Осындай тақырыппен «Абай әлеміне саяхат» клубының облыстық семинары Маршал Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназияда өтті. Абай ілімін, ғибратты өнегеге толы ойшылдық идеяларын жас ұрпаққа сіңірте отырып, адамгершілік мұраттарға тәрбиелеу, Абай шығармаларын үш тілде еркін айтып, түсіне білуге, мағынасын терең ұғына білуге үйретуді мақсат еткен семинарға облыс түкпірінен әдебиет жанашырлары мен мұғалімдер, оқушылар қатысып, тәжірибе алмасты.
Шараға Маңғыстау облыстық білім басқармасынан басқарма орынбасары Гүлмира Қасымқызы, қосымша білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушысы Жемісгүл Жеткізгенқызы, Түпқараған ауданы білім бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызы, басқа да қонақтар қатысып, оң пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ «Абай әлеміне саяхат» клубының негізін салушы, өлкетанушы, абайтанушы, өлкеміздің ақыны Сайын Назарбекұлы арнайы шақырылған шарада өлкемізде, қала берді республика көлемінде Абай шығармашылығын насихаттайтын жұмыстардың барысына тоқталды.
Үш бөлімнен тұратын семинардың алғашқы бөлімі ерекше ұйымдастырылған. Мұнда «Мектеп. Ата-ана. Оқушы» алтын үштігін біріктіретін тамаша бағдарлама үлгісі көрермендерге сабақ болды. Абай өлеңдерін, әндері мен қара сөздерін отбасы тәрбиесіне енгізіп, бала тәрбиелеуде ерте жастан үйретудің маңыздылығы қатысқан үш отбасының негізгі басты идеясы саналды. Атақты тіл тарихын зерттеуші Ғұбайдолла Айдаров ұрпақтарынан Алпановтар отбасы Абай өлеңдерін балаларға тілі шыққаннан бастап үйретудің маңызы зор екендігін атап өтсе, ауылдың алтын құрсақ анасы Төреш әженің балалары мен немерелері, яғни Борашовтар жанұясы баланы ес білгеннен бастап, тіпті бесік жырының өзін Абай әндері арқылы тәрбие ісінде балаларының жетістіктерінің бәрін де Абай әндерінің «Құлақтан кіріп, бойды алған» әсерлі ғибраттылығымен байланыстырды. Замира ана үш ұлымен «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін құй-қылжыта шырқап берді. Ал аты мәшһүр сәулетші Демесінов Көпбол ақсақалдың отбасынан бағдарламаға қатысқан Демесінов Жандостың жас отбасы барша көрерменге мәдениет пен адамгершіліктің түпкі сыры қара сөздің мағынасының тереңдігінде екенін баса айтты. Бала тәрбиесінде қара сөздерді жаттату ғана емес, мағынасын жете ұқтырып, көңіл бөлуге үйрету керектігі сөз болды. Жандос отбасымен бірнеше қара сөз оқып, өзінің ақындық шабытына ерік беріп, көрермендерге тамаша жыр жолдарын сыйға тартты.
Семинардың ІІ бөлімі – «Бала Абай. Дана Абай. Дара Абай» сахналық қойылымы. Барша көрермендердің асыға күткен бөлімі де осы болатын. Сахналық қойылымға көркемдік жағынан сценарийіне жетекшілік еткен мектеп-гимназия мұғалімдері Тұрғанбаева Гүлшарипа мен Рахиева Айжанның еңбектері зор. Сахна мәдениеті, образдардың сомдалуы, оқиғалар байланысы, көркемдік, мағыналық үндестік – бәрі-бәрі шынайылықпен жауапкершілікпен көпшілікті тәнті етті.
Абай өлеңдері мен қара сөздерін үш тілде жатқа оқыған бір топ оқушылар – Мерекеқызы Ақмаржан, Сираж Айбек, Дюйсалиев Бекарыс, Қаршығаева Айнұр, Жүсіп Ақерке және Жадыра Кенжеқызы, Қуаналиев Ерлан, Борашов Салауат сынды мұғалімдер де ерекше есте қалды. Қонақтар «Абай әлеміне саяхат» клубы жұмыстарымен танысып, этноауылдан дәм татты, мектеп мұражайымен, мектеп өмірімен танысты. Семинар бағдарламасы үлгілі деп бағаланып, оңды пікірлерге жалғасты, - дейді шараны жүргізген Маршал Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Көшербай Тілектес.
Өз тілшімізден