Ақтауда 7-шағынаудандағы 26-үйдің тұрғындары өз ауласына 100-ге жуық ағаш отырғызған. Оның ішінде жеміс ағаштары мен мамыргүл (сирень) бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көпқабатты үйдің тұрғындары былтыр қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен байқауда «Үздік аула» номинациясын жеңіп алған болатын. Бірлігі жарасқан тұрғындар өз ауласына жасыл желек отырғызып, күтіп баптайды. Арамшөптерді жұлып, ағаштарды уақытылы суарады. Белсенді тұрғындардың айтуынша, аулада жиі сенбілік ұйымдастырылады.
- Мен бұл үйде 20 жылдан бері тұрамын. Тұрғындармен жиі сенбілік ұйымдастырамыз. Ағаштарды әктеп, орындықтарды сырлаймыз. Жасыл желектердің бұтақтарын қиямыз. Бірінші қабатта тұратын тұрғындарға ерекше алғысымды айтамын. Себебі олар жасыл желектерді отырғызып қана қоймай, ауланы абаттандыруға үлес қосып отыр. Барлық қаладағы үйлердің ауласы біздікіндей болсын дегім келеді, - деді 7-шағын аудан 26-үйдің тұрғыны Алина Берры.