан орындалып жатқандығына біршама уақыттар болды. «Құнанбай», «Жаужүрек мың бала», «Аманат», «Алмас қылыш», «Біржан сал», «Тар заман», «Әміре» фильмдері – осы сөзіміздің дәлелі. Алайда бұл көрсе тілімдер айналдырған қазақ жұртының өзін қамти алмай отыр, жыртығын жамауға әл-қауқары жетпей отыр. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, түркі тарихынан сыр шертетін «Ертұғрыл» сынды телехикая түсіре алмай келеміз. Осы тұста кино өнеріндегі һәм кино сауда нарығындағы тәжірибелі мамандардың керектігі көзге оттай басылады.
Біздің әзірге айтпағымыз осы.Еділбек ДҮЙСЕН