©
Иә, тоқтаусыз уақыт сырғып, өмір өтіп жатыр. Бұл 1977 жылдың көктемінде болған оқиға еді. Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі коммунистік партиясының XXV съезін насихаттау мақсатында жер-жерде талқылау мәселесі жүріп жатты. Кеңес үкіметінің игі шараларын үгіттеу және XXV съезд алға қойған талаптарды халыққа жеткізу үшін жоғарыдан үгіт пойыз, үгіт керуен, автоклуб саласын жандандыруға қазынадан қаншама қаражат бөлінді. Негізгі мақсат – ұжымдардағы кемшіліктерді сынау, жақсысын асыру, халықты мәдени-рухани қызметпен сусындату еді. Туған жердің өркендеуіне атсалыса отырып, шопандар қауымы, балықшылар, мұнайшылар, шахтерлер еңбек етіп жатқан жерлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болатын. Осы мақсатта құрылған «Автоклуб» ұжымдары орталық пен шопандардың арасын байланыстырушы қызметін атқарды. Талай көркем-үгіт бригадамен шыққанда ай-күні жетіп отырған келіншектерді ауруханаға жеткізгенбіз...
1977 жылы Форт-Шевченко қалалық партия комитетінде үлкен мәселе қаралды. Ол бір мәдениеттің қожырап жатқан кезі болатын. Форт-Шевченко қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып Ақшұқыр орта мектебінде көп жылдар ұстаз болған Сұлтанбай Нәубетов сайланған еді. Ең бірінші қаланың, ауылдың мәдениетін көтеру мәселесі қаралды. Көзінде оты бар, өнерден хабардар, елге жаны ашитын жақсы-жайсаңдар бас қосты. Іле облыстық мәдениет басқармасынан, облыстық дәрежеде «үгіт бригадалар» арасында конкурс болатыны жөнінде нұсқау түсті.
Сол кезде Тілеумұрат Қожабеков Өнер мектебінің директоры, Бисекеш Мұханов С.М.Киров орта мектебінде әннен және дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін. Сұлтанбай ағамыз ауылдың өнерге жаны ашитын азаматтарын түгел жинады. Біздер ол кезде сегізінші сыныпта оқимыз. Ұлт аспаптар оркестріне қабылданған уақытымыз. Түске дейін мектепке сабаққа барып келеміз де, кешке дейін мәдениет үйінде түрлі үйірмелерге қатысамыз. Барлық мектептерде вокалды аспапты ансамбльдер құрылған болатын. А.Е.Баутино атындағы мектепте «Балауса» ансамблі, Т.Г.Шевченко атындағы мектепте «Жалын», Фортта «Толқын» ансамбльдері концерт беріп тұратын. Содан Сұлтекең барлық ұжымдарды жинап мәселені ортаға талқыға салды. Тілекең – Тілеумұраттың туа біткен бір қасиеті жаңа ой, жаңа идея, жаңа өлең келсе «Тамшалысына» кетіп қалады. Тамшалы – Тілекеңнің балалық шағы өткен, табиғаты сұлу, көркем жер. Бір жексенбіде Тілекең мәдениет бөлімінің бастығы Сұлтанбай Нәубетовке ұсыныс тастап: «Бүгін қолың босаса «Тамшалыға» барып қайтайық, жаңа идеялар бар еді, соны пысықтап қайтайық» деп ойын айтады. Сұлтекең қуана-қуана келіседі. Содан жолда кетіп бара жатып Тілекең өзінің ойларын айтады. Тамшалыға барғасын тастың үстінде отырып «Форт есімді қала бар» атты мына бір өлеңін оқиды:
Далам келіп теңізге шыңнан төнген, Сол далада мыңғырып малым өрген. Форт есімді қала бар ертеректе, Жағасынан Каспийдің бой көтерген. Екі заман бұл қала бастан кешкен, Бір кездері үстінен ақ шаң көшкен. Революция түбекті оятқанда, Болған талай бұл жерде астан-кестен. Жаңа заман сәулесін шашқанында, Жұртшылық соған қадам басқанында. Дауыл дәуір құйыны бір соққанда, Киров келіп жиналыс ашқан мұнда. Теңдік үшін азамат талай жортқан, Қайраткерлер осындай бізге соққан. Ақтөбе майданына қыр жолымен, Ер Жангелдин аттанып кеткен Форттан. Таңба қалған Тарастың әр тасында, Асау ақын төзгенді сонша сынға. Шаншып кеткен Кобзарьдің бір шыбығы, Баққа айналды қаланың ортасында. Ата қала мен көпті көріп келген, Шумағымен бәріне көрік берген. Ақтау, Бейнеу, Жетібай, Өзен, Құрық ұлдарына, Қалтарысын зерттей кеп тарихтың, Шежіреммен сендерді сан ұйыттым. Өмір жолы осыдан басталады, Мыңбаев, Бектұрғанов, Әлиевтің. Тарихтың теңізіне сүңгігендей, Осында еңбек етіп Есбол аға. Асып түскен көнесі жаңасынан, Келбет жүдеу болғанмен қарасы паң. Бір шоқтығы түбектің аңыз болған, Сәлем сізге Кетіктің қаласынан. Айтылар бауырым Маңғыстау жайлы көп хабар, Түбекте тұңғыш салынған екен бекініс үшін төрт қамал. Танысқың келсе өміріменен өлкеде жүрген қазақтың, Алдыменен сонау теңізге төнген Шевченко деген Фортқа бар, – деп өлеңін аяқтайды.Біраз отырғасын ол: «Біздің сценарийіміздің арқауы осы өлең болады, – деді. – Себебі Әліби Жангелдин келіп 1919 жылы Маңғыстау халқымен кездесті, жиналыс жасады, Адай ревкомының председателін сайлады. Осы үгіт-көркем бригадамыздың аты «Ақ желкен» болады», – деп шегелеп айтты.
Түнде келіп Сұлтанбай аға қуанып Бисекеңнің үйіне барып сүйінші сұрайды. Содан ертесіне әр салада істеп жүрген өнерге жақын азаматтардың басын қосады. Құсайын Айтов – мәдениет үйінің директоры, Балғаным Сүлейменова – ұстаз, Едіге – электрик, Сейтқазы Боранов, Сәбит Дәулетяров, Гүлсім Құрманбекова, Есей Нұрбаудин, Жәния Бастаева, Айгүл Ізбенова – мәдениет қызметкерлері, Аманқос Жолдыбаев – суретші, ұстаздар Базархан Қарабасова мен Оңталап Романов т.б. осы «Ақ желкен» үгіт бригадасының алғашқы мүшелері болды. Сөйтіп, «Ақ желкен» дүниеге келіп, бірінші сценарийі «Ер Жангелдиннің Маңғыстауға сапары», содан кейінгісі мекемелердің жетістіктері мен кемшіліктерін сынауға арналды.
1981 жылы Ақтөбеде өткен аймақтық байқауда «Ақ желкен» бас жүлдені қанжығасына байлады. Негізгі тақырып «Съезден съезге дейін» болатын. Облыста, аймақта, республикада бас жүлдені бермеген «Ақ желкен» Тілекеңнің құрған тырнақалды ұжымы еді. Сол жылы «Ақ желкен» «халықтық» атаққа ие болды. Екі штат бірлік беріліп, Бисекеш Мұханов режиссер болып тағайындалды. Бисақаң – талай спектакльдер қойып халықтың ілтипатына ие болған кісі. Мінеки, сөйтіп жоқтан бар жасап құрған «Ақ желкен» ұжымына 41 жыл болған екен. Тоқырау кезде осы екі «халықтық» ұжымның біреуін қысқартамыз деген сөз шықты. Бұл – Светлана Шаметованың кезінде болған жағдай. Ол кісілер де «Оркестр» мен «Ақ желкен» халықтық атақ алғанда қатысып тілек айтқан кісілер еді. Құдай айдап С.Шаметованың сол тойда сөйлеп тұрған суреті бар екен, соны алып барып естелік деп көрсетіп, қысқартудан аман алып қалып едім. Былтыр «Толқынның» халықтық атағын қорғап едік. Бірақ Үкіметтің бөліп беріп отырған екі штат бірлігін ала алмай сорлап жүрген жайымыз бар. Ал, енді, мәдениетке оң көзімен қарап сол штат бірлігімізді алып беретін кім болар екен?
Рафаэль ҚАРҒАБАЙ