Жылдағы әдет бойынша православ христиандарының басты мейрамдардың бірі —Құдайға шоқыну күні жақындап қалды. Бұл күні шоқынушылар өздерінің дәстүріне қарай қасиетті суды алып, онымен үй ішін тазалайды. Алайда суық суда шомылудың денсаулыққа пайдалы жақтары да насихатталып жатқандықтан христиан мерекесі күні мұздай суға түсіп ауырып жатқандар кездесіп қалатыны жасырын емес. Сондай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құтқару бекеттерінің барлығы әрдайым Құдайға шоқыну мейрамы кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуге толықтай дайын болады, тәуліктік кезекшілік өткізіледі.
Департаменттен берілген ақпарат бойынша былтыр осы мейрам кезінде Ақтау қаласында 400-ден астам адам суға шомылған екен.
- Тәжірибе көрсеткеніндей, шоқыну кезінде дайын емес адамдар да суға шомылады, - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнар Ходжабекова. - Жедел құтқару жасағы судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін шомылу жерлерінде насихаттау жұмыстарын жүргізеді. Жеке құрам мен елді мекендер бар жерде, Каспий теңізінің жағалауында профилактикалық рейдтер және патрульдеу жүргізіледі. Негізгі суға шомылу аумағы Ақтау қаласындағы 15 шағынауданға қарама-қарсы жағалауда өтетін. Ал осы жылы 19 қаңтардағы шоқыну шомылуы Каспий теңізі жағалауының 14 шағынауданы тарапында өтетін болады.
Биыл да әр учаскеде төтенше және қайғылы жағдайды болдырмау үшін жедел құтқару жасағының тәжірибелі сүңгуірлері суға түсушілерге қатаң бақылау жасайды. Өйткені қыстың қаһарлы суығында мұздай суық суға түскісі келетіндер қатары азаяр емес. Олардың көпшілігі, әсіресе, христиан дінін ұстанбайтындары суық суға түсер алдындағы ережелерден бейхабар. Соның салдарынан турлі жағдайларға ұшырап қалу қаупі бар. Сондықтан бұдан әркім хабардар болып, суық суға түсудің еріккеннің ермегі емес екендігін естен шығармағаны дұрыс.
Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаменті биылғы қаңтардың 15-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден бастап 10:10-ге дейін облыс аумағында халықты құлақтандыру жүйесін тексеру мақсатында электр дабылдары іске қосылатынын хабарлайды және тұрғындардан түсіністікпен қарап, сабыр сақтауды сұрайды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА