5 ақпаннан бастап аймақтың барлық ауданына метанмен жүретін 10 экологиялық таза және жайлы «Yutong» маркалы автобустар қатынай бастайды. Бұл бастама көліктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтауға, сұйытылған газды тұтыну жүктемесін азайтуға бағытталған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысына Ақтау қаласынан барлық ауданға қатынайтын жайлы автобустар таныстырылды. Жаңа автобустар 53 орынға арналған және желдеткіш жүйесі, қауіпсіздік камералары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған аппарель, метан қозғалтқыш және GPS жүйесі сияқты барлық қажетті құралдармен жабдықталған.
Автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін технопарк аумағында орналасқан алғашқы метан газ станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, паркте маршруттарды бақылауға және автобустардың ішкі бейнежазбаларын көруге мүмкіндік беретін диспетчерлік бөлме бар.
Автобустарды сатып алу және метан құю станциясын іске қосу облыстық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен «Каспий» ӘКК» инвестициялық жобасы шеңберінде іске асырылды.
Жобаның мақсаты Маңғыстау облысы жолаушылар тасымалын барынша қауіпсіз, ыңғайлы, сапалы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ нарыққа жаңа заманауи автобустар шығару.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысын әлеуметтік- экономикалық дамыту бойынша берген стратегиялық тапсырмаларын орындау шеңберінде облыс орталығын аудан орталықтарымен байланыстыратын автобус тасымалын ұйымдастыру жүзеге асырылып жатыр. Бүгін облысымыз үшін тарихи күн. Себебі, шалғай аудандарымыздың тұрғындары енді облыс орталығына жаңа, заманауи, ыңғайлы, үлкен кластағы туристік автобустармен қатынайтын болады. Бұл экологиялық және экономикалық тұрғыда тиімді болмақ. Айта кету керек, автобус паркін жаңарту процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдымен 120 автобус сатып алынды, олардың 70 - і қалаішілік көлік қызметін көрсетуге арналса, қалған 50 - і облыс орталығы мен Мұнайлы ауданы арасында ыңғайлы тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, 2024 жылы қосымша 100 заманауи автобус сатып алу жоспарланған. Бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және кеңейтуге ықпал жасайды», - деді Нұрлан Ноғаев.
Жол жүру құны 300 теңге мен екі мың теңге аралығында болады.
Мәселен, облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Ақтаудан Құрық ауылына дейінгі жол жүру құны бір адамға 300 теңге болса, такси құны бір адамға орташа есеппен 1300 теңгені құрайды.
Жаңа автобустардағы жол жүру ақысы:
«Ақтау-Жетібай-Ақтау» - 400 теңге;
«Ақтау-Форт-Шевченко-Ақтау» - 500 теңге;
«Ақтау-Шетпе-Ақтау» - 700 теңге;
«Ақтау-Бейнеу-Ақтау» - 2000 теңге;
Автобустағы бос орындарды қарау және билет сатып алу үшін 31А шағынауданында ("Сары базар") орналасқан мобильді павильонға бару керек. жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жақын арада кәсіпкер электрондық жол жүру билеттерін сатуды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.