1957-61 жылдар аралығында Маңғыстаудың кең алқабында мұнай мен газдың мол қоры бар екенін орыс елінен келген экспедиция (барлаушылар) анықтап береді. Мұнаймен бірге ілеспе газдың шығатыны белгілі. 1961 жылы Жетібай мен Өзен қойнауынан бірнеше ұңғылардан мұнай атқылап, бірге газ ауаға көтеріледі, оны жағудан басқа амал жоқ. Аймақта қаптаған, алаулаған от пайда болады. Ауаны ластамау үшін газды халық игілігіне пайдалану керек деген мәселе көтеріліп, 1972 жылы маусым айында Маңғыстау газ өндіру басқармасы құрылады, оның бастығы болып И.Әбенов сайланады. Ол кезде өңдеу зауыты болмағандықтан, өндірілген газды Түрікменстаннан келетін "Орта Азия-Орталық" (Срендняя Азия-Центр) магистралдық құбырға қосып Ресейге айдайтын. Газдың құрамында Менделеев кестесіндегі құнды элементтердің бар екенін еске ала отырып, ХХIV съезінде Коммунистік партияның Маңғышлақта газ өңдеу зауытын салу керек деген шешім қабылданады. Ілеспе және табиғи газдың мол қоры Өзен қойнауында болғандықтан зауытты Жаңаөзен қаласында салатын болып ұйғарылады. 1972 жылы Кеңес Одағының қарамағындағы мемлекеттерден құрылысшылар, газ өңдеуді білетін мамандар, соның ішінде Грозный, Миннибаев, Вознесенский газ өңдеу зауыттарынан білікті мамандар ағылып Өзенге келе бастайды. Зауыттың бірінші директоры болып Григорьев Иван Владимирович тағайындалады. Құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан 1973 жылы қазан айында зауыттың бірінші газ өңдеу блогы іске қосылады, сондықтан да Қазақстанда бірінші газ өңдеу зауытының ашылуына 2018 жылдың қазан айында 45 жыл толды. Бұл зауыттың басқа зауыттардан айырмашылығы - газдың құрамынан 10-шақты дайын өнімді, күкіртін айырып, шығаруына байланысты. 1974 жылдың алғашқы айынан бастап, өзінің өнімін Атырау және Башқұртстан химия комбинаттарына жөнелте бастады. Алда тұрған міндет, зауытты әрі қарай үлкейтіп, басқа нысандар салу керек еді. 1976 жылы зауыттың екінші блогы іске қосылдып, жылдық газ өңдеу қуаты 1 млрд. текше метрге жетті. Жылдар жылжыған сайын зауыттың да үлкейіп өсуі тоқтаған жоқ. 1977 жылы қатарға 3-ші газ өңдеу блогы қосылды. 1986 жылы желтоқсан айында зауыттың екінші бөлігі, яғни газды газлифтке айдау цехы пайдалануға берілді. Бұл нысанның міндеті газдың қысымын көбейтіп, жер астына айдап, мұнай өндіруді артыру болатын, оған 5 Франциядан әкелінге қуаты 80 атм. компрессорлар қолданылды. 1979-2004 жылдар аралығында күкірт тазарту және этан шығаратын қондырғылар өз өнімдерін бере бастады. Этан айыру қондырғысы Ақтау қаласындағы Европа бойынша екінші орын алатын пластмасс шығаратын зауытқа шикі зат, яғни этан фракциясын беруді қамтамасыз ету еді. Маңғыстау аймағындағы аудандар менен ауылдарды отындық газбен қамтамасыз ету үшін, газ көлемін көбейту мәселесі алға қойылды. Осыған байланысты газбен жұмыс істейтін компрессорларды тоқпен жұмыс жасайтын компрессорлармен алмастыру керек екені туындады. Компессор цехінің 1-ші блогындағы 16 газомотокомпрессорды Ленинградтан әкелінген өте қуатты К-890 12 мгв элект қуатымен жүретін 3 турбокомпрессормен ауыстырылды. Бару-қайтуы 300 шақырым қашықтықтан таситын оттегі (кислород) балондарын, өзімізден шығаруымыз керек, қолымыздан келеді деген мамандар ойға келіп, АОС (азот-оттегі) стансиясын іске қосты. Оттегі дәнекерлеуге және медицинаға қолданылды, ал азот болса құбыр мен аппараттарды тазалағанда қауіпсіздік шараларына жұмсалады. Зауыттың негізгі салыну мақсаты: 1. мұнай өндірісінде мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды далаға жақпай, залалсыздандыру. 2. Қала, ауыл тұрғындарын отындық газбен қанағаттандыру. 3. электр тогын шығаратын МАЭК кәсіпорнына құрғақ газды отын ретінде беру. 4. сұйытылған газ бен бензинді химия өнеркәсібіне шикі зат ретінде беру және авто көліктерге моторлық отын ретінде пайдалану. Оншақты жыл бұрын газды өндіру мен өңдеу жүйесін біріктіру мақсатында МГӨБ (МГДУ) Қаз ГӨЗ-на қосылған болатын. Қазіргі кезде зауыт Қарамандыбас, Тасболат, Ақтас, Оңтүстік Жетібай, Өзен кенорындарынан газ бен конденсат өндіріп, оны өңдеп, өнімін халық игілігіне жаратып жатыр. Құрамында 14 цехі, 21 бөлімі бар, 979-дан астам жұмысшылары бар. Зауыттың жоспарланған қуаты 1,5 млрд. текше метр болғанымен, жер астындағы газбен конденсаттың мөлшерінің азайуына байланысты зауыт толық мүмкіншілігін пайдалана алмай отыр. Дегенменен 45 жыл ішінде зауытқа 69849,811 млн. текше метр табиғи және ілеспе-мұнай газ 2309,574 млн. текше метр газ конденсаты қабылданған. Одан шығарылған өнімдер мөлшері төмендегідей: 64609,141 млн. текше метр құрғақ газ, 5198,496 мың тонна сұйытылған газ, 3496,961 мың тонна пентангексан фракциясы (стабильный бензин), 652,583 мың. тонна тұрмыстық пеш отыны өндіріліп, тұтынушыларға жол тартқан. Сонымен бірге 957,133 мың тонна кислород пайдалануға берілген екен. Алдағы уақытта кіріс газдың көлемін көбейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Айтар болсақ, «Қансу» кенорнындағы газды зауытқа әкелу қарастырылған. Осы жылдың қазан айында 45 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Осы жылдар ішінде зауыт ұжымы КСРО, Қазақстан республикасының, облыстық және қалалық социалистік жарыстарда жеңімпаз атанып, ауыспалы тулармен бірнеше рет марапатталған. Қ.Қарымбетова - қондырғы операторы КСРО халық депутаты, Т.Адылов - қондырғы операторы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және де көптеген қызметкерлер мен жұмысшылар меделдармен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Сонымен бірге, серіктестіктің барлық жұмысшыларының әлеуметтік жағдайлары да басты назарда, балаларын жазғы демалыс орындарға жіберу мен өздерін сауықтыруға жеңілдетілген жолдамамен қамтамасыз ету қарастырылған. Жастарды спортпен шұғылдануға және салауатты өмір сүруге арналған жарыстар мен мәдениет шаралары ұйымдастырылып тұрады. Зауыттың өзінде 10 астам спорт түрінен цех пен бөлімдер аралығында сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Мекеменің спорттық командалары үзбей облыстық, қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Соныменен бірге зауыттың әкімшілігі Жаңаөзен және өлкеміздің әлеуметтік мәселелерін шешуде де жергілікті әкімдік ұйымдармен бірлесе отырып, мүмкіндігінше атсалысып келеді. Зауыт қамқорлығындағы №2-ші орта мектебіне, мерекелерге орай бүлдіршіндер мен еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, жетімдерге, көп балалы аналарға және жағдайы төмен отбасыларға әрдайым көмек көрсетіп келеді. Бүгінде әлемдегі қаржы және экономикалық дағдарыс бәсекелестіктің күшейуіне байланысты Қазақ газ өңдеу зауытының алдында шығындарды барынша азайту, өнімнің өзіндік құнын түсіру мақсаты тұр. «ҚазГӨЗ» ЖШС облысымыздағы электр қуатын тұтынатын аса ірі өндіріс орының бірі болып есептелінеді, оның ішінде басты қондырғы К-890 компрессор станциясы, келетін электр энергиясының 50 пайызын жеп қояды екен. Осыған байланысты, газбен жүретін автономиялы газотурбостанциясын қолдану көзделіп отыр. Республика көлемінде бірінші салынған газ өңдеу зауыты болғандықтан, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығын және мекеменің 45 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алды деп есептеуге болады, зауыт ұжымы, алдағы уақытта жұмыстарын жақсы дәрежеде жүргізе берері сөзсіз.
Тұрсын ҚҰРМАНОВ зейнеткер