Бүгін, 2 ақпан Ұлттық басылым күніне орай «Маңғыстау-Медиа» ЖШС ғимаратында «Түбектен шыққан тұңғыш журналист қыз» атты Шарай Батырбайқызы туралы кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңа кітаптың лентасын "Маңғыстау" газетінің бас редакторы Ғалым Әріп пен Гүлзат Әбжетова қиды.
Шарай Батырбаеваның қызы Гүлзат Әбжетова кітапты құрастырудағы мақсаттарын, анасының журналистік жолы мен қалдырған ұлағатын сөз етіп, бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
«Бұл кітапты шығарудағы мақсатымыз – анамыздың сан жылдар бойғы еңбектері архивтерде шаң басып қалмай, жас ұрпаққа туған жердің әр саласынан шыққан майталман ардагерлерін зерттеуде көмекші құрал болуын қаладық. Бұл кітап болашақта журналист боламын деген өскелең ұрпаққа бағыттаушы бола алады»,- деді өз сөзінде Гүлзат Әбжетова.
Кітапта Шарай Батырбайқызының еңбек жолы, «Жаңа өмір» газетінің қиын -қыстау күндерде де жарыққа шығып, жылдар бойы аудан өмірінің тарихын қалыптастырғаны жайында жазылған. Сондай-ақ, газеттiң қалыптасуына ақпарат кеңістігіндегі өзiне лайық орнын тауып, аудан өмiрiнiң шын мәнiндегi айнасына айналуы жолында тер төккен азаматтар туралы естеліктер бар.
Шарай Батырбаева – Маңғыстау түбегінен шыққан алғашқы журналист қыздардың бірі. Ол кеңестік кезеңнің талап-тілегіне, үгіт-насихатына қарамастан, елдік мәселелерді берік ұстанып, қарапайым еңбек адамдарының шынайы бейнесін жазып қалдырған қаламгер.
Ол 1937 жылы 25 наурызда Маңғыстау ауданының Таушық топырағында дүниеге келген. Шахта орта мектебінде он жылдық білім алып, 1955 жылы мектепті үздіктер қатарында бітіреді. Арман арқалап, Алматыға аттанған ол ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсіп, 1960 жылы бітіреді. Өзінің туған жеріне оралған ол Маңғыстау ауданы «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет еткен.
1960 жылдан бастап ширек ғасыр бойы Шарай Батырбайқызы «Жаңа өмір» газетінің редакциясында зейнеткерлікке шыққанға дейін отыз жылдай үздіксіз жұмыс істеді. Түбектің сан салалы мәселелері жөніндегі мақалалары, хабарлары, очерктері мен репортаждары аудандық, облыстық газеттерде жарық көрген. 2006 жылы «Жан шуағы» жинақ кітабы жарыққа шықты.
Жиынға өңірдегі ардагер, аға буын журналистер қатысып, олар Шарай Батырбаева туралы естеліктерімен бөлісіп, жиналғандарды жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтады.