Құрықта ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ауылішілік спорттық сайыстар өтті.
Бұл сайыс мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген қызығу шылығын арттырып, денсаулықтары нашар және ерекше көмек пен қамқорлықты қажет ететін жандардың мәселелеріне көңіл бөлудің бірден-бір айғағы. Сайысқа ауыл әкімінің орынбасары Ертай Құдайсүгіров, «Жігер» мүгедектер спорт клубының жетекшісі Қонысбай Тлеуов және Құрық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әдіскері Күмісай Мұратова мен спорт мектебінің жетекшілері қатысты. Жарыстың ашылуында сөз алған Е.Құдайсүгіров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсатын түсіндіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спортшыларға: «Болашақтың іргесін қалайтын, қазақ елінің мерейін көтеретін спортшы болыңдар!» деді.
Спортты жанына серік еткен мүмкіндігі шектеулі жандар да аянып қалмай, бойына дарыған өнерлерін ортаға салды. Бұған дейін де республикалық, облыстық, аудандық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанған аудан мақтаныштары бұл күні де өз үстемдіктерін көрсете білді. Қызықты әрі тартысты өткен эстафета жарысында бірінші орынды «Қайсар» командасы жеңіп алып, қарсыластарына дес бермеді. Екінші орын «Тұлпар» командасына бұйырса, үшінші орынды «Қайрат» командасы қанағат тұтты.
Сонымен қатар ұлдар арасында өткен дартс ойынында И.Айдынбаев 1, Ж.Әндібай 2, Н.Тұяқбай 3 орынды бөлісті. Ал қыздар арасында өткен дартс жарысында Д.Төлепбергенова 1, Ж. Жексенбай 2, А.Таңат 3 орынды өзара бөлісті. Сондай-ақ қол күрес жарысынан С.Букенов, С.Сүлейменов, Д.Мұсабаевтар жеңімпаз атанып, жүлделі үш орынды бөлісті. Сондай-ақ қыздар арасында өткен қол күрестен Г.Халикова 1, Қ.Аязбергенова 2, Р.Төлегенова 3 орынды иеленді. Тартысты өткен дойбы сайысынан Ж.Әндібай жеңіс тұғырынан көрінсе, екінші орынды Б.Бейім, үшінші орынды Н.Наурызбекұлы ұтып алып, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар бес асық ойынынан өткен сайыста да Ж.Әндібай ешкімге дес бермеді. Екінші орын Ж.Жексенбайға бұйырса, үшінші орынды Ә.Таңаттар қанағат тұтты.
Елімізде даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау мен қамқорлық қарастырылған. Олардың қоғамға қажет екендігін сездіріп, жағдай жасау - біздің парызымыз. Тартысты әрі қызықты өткен сайыс соңында ұйымдастырушылар алқасы жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыстады. Жігері жасымаған жандардың алдағы уақытта да толайым табыстарға жетіп, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз.
Фариза ХАЙДАРОВА