Ақтауда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Кітап – рухани азық» атты байқаудың жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға шаһардағы 95 жастағы ең алғашқы ұстаз Салиха Ыдырысова қатысты. Қала әкімі Н.Қилыбай ұлы тұлғаны ұстаздар күнімен құттықтап, бар ғұмырын өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстазға алғысын білдірді.
Маусым айында басталған байқауда қатысушылар ережеге сәйкес 3 топқа бөлінді. Оларға жас ерекшелігіне қарай балалар ертегілері мен балалар әдебиеті, Ыбырай Алтынсарин, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Әуезов пен заңғар жазушы Ә.Кекілбаев, Е.Раушанов және Елбасы шығармаларын оқу бойынша тапсырмалар берілді.
Байқау нәтижесі бойынша Ақтаудағы №20 орта мектептің оқушысы Қосай Алихан I орын, №11 мектеп-лицейінің оқушысы Қалиолла Айерке, №20 орта мектептің оқушысы Исатай Альтаир және №19 мектеп-гимназияның оқушысы Алдонгаров Ержан II орын, ал №21 орта мектептің оқушысы Жумали Алдияр, №3 орта мектептің оқушысы Әли Берекетұлы жүлделі III орынға ие болды.
Одан өзге жарысқа белсенді қатысқан Күбірбай Адай, Қаражан Рамазан, Наман Әлғани сынды оқырмандар марапатталды.
Салиха Ыдырысова жеңімпаздарға қала әкімдігі атынан қаржылай сыйлық пен кітап табыстады, ақжарма тілегін арнады.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен. Мақсаты - жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштікке баулу. Бұған дейін байқаудың алғашқы кезеңі ұйымдастырылған. Оқырмандар арасындағы байқауды әр тоқсан сайын өткізу үрдіске айналып келеді.