©
Антикалық дәуір әдебиетіндегі ұлы бастау жазушыларының қай-қайсысын оқып отырсаңыз да пэан жыры хақында әсте айтылмай қоймайды. Пэан жыры - біздіңізше, кәдуілгі салтанатты ән. Салтанатты ән табиғатынан біздің жүректің қорқыныш пен асқақтық үйлесімін бастан кешіретіні бар. Ахилл Татийдің «Левкиппа мен Клитофонт» шығармасында мұхит жағалауынан шығандап бара жатқан кеме ішіндегі жолаушылардың құтқарушы тәңірлерінен діттеген жерлеріне аман-есен жеткізуін сұрап пэан жырын қосыла шырқайтыны бар еді. Әбіш шығармашылығы да қай бағытқа алып бара жатырғандығынан Тәңірі ғана хабардар осы кеме ішіндегі жолаушылардың үні секілді естіледі маған. Әуезі мен сөзі естіген құлақты әп сәтте-ақ өзіне тартып, іші-бауырыңызға еніп, ақыр соңында құжынаған құмырсқа илеуіндей сансыз ойлардың құрдым-тұңғиығына батырып тынады. Ол құрдымнан үміт пен ішіңіздегі азды-көпті игілігіңізді саты қылып шыға алсаңыз, сөз басқа. Осыған дейінгі «Алтын шуақ» («Ақкетік арайы» газетінің 2018 жылғы 63-саны) атты Әбіш хақында жазған аз-кем сөзімізде оны Мұхтар Әуезовтен кейінгі қазақ сөзінің құнарын байытып, әдебиетімізді бір белеске апарып тастаған тұлға дегендей лепес білдіргенбіз. Әлбетте, ол сөзімізден Әбіш биігінен асқан қаламгер туғанша (оған бар жан-дүниемізбен тілектеспіз) айнымақ та емеспіз. Алайда, Әбіш әлемі туралы сөз болғанда, оның қаламынан туған роман-повесть, новелла-әңгімелерін ғана тілге тиек етіп, аузымыздың суын төгіп отыратынымыз жасырын емес. Әбіштің Буэродан тәржімалаған «Бүгін мейрам, бүгін тойы», Чеховтан аударған «Ваня ағайы» мен Шекспирден «қотарған» «Ромео мен Джульетта», «Кориолан», «Король Лир» пьесаларын бағалай бермейтініміз рас. Еңбекті көп қажет етіп, атақты аз шығаратын аударма саласының бұл да бір көрінісі болар бәлкім. Дегенмен, аударма ісі саласындағы профессор-ғалымдардың осы тақырыпты кеңірек сөз етіп, тереңірек қаузағанын қалаймыз. Ал, Кекілбаевтың поэзиясы жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Оның өз өмірінің ақырына дейін өлең жазып өткені не ол жолға қайта айналып барған-бармағаны бізге нақты белгісіз. Дегенмен, прозаға біржола ауысқан деп есептер болсақ, онысы өлең өлкесінде бағының шаппай, қаламының қарымы қайтып, қуаты суалғандығын білдірмесе керек. Ақын Әбіш өзінің жиырма бес жасында жазған «Археолог» өлеңінде былай дейді: «Жер үстінде қызыл төмпек құм қалды, Талай шөптің қыршып кетті тамырын. Археолог қырнап-жонып жылдарды, Ғасырлардың аршып жатыр қабығын. Қасапшыдай қос білегін сыбанып, Қолда пышақ жалақ-жұлақ етеді. Жердің төсін көптен жатқан құлазып, Ту биенің сүбесіндей кеседі. Археолог таңдайын көп қағады, Қасапшыдай қалың майға сүңгіген; Қызыл оба - қызылы жоқ жабағы, Жауыз жылдар бауыздаған сүңгімен...» Иә, аталмыш өлеңде айтылатын археологтың жер қабатына дендеп кіргеннен-ақ таңдайының көп қағылуы оқырман тарапынан өзгеріссіз Әбіштің өзін оқығанда қайталанып отырады. Оның шығармаларының тақырыбына дендеп кіре бергеннен-ақ босаға состиып тұрып қаларыңыз сөзсіз. Маған Айтматовтың Әбішке айтқан «Қазақ сөзі сенің шығармаларың арқылы ұлы асуларды алды» деген лебізі әсер еткені бар. Шынтуайтына келгенде, Әбіш қазақ сөзінің қанатын түрлі сәулелерге малып, сөздің өзге де жасырын жатқан ықпыл-жықпылы, қалтарыс-бұлтарыстарынан кейінгі ұрпақ жеткілікті азық боларлық қазына тапқан қаламгер. Оның қаламының қолынан сусып кетіп, қазақ халқын қара жамылдырған сәті шын оқырман мен ізгі қаламгердің есінен кете қоймасына бек сенеміз. Осы бір кәкір-шүкір сөздің басын құрап жазып отырған мақаламыздың соңын эпитафиямен аяқтауды жөн көрдік. Абыздың ақыры- Аңыздың басы (Әбіш қазасына. Экспромт) Жанарымда жас балалап… Құлағыма жел үріп… Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп… біткен шақта-… Жусан иісін Ажал иісі құшақтап… Қабырғасы арса-арса бұлттар тұрды егіліп… Нарға да ауыр нала арқалап Жүрек, байғұс, әбігер. Мұңы - жұпар, ділі бекем Ділі бекем, жаны да Өр. Шөңгесіне табан емес, тосып еткен маңдайын, Қара жерге қалай қияр Әулиесін Тәңір- Ел?! Қоңыр ойдан тін таратқан қоңыраулы жыр-кеуде, Тәңірінің нұрлы жүзін көретұғын күндерге Әулиелік пішінімен аяқ басты Біз пақыр зағип жанның аяғындай ғұмыр кешіп жүргенде… Қабырғасы арса-арса алып бұлттар егіліп, Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп… біткен шақта-… Тұр-ау Елі ұлы Абызын қия алмай, Жанарында жас балалап… Құлағына жел үріп… Хош! (келдің!)Еділбек ДҮЙСЕН