Дүйсенбі күні Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров мұнайлы өлкенің мәдениет, өнер, білім, спорт саласын дамытуға үлес қосып, абыройын республика көлемінде көтеріп жүрген жерлестерімізді арнайы қабылдап, оларға шексіз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, алғыс жариялап, сыйлықтар тарту етті. Жаңаөзен қаласы әкімінің Алғыс хатымен «Үздік педагог – 2019» республикалық байқауының жеңімпазы Күләш Мақанова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогіне өткізілген «Жайдарман» ойындарының чемпионы «Жалын» құрамасы, «Жайдарман» ойындарының финалына жолдама алған «Өзенмұнайгаз» АҚ құрамасы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Марлен Әділ және «Нұр Әлем» ат спорт клубы марапатталды. Мақсат Оңғарбайұлы марапат табыстау рәсімін ұстаз Күләш Мақановадан бастады. Қала әкімі республика бойынша барша мұғалімнің ішінен озат шыққан білікті маманды жеңісімен құттықтай отырып, білім көшін алға жылжытып, шәкірттерінің бойына ізгі қасиеттерді дарыта білген осындай ұлағатты ұстаздарымыздың жеңісімен әрдайым мақтанатынын жеткізді. Күләш Өмірзаққызы қаламыздағы Білім инновациялық лицейінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімі. Ол таяуда ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Үздік педагог-2019» республикалық байқауында жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ, қала әкімінің алғысына республикалық «Жайдарман» ойындарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогін иеленіп келген жергілікті «Жалын» жайдарман командасы бөленді. Қазақстанның әр өңірінен барлығы 15 команда қатысқан сайыста бабы мен бағы қатар шапқан жерлестеріміз бас жүлдені жеңіп алып, 1000 000 теңгені қанжығаларына байлаған еді. Астана күні мерекесінің аясында ұйымдастырылатын дәстүрлі фестивалдің биылғы жүлдесі маңғыстаулық жайдарманшылар тарихындағы екінші кубок. Алғашқысын 2009 жылы ақтаулық «Барыстар» командасы алған болатын. Араға 10 жыл салып сол жеңісті биыл жаңаөзендік «Жалын» командасы қайталады. 2013 жылы құрылған «Жалын» қалалық, облыстық, аймақтық лигаларда тәжірибе жинақтап, 2018 жылдан бері Есен Елеукен жетекшілік ететін Жайдарманның жоғары лигасында өнер көрсетіп жүр. Қазіргі таңда командаға «Өзенмұнайсервис» ЖШС демеушілік етеді. Мақсат Оңғарбайұлы тек Жаңаөзеннің ғана емес барша Маңғыстау өңіріндегі жайдарман ойындарының жаңа деңгейге көтерілуіне, аймақтағы әзіл өнерінің дамуына ерекше үлестерін қосып жүрген жерлестерімізге ағалық қамқор көрсетіп жүрген «Өзенмұнайсервис» ЖШС басшысы Орынбек Тарғыновқа да алғыс жариялады. Сондай-ақ, «Жайдарман» ойындарының ақтық сынына жолдама алған «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның құрмасын құттықтап, алдағы өтетін финалдық ойында сәттілік және жеңіспен оралуына тілектестік білдірді. Мақсат Ибағаров қаладағы спорт саласын дамыту әрдайым жіті назарда болатынын айтып, 25-29 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған жаңаөзендік Марлен Әділ мен бапкері Сапар Бурамбаевтың еңбектерін ерекше атады, Жаңаөзен қаласының спорт саласына қосқан елеулі үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Нұр-Әлем» ат спорт клубы да мерекелік жиында қала әкімінің ерекше ілтипаты мен Алғысына бөленді. 2018 жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырылып келе жатқан жобаның авторы Самат Әлем Маңғыстау облысы бойынша паралимпиадалық ат спортының алғашқы жаттықтырушысы. Жобаның маңыздылығы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне араласуына тез бейімдеу. Қазіргі таңда ат спорт клубында 32 мүмкіндігі шектеулі азамат иппотерапия емін қолдануда. Олардың ішінде жетеуі осы спортқа бейімделіп, жетістіктерге жеткен. 2018 жылдың шілдесінен 2019 жылдың қыркүйегі арасында «Нұр Әлем» ат спортындағы жандар бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүлделі орындар алды. Осыған орай, «Нұр әлем» ат спорт клубы облыс, қала көлемінде иппотерапияны дамытуға, ұлттық паралимпиадаға бағытталған шараларды ұйымдастырғаны үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айжан НАСЫРОВА