Алақандай қаланың тұрғындарының ауызында аңыз болып жиі айтылатын есімдердің бірі Тілеумұрат Қожабеков болатын. «Тілеумұраттың айтысы», «Тілеумұрат күй тартқанда», «Ақ желкеннің» сценарийлерін қалай жазатын еді?!», «Ұйымдасты рушылық қабілеті», «Әй, Тілекең жасаған баяндамаларды айтсаңшы» деген сияқты тамсандырар әңгімелердің желдей есіп жүргенін естіп өстік.
Тілеумұрат Қожабеков 36 жасында Форт-Шевченко қаласының мәдениет үйінде қызметтің тізгінін қолға алып, шығармашылық шабыты кемелдене түскен шағында мен дүниеге келіппін. Оның туған жылы 1948 жыл болса, менің туған жылым 1984 жыл. «Соңғы қос санның орнын алмастырса болған екен» деп ол кісінің туған жылын жаттағаным есімде. Бүгін, міне, сол аралықтан бері Тілеумұрат Қожабековтің туғанына 70 жыл толғалы отыр.
Жоғарғы сыныпқа өткен кездегі сабақтан қайтар жолымда жол жиегінде тіп-тік, паң жүріспен келе жататын сұлбасы ғана балаң көңілде, көз алдымда қалған Тілеумұрат аға туралы мен не айта аламын? Өзім ол кісінің журналист мамандығында оқығанынан ұқсастық тауып, жақын тартатын, кісілігін естіп, азаматтығына тамсанатын тұстарым көп болды. Балалықтың алыс ауылында менің жиі есіме оралатын шақ қарашаңырақ қаланың 150 жылдық тойын тойлаған кезі. Біле білсек, бұл тойды тойлату үшін Тілеумұрат Қожабеков жоғарғы билік өкілдеріне дейін шығып жүріп, қаулы қабылдатыпты дегенді еститінмін. Есейе келе сол айтылған сөздерге зер салғанда азамат өзі туған қаласы тарихының тамыры тереңде екенін еске салып, түбектің атын республикаға танытқысы келгенін ұқтым. Алайда бүгінде 170 жылдан аса туған күнін атап жүрген қалада Тілеумұрат Қожабеков туралы ұрпақ не біледі?
Журналист ретінде маған Тілеумұрат Қожабековтен сұхбат алу түгілі, тілдесу де бұйырмады. Бірақ өзім оқыған журналистика факультетінде осы ағайдың есімі зор мақтанышпен айтылатыны үнемі мені қанаттандырып жүретін. Бірде мынадай қызық жағдай болды. Студенттік көктемнің 2-курсында журналистік мамандыққа, әсіресе мерзімді баспасөз жөнінде, оның жанрларын тануды, талдауды үйрететін, «Журналистиканың басты кейіпкері – шындық» деп санамызға құйған ұстаз Кәкен Камзинның «Баспасөз жанрлары» алғашқы дәріс сабағы болатын. Бір аптада дәріс тыңдап, бір аптада семинарда сұралатын бізге бұл кісінің сабағы өте тартымды өтетін. Ағаймен алғашқы таныстық та қызық басталды. Дәрістен бұрын әдеттегідей біз оқитын топпен танысуға келген ұстаз шетімізден тұрғызып, жеке таныстықты бастады. Әр студент өзінің аты мен тегін, туған жерін атауда. Кезек маған келді. «Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы...» дей бергенімде, - Тілеумұрат Қожабековтың жерлесімін де, Тілеумұратты танимысың? – деп таныстықты өзі сұрақтан бастады. Ауылда көретін ағайымды өнер ордасы болған Алматыда сабақ беретін ағайымның танитыны мені таңырқатты. Мен оныншы сыныпқа барған жылымда ол кісінің бұ дүниеден өткенін жеткіздім. Сәл үнсіздіктен соң студенттік көктемін есіне алып, Тілеумұратпен қатар жүретін «Айтыс», «Аққу» деген атаулармен байланысты көп жәйттерді жеткізді. Содан бастап ағай мені өзіне ерекше жылылықпен жанына жақын ұстағандай көрінді. Сол дәрісте не өткенім де есімде жоқ. Себебі, сол күні менің 3000 шақырым алшақ жатқан Маңғыстаудың өзінің түп бүйіріндегі түбегім туралы, ондағы мен танитын, іш тартатын Тілеумұрат ағайым туралы білдей бір оқу орынының доценті әңгіме еткен еді. Менімен студенттік көктемді бірге өткізген, өзге университетте оқыған ауылдастарым Нұргүл, Сырым сынды қатарластарыма мақтанышпен 2-3 күн осы әңгімені қайталап айта бергенім есімде. Араға апта салып, Кәкен Камзинның семинар сабағына тағы келіп қонжидық. Әдеттегіше ағай өзге ұстаздар секілді үй тапсырмасын сұрап жалықтырмайды. Сұрақты тосыннан қойып, састыратын. Өзімше озат болып жүрген менің де талай сасқаным бар. Бірақ жоғарыда айтқан жақындығым, нақтырақ айтқанда, ортақ таныс Тілеумұрат Қожабеков менің жақсы баға алуыма да көмек болған болса керек. Семинар сабақ үстінде «репортаж» жанры бойынша бір тақырыпқа газет репортажын жасау тапсырылды. Ауа райын суреттеуден бастайтын әдетімізбен өзімізше сабақ үсті жазған репортажымызды оқып жатырмыз. Ағай бұл жолы көңілі толса керек, маған семинарға бестікпен қатар республика сарайындағы Жүрсін Ерман жүргізетін айтысқа тегін билет ұсынды. Билетті беріп тұрып та: - Тілеумұраттың әруағы бір аунап түсер, айтысты ерекше сүйетін еді, - деп ағайым тағы да менің төбемді көкке жеткізді. Менің ол күні де қуанышым қойныма сыймады. Қатты қуанып, айтыстың болатын күнін асыға күткен ем. Өзге университетте оқитын ауылдас Жасұлан Маршакпен сол айтыста көрермен болып қайтып, әсері көңілімнен көпке дейін тарқамаған болатын. Сол уақыттан бастап кафедра ұстазы Кәкен ағайдан қол үзгенім жоқ. Дипломды сәтті қорғап, ағайымнан оң баға алдым. Ауылға тартып бара жатқан мен ағайға өзі сыйлас болған Тілеумұрат Қожабеков пен жергілікті сазгер Ибатолла Әбілхайыровтың «Өнері өмірінің жалғасындай» деген кітабын арнайы сыйға тарттым.
– Ағай, ауылыма жүріп барамын. Бұйыртса, ауданда ашылған газетке барып, тілші боламын. Сізден бір өтініш, Тілеумұрат Қожабеков туралы естелік мақала жазып беріңізші, - деген тілегімді жасадым. Тілеумұратты сыйлайтын ағайым сөзімді жерге тастамады. Не дегенмен жауапкершіліктің жүгін сезінетін уәденің адамдары ғой. Сол тұста ауданымызда 1963 жылдан бастап оқырманға жолы кесілген түбек баспа сөзі қайта түлеп, 2004 жылы «Ақкетік арайы» атауымен қайта түлеген шағы болатын. Аудан оқырмандарына апта сайын ауданның ақпаратын ұсынып тұрғанына үш ақ жыл болған басылымға мәнді мақала болсын, Тілеумұрат Қожабековтің ұрпағы қуансын, елі азаматын тани түссін деген журналистік жанашырлық тілеулес оймен Кәкен ағайыма жаздырған «Көңілдің желі еседі...» деген тақырыптағы мақаланы Алматыдан алып келгеніме қуандым. Көп ұзамай мақала Мұқанбетулла Кемер редактор болып тұрған тұста аудандық газетке басылып, жарияланды.
Балалық танымымдағы Тілеумұрат тұлғасынан бөлек, оның азаматтық болмысын тани түсуім студенттік кезде басталды. Бір күні университеттің биология факультетіндегі кітапханасында сабақтан берілген тапсырма бойынша «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаштың») ескі жылдарын парақтай отырып, қақшита тігілген тігіндісінен ҚазҰУде құрылып, аты жер жарып тұрған «Аққу» ансамблі туралы «Аққу қанат қақты» деген хабарламалық мақаласын көзім шалғанды. Оқып отырып, Тілеумұрат Қожабековтің есімін кезіктірдім. Алыстағы ауылды сағынған студенттің көкірегін қуанышқа толтыра, жүрегін жылытқан таныс есімді республикалық газет бетінен кезіктіруім ерекше әсерлендірді. Біздің қаладан дәл осы мамандықты Тілеумұрат Қожабековтен кейін араға 35 жыл салып, мен таңдаған екенмін. Келіп-кетіп жатқандар көп еді. Алайда дәл осы жердің тумасы ретінде «Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқыған Тілеумұрат Қожабеков екеуіңіз» деп жататын жұрт. Мен студент болардан екі жыл бұрын ол кісі дүние салыпты. Естіп, білуімше қатты күйзеліске түсіп, ауырған екен. Оның ауырғаны туралы ел аузында көп сыр бар. Жан күйзелісінің ғұмырының соңына әкеп соғуын айтпай өту де айып шығар. Әдетте шығармашылық адамы жаны таза ақ парақтай, жүрегі жұмсақ келеді емес пе? Ол өзінің жан-жағынан да сондай кіршіксіз пәктікті, елге адалдықты аңсады. Бұл жөнінде Ақкетікте кімді сөйлетсең де осы тектес естеліктерден бастайды. Әсілінде, халқына да оның өмірінің соңғы кездері қатты батса керек. Шыншыл, адал, арға арқау өмірі ұзақ болмады. Небәрі ер енді жасап бастайтын елудің екісінде анау дүниеге кете барды. Ол сол елу жылдың 35 жылын шығармашылыққа арнапты.
Оның қазіргі өнер мектебін басқарып қоймай, өнер шаңырағының қарашаңырақ қалада ашылуына да ықпалы болғанын ел біледі ме екен? Шынында ол мәдениетті, өнерді бәрінен биік қойды. Өзінің өмірін өнерге арнай отыра, ол айтыстан арқаланып, жырдан қанаттанып, қызыл тілмен шешендене көсілетінін замандастары әлі сөз етеді. Халықтық атауы бар «Ақ желкен» үгіт керуенінің аты аспандап тұрған шағы да осы Тілеумұрат жетекшілік ететін жылдардың аясы еді. Ол әкімшілік басқару, жергілікті басқаруды да шебер ұйымдастыра алатын қасиетімен дараланды.
Қиын кезеңдерде құрылыс бөліміндегі еңбек жолында бірге қызметтес болған Қайрат Ахметов: "Қоғамның нарыққа бейімделмек түгілі, нарықтың не екенін түсіне алмай тұрған қиын кезеңдерінде ол кісі мекемені өзін-өзі қаржыландыру бойынша «Қаражанбасмұнай» мекемесін демеушілікке тартып, басқаруда бір жаңалық орнатқаны есімде", - дейді.
Тілеумұрат Қожабековпен көрші тұрып, тете өсіп, бір сыныпта оқушылық кезеңді бірге өткізген досы Жамаладин Есбергенов: "Мектеп жасынан ақындық қырымен танылды. Қабырға газеттеріне жазылатын жазудың бәрі Тілеумұраттың мойнында болатын. Ол білім алып жүріп те мектепте өзін ерекше қырынан танытты. Огинскийдің «Полонез», Моцарттың «Рондо» сынды классикалық шығармаларын Тілеумұраттың домбырада шебер орындауымен біз музыка әлеміне ерте бойладық. Егер ол партия, совет қызметіне ерте араласып кетпегенде өнер биігінде, ақындық тұғырында, журналистік ізденісінде өзін шебер таныта алар ма, бәлкім республикаға аты белгілі азамат болар ма еді?!" - дейді.
Тілеумұрат ағайдың ақындығы, өнерге жанашырлығы мен аспапта ойнауы, ұйымдастырушылық қабілеті, жергілікті басқару ісіне араласуы сынды азаматтық тұлғасы оны өзгелерден даралап тұрды. Журналистік мамандықты таңдаған, шығармашылықпен айналысқан бірталай жандар үшін өлке баспасөзінің тарихындағы үзілістің де кері ықпалы болғаны рас. Өлке баспасөзінің бастау бұлағы болған «Жаңа жұртшылықтан» кейінгі аудан баспасөзінің тарихындағы көп құндылықтардан қол үзіп қалуымызға әкеп соқты. Бұл қиындықтарды да өткерген заманда Тілеумұрат қазіргі «Жаңа өмір», «Маңғыстау», «Жаңаөзен» газеттеріне жарияланымдар ұсынып отырды. Тіпті «Жаңаөзен» газетінде тілші болып қызмет атқарады. 1970 жылы қаңтардан бастап жарық көрген «Жаңарған Маңғыстау» газеті жарыққа шығады. Бұл газеттің шығуына Гурьев облыстық партия комитеті мен Жаңаөзен аудандық партия комитеті көңіл бөліп, мықты мамандарды осы газеттің басына жинайды. Солардың ішінде Тілеумұрат Қожабеков бар. 1987 жылы «Коммунистік жол» газетіне жазған «Күмбірлеп күйлер көшкенде» деген 1957 жылы 40 шақты адамнан алғаш құрылған оркестр тарихы туралы сыр шертер мақала береді. Кейін бұл мақала негізінде былтырғы жыл ауданда оркестр 60 жылдығын атап өтті. Журналистикадан ажырамау дегеннен гөрі азаматтық позиция, жанашырлық деуге саятын болуы керек, ол ФортШевченко туралы өзекті радиоматериал дайындап, біршама істің ретке келуіне түрткі болған деседі. 1990 жылы «Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрын Сеңгірбекұлы жыраудың 130 жылдығын атап өтуге де өлшеусіз үлес қосады. Жыраудың мүсінін жасатып, музей үйін жасақтауда, оның ашылуында да бұл кісінің еңбегі сіңеді. Рухани мұраның мұратын түсінген азаматтың жеке абыройға емес, халыққа, ұрпаққа жасаған сыйы деп қабылдармыз. Алайда сол жасалған жұмыстың жалғасын жалғар ауданда азаматтар шықпағаны өкінтеді. Бар мұражайдың бай мұрасы бүгінде нешебір жылғы бітпейтін жөндеу жұмыстарына байланысты буулы-түюлі жатыр. Қайта құрудың құлдыраған шақтарында 1991 жылы облыстық газеттің үш санына қатарынан «Қара шаңырақ қашанғы қаңырап тұрады?» деген сын мақаласымен елді елең еткізеді. 1996 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ел басқарудың Абай тағылымы» атты үлкен ғылыми-зерттеу мақаласын республикалық байқауға жолдап, республикалық журналистер сыйлығымен марапатталады. «Әттең, шолақ белсенділер мен арсыз атқамінерлер Абай айтты-ау деп абайламапты-ау!» деп тұрып жазатын эссесінде дөрекі демократия, сайқал саясаттағы сайлау сынын сөз етіп, адамның жеке қасиеттерінің басқаруда басты рөлде екенін Абайдың қара сөзімен байланыстыра талдайды. Сауатсыз басшыларды да тілмен тек қана сыбап өтпей, қандай еңбектерді іздеп, оқу керек екендіктерін де кекесінді кеңеспен ұсынады. Оның жарқ еткен соңғы журналистік туындысы осы эссе болатын. Бәлкім қайтып бұл салада қалам тербемесін төрт жыл бұрын сезген болар. Тілеумұрат Қожабеков «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген құрметті атақтан бұрын елдің азаматы деген атақты бұрын алды. Ол атағы оның екі дүниедегі айдарына жел естіретініне сенемін.
Жапырағы жайылған бәйтеректің бүгінде шаңырағын Есен, Нұрбол есімді ұлдары ұстап, жалғыз қызы Қаракөзі ұядан қанат қағып, жиендерді жалғады. Тілеумұрат Қожабеков үміт артқан тұңғыш ұлы – Бекболы да отбасылы, Астанада қызметте. Тектінің тұяғы ізін жоғалтпас. Талай тарам жолдарда ол іздердің сайрап жатары анық.
Милана ЕЛЕУСІНОВА