Жаңаөзен қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай және Теңге ауылы округінің депутаты Қанағат Мыңтұрғанов аптаны ауыл тұрғындарымен кездесуден бастады. Жиынға тұрғындармен қатар мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Кездесуде қалалық мәслихат хатшысы сондай-ақ Теңге ауылы округінің депутаты Сақи Мыңбай осы жылы қалалық мәслихаттың жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жасаған жұмыстары жөнінде есеп берді.
- «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР-ның 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңының талаптарында мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия болып табылатындығы, онда мәслихаттың қарауына заңдармен жатқызылған мәселелер қаралатындығы көрсетілген. Осыған орай, 6-шақырылымда сайланған қалалық мәслихат 2018 жылдың осы кезеңіне дейін 5 сессия өткізіп 81 шешім қабылдады, 16 нормативтік құқықтық акті мемлекеттік тіркеуден өткізілді және 6 тұрақты комиссия отырысы өтті, оның 5 сессияға енгізілген мәселелерді алдын ала қарады, 1 тұрақты комиссия отырысы тұрғындардың арызына сәйкес өтті, - дей келе Сақи Еңсепұлы сессияларда қабылданған шешімдерге жеке-жеке тоқталды.
Теңге ауылы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндай отырып, халық санының табиғи өсіміне байланысты, сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Су тазарту имаратынан Теңге ауылына дейін су құбыры құрылысы» жобасының ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптамаға қорытындысын алуға тапсырылғандығын, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында «Теңге, Рахат ауылдарындағы аяқталмаған жер телімдерін ауыз сумен (5,7 шақырым) және газбен (4,3 шақырым) қамту» жобасы бойынша құны 312,6 млн. теңге тұратын жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғандығын және жобаның республикалық бюджетке 2019 жылдық нақтылауға ұсынылатынын айтты. Сонымен қатар, Теңге ауылының Қазақстан көшесінде ұзындығы 300 метрді құрайтын асфальттанбаған жаңа автомобиль тас жолдарын салу жоспарланып отырғандығын да қоса жеткізді.
Мәслихат хатшысының баяндамасынан кейін тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.
Теңге ауылының жұртшылығын ең әуелі алаңдататын жер астымен жүргізілген газ құбырының жайы екендігі мәлім болды.
Жалғасбай Нұрбаев атты ауыл тұрғынының: «Кезінде халықтың пікіріне қарамастан газ құбырларын жердің астымен жүргізді. Кешегі Рахат ауылындағы жарылыс осының салдарынан болған алғашқы оқиға емес. «Сақтансаң сақтармын» деген. Біздің де көңіліміз күпті. Осы құбырларды қайтадан жердің үстімен жүргізуге болмас па екен?», - деген сұрағына «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның маманы барлық жобалау жұмыстары нормативке сай жасалған деген жауап айтты.
Одан бөлек, жер орын беру, бағдаршам орнату, теміржол өткеліне жақын жерден кәсіптік нысандар салу, қалаға қатынайтын маршрут, жұмыссыздық мәселелері бойынша да тұрғындар наразылық білдірді.
Сақи Мыңбай аталған мәселелерді шешу бойынша мекеме басшыларына қатаң тапсырма бере отырып, орындалмаған жағдайда құзіретті орган ретінде қалалық мәслихат тиісті шараларды қолдануға мәжбүр екендігін жеткізді.
Айжан НАСЫРОВА