Тілсіз жаудың айтып келмейтіні бесенеден белгілі. Аяқасты тап болды дегенімізбен, көп жағдайда адамдардың салғырттығынан өрт шығып, түрлі шығындарға ұшырап жататынымыз жасырын емес. Ал болар іс болып, оған кінәлі адамды тауып, жазалағаннан гөрі өрттің алдын алғанның тиімді екендігін айтудың да қажеті болмас.
Былтыр Түпқараған ауданында 18 өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның бесеуі автокөліктерден шыққан. Биылғы 11 қаңтарда Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмыс жоспары аясында осы ауданның төтенше жағдайлар бөлімі өрттің алын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімшесінің жергілікті полиция қызметімен бірлесе «Қауіпсіз көлік» акциясын бастады. Қаңтар айының соңына дейін өтетін осынау шара барысында төтенше жағдайлар бөлімінің инженерлік құрамы жүргізушілер арасында үгіт-насихат парақшаларын, жаднамалар таратып, автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
- Автокөліктерден өрт шығуының негізгі себептері автокөліктің электр жабдықтары қондырғыларын құру, пайдалану талаптарының бұзылуы, электр желілерінің қысқаша тұйықталу жағдайлары әсер етуі және қозғалтқышты жылыту мақсатында ашық отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан болып отырғаны анық, - дейді Түпқараған ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Нұрқожа Әлжанов. - Автокөлікке электр дәнекерлеу және отпен байланысты басқа жұмыстарды техникалық нұсқаулықтан өткен, рұқсат құжаты бар мамандарға тапсырып, жасату керек екенін айтып жатырмыз. Шынында, автокөліктің қауіпсіздігі оның жүргізушілерінің қолында. Біз олардан өрт қауіпсіздігі ережесінің талаптарын сақтауын сұраймыз. Ал өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 телефондары арқылы өрт сөндіру бөліміне хабарлау керек.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА