13 қаңтар күні Шығыс 1, Шығыс 2, 31а, 31б, 32а, 32б шағынаудандарындағы жоғары кернеулі кәбіл желілері істен шыққаны белгілі. Оқиғаның маңыздылығын ескере отырып, қала әкімі Ғалымжан Ниязовтың жедел тапсырмасымен «АЭЖБ» МКК мамандары күні бойы жұмыс жасап, ақау шыққан тұсын тапқан болатын. Мамандардың үздіксіз жұмысы нәтижесінде электр жүйесі қалпына келтіріліп, түнгі сағат 22:30 шамасында аталған шағынаудандарға жарық берілді. Себеп-салдарын анығырақ мәлімдеу мақсатында Ақтау қалалық әкімшілігінде брифинг өткен болатын.
Брифинг барысында қалалық құрылыс бөлімінің басқарма басшысының міндетін атқарушы Маңғыстау Қылышбекұлы оқиғаның себебіне тоқталып өткен:
- 13 қаңтар күні болған оқиғаның әсерінен жаңа шағынаудандарда жарық өшіп қалған. Электр жүйесіне қарасты мамандар шұғыл түрде тексеріс жүргізіп, қайта қалпына келтірді. 2013 жылы құрылысы басталып, 2015 жылға таман аяқталған жоғары кернеулі электр жүйесінің кәбілдері көмілгеннен кейін топырақ қалыпқа түспей тұрып үстінен ауыр техникалар жүріп өткен. Соның себебінен электр жүйесіне зақым келіп, нәтижесінде осы оқиға болып отыр. Дегенмен қазіргі сәтте барлығы жұмыс жасап тұр, - деп мәлімдеді.Одан бөлек, көбіне ақау шығатын электр жүйелері 1990 жылдары жүргізілген кәбілдерден болады екен. Қай заттың да уақыт өте келе ескірері белгілі. Барлық ескі кәбілдерді Ресейде жасалған сапалы өнімдермен ауыстырып жатқанын мамандар қосымша хабарлады.
Мадияр ТӨЛЕУОВ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН