Бүгін жазушы, журналист Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Үміт Жәлекеқызының 60 жасына арналған шығармашылық, кездесу кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қос қанатты қаламгер» атты әдеби кештің шымылдығын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Түгелқызы ашып, аймақ басшысының құттықтау хатын оқып берді.
- Құрметті Үміт Жәлекеқызы. Сізді асқаралы алпыс жас мерейтойыңызбен құттықтаймын. Сіз осындай мерейлі жасқа еліміздің руханият саласың өркендетуге сіңірген еңбегіңіз бен оқырмандарға сыйлаған тартымды туындыларыңыз арқылы жетіп отырсыз. Айтулы ақын, қарымды қаламгер ретінде өңіріміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты қызметтер атқарып, қазақ баспасөзін дамытуға мол үлес қостыңыз. Ұлттық руханияты үшін талмай еңбектеніп, әлі де талай өлмес туынды жазарыңызға сенемін. Алдағы уақытта да заман ағымына өз үніңізді қосып, әдебиет әлемінде мол табыстарға жетіп, жаңа шығармаларыңыз жарыққа шығып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін, - деген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз құттықтауында.
Сондай-ақ еліміздің Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева жазушы Үміт Жәлекеқызына арнайы «Құрмет» грамотасын жолдаған. Звира Түгелқызы осы марапат қағазын кеш иесіне табыстады.
- Журналист — елдің құлағы мен көзі. Өсіп, өркендеп келе жатқан елімізбен бірге ғұмыр кешіп, соның азаматтары туралы ақпаратты жарыққа шығарып жүрген жазушы әрі журналист қарындасымыз Үміт Жәлекеқызын, әрқашан жалыңыз биік болсын деп тілек білдіремін. Деніңізге саулық, творчестваңызға табыс тілеймін. Жасыңыз құтты болсын!-деді Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбаев.
Кездесу кешіне бір топ мәдениет қайраткерлері, жас оқырмандар қатысты. Оқушылар жазушының шығармаларына арнап шағын қойылым жасады.
- Әдебиетті, өнерді, рухани мәдени сыйлап осы кездесу кешіне келіп отырсыздар. Әдебиет — ұлттық руханияттың анасы, бірлігіміздің темірқазығы. Біздің барлығымызға жетпей жүрген ортақ нәрсе — адами құндылық. Ал ол осы қаламгерлердің шығармашылығы арқылы оқырманға жетіп жатады. Көңілімізге медет болып отырған бүгінгі бас қосудың себепкері, әдеби кештің ұйытқысы қарындасымыз Үміт Жәлекеқызының проза жанрында да, журналистикада да қалыптастырған өзіндік өрнегі ізіндегілерге үлгі болып жүр.
Қазақ қыздарының қанында асыл қасиет бар ғой. Ақпарат әлемі мен әдебиет әлеміне елеулі еңбек еттің. Табиғат пен адам болмысының экологиясын ғалымдар секілді тән мен руханият тұрғысынан зерделеп, оқырманға жеткізуіңнің өзі білім мен еңбекке келетін үлкен қасиеттер. Адал еңбегіңе сүйіспеншілікпен қараймыз. Денің сау болсын! Шығармылық табыс тілеймін, - деді халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Сабыр Адай.