Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2008 жылы қаңтар айында іргесі қаланып, бой көтерген Бейнеу ауданындағы «Атамекен» орта мектебінің ұжымы білім ордасының 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Он жыл тарих үшін аз ғана уақыт болғанымен мектеп тұрмысына көптеген жаңалық енді. Ең бастысы - «Атамекен» ұжымы осы он жыл аясында ауданыдағы білім беру саласында жетістігі мол ұжымдардың қатарынан орын алды. Соңғы екі оқу жылында көптеген шәкірттерінің республикалық, аймақтық, облыстық деңгейдегі білім сайыстарында жоғары орындарды иеленіп, 23 оқушысының мемелекеттік грант иегері атануы бұл пікіріміздің шындығын айғақтайды.
Бүгінгі таңда білім ордасында білімі мен біліктілігі жоғары 238 педагог шәкірттерге ұстаздық етуде. Шәкірттерге «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қызмет атқарып жүрген педагогикалық ұжымдағы 15 мұғалім жоғары санатты, 58 мұғалім І санатты, 78 мұғалім ІІ санатты, санаты жоқ мұғалім саны - 87. Мектепте 2200-ге жуық оқушы білім алуда. Осы заманғы білім беру жүйесі қалыптасқан мектеп ұжымының алдағы уақытта да білімнің биіктерінен көрінуіне сенім мол.
Мерекелік шараға білім бөлімінің басшысы, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, алтын ұядан түлеп ұшқан түлектер мен мектеп шәкірттері қатысып, ұжымның қуанышымен бөлісті. Екі бөлімді қамтыған мерекелік салтанатты жиын Қазақстанның Әнұранын орындаумен бастау алды.
Мектеп директоры Шохан Жаулыев құттықтау сөз сөйлеп, білім ордасының 10 жылдық тарихындағы алғашқы жұмысын, ұйымдағы білім саласының дамуына өз үлесін қосқандардың елеулі еңбегі мен жетістігін бағалап, қонақтарға жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған мектептің алғашқы директоры, қазіргі таңда Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы мектеп ұжымымен ауызбірлікпен қызмет атқара отырып, жас ұрпаққа білім-тәрбие берудің қалыптасуы мен жетістіктерді көпшілікке әсерлі жеткізді.
2014-2015 оқу жылдарында осы ұжымда директор қызметін атқарған, бүгінгі таңда Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің директоры Қаныбек Жаманбаев мектептің сол жылдардағы жетістіктеріне тоқталып өтті. Одан кейін сөзге шыққан салтанатты шараның арнайы шақырылған құрметті қонақтары - зейнет жасындағы ардагер ұстаздар мен мектеп басшылары «Атамекен» ұжымына жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады.
Салтанатты жиында аудандық білім бөлімінің басшысы осы мектепте қызмет атқарып жүрген орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәмелі Аманғалиеваға ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғысын» табыстап, сонымен қатар жетістіктерге жетіп жүрген ұстаздар мен кіші қызметкерлерді аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Мерекелік кештің екінші бөлімі концерттік бағдарламаға ұласып, мектеп өмірінен сыр шертетін қысқаша бейнекөрсетілім назарға ұсынылды. Бұрын мектепте қызмет етіп, бүгінде бақилық болған бұрынғы ұстаздардың жарқын бейнесі көрсетіліп, жиналған көпшілік олардың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, мерекелік кеште мектептің дарынды, өнерлі шәкірттері мектебінің мерейтойына арнап жыр шумақтарын, әсем әні мен күмбірлете күйін тартып, «Мектебім» атты көлеңкелі театр қойылымын тарту етті. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, жаңа өмірге қадам басқан әр жылғы түлектер ұстаздарына, алтын ордасына деген қимас сағынышын білдіріп, тілектерін арнады.
Мерейлі мерекеңіз құтты болсын «Атамекен» ұжымы!
Үміт ҚАЗДАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69357,69358,69360,69359"]