Жақында ғана Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Ғани Меңтайұлы Кариннің «Тұғыры биік тұлғалар» атты көлемді еңбегі «Қазығұрт» баспасынан қайырымды азаматтар Бекет Тұрғараев және Мейрам Ахметжановтың қолдау көмегімен 1000 дана таралыммен жарық көрді.
Соңғы кезде өлкеміздің бас басылымы «Маңғыстау» газеті бетін де белгілі қоғам қайраткерлері туралы мақалаларымен көпке көсемсөзші ретінде танылып, 7 кітабын жарыққа шығарып үлгерген Ғани Меңтайұлы бұл еңбегінде әр мезгілде баспасөзде жарық көрген, көріп үлгермеген бірнеше мақалаларының басын топтастырып, оқырманға мұқабасы алтын әріптермен әдіптеліп, борлы қағазға басылған ең бегін оқырманға ұсыныпты.
Жаңа туынды екі бөлімнен тұрады. Кітаптың аты айтып тұрғандай бірінші бөлімі елімізге белгілі тарихи тұлғалар мен автордың замандас мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ғұмырбаяндық жолы мен өнегелі істері жөніндегі деректі естеліктерге арналса, «Сәтті сапарлар мен тың ойлар» аталатын екінші бөліміне автордың жеке өмірінде өшпес із қалдырған саяхат-кездесулері туралы сапарбаяндық үлгідегі мақалалары арқауб олған.
Автор аталмыш еңбегінің алғысөзінде: «Уақыт көп нәрсені ұмыттырады. Ол қоғамдағы іріліуақты оқиғаларға да, адамдарға да қатысты. Көз көргендер өмірден өтіп, ұрпақ ауысқан сайын оларды еске түсіру де қиындай түседі. Соған байланысты ақиқаттан алшақтау да кездесіп жатады. Оны болдырмаудың бір жолы – көргенбілгеніңді уақытылы қағаз бетіне түсіріп, кейінгілерге аманат ретінде қалдыру» дейді. Бұл пікірге қосып-алатын ештеңе болмас, өйткені аталмыш еңбекті автордың жоғарыдағы пікірін растайтын рухани дүние деуге әбден болады.
Кітаптың жиырма шақты беті көпке белгілі Кеңес Одағын 30 жылдай басқарған қайшылықты тұлға Сталинге арналыпты. Автор осы мақаласында Сталиннің саясатының кесірінен «...1921 жыл мен 1954 жылдың 1 ақпаны аралығында «контрреволюциялық қылмыс» деп аталатын кінәлаумен 3 770 380 адам сотталып, оның ішінде 642 980-і ату жазасына бұйырылғанын» айта келіп, демограф Мақаш Тәтімовтің 19371938 жылдары «халық жауы» болып атылған қазақтар санының пайыздық есеп бойынша грузиндерден – 2 есе, орыстардан – 3 есе, татарлардан – 4 есе, өзбектерден 5 есе көп болғаны туралы дерегін келтіреді.
Қазақ елін отыз жылға жуық абырой мен басқарған ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаев, қазақ мұнайының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз Сафи Өтебаев секілді аға буын тұлғалар туралы ілтипатпен жылы лебізін білдірген автор қанаттас інісі, қазақтың сүйіспеншілігіне ие болған қайраткер ұлы Иманғали Тасмағамбетов туралы мақаласында: «Күш-қуаты мен білімі мол, тәжірибесі бай Имекеңнің әлі де талай игі істер атқарарына еш күмән жоқ» деп, көптіңк өкейінде жүрген ойды айтыпты.
Өлке өндірісінің дамуына көп еңбек сіңірген Нәсіпқали Марабаев, қайраткер азамат Равиль Шырдабаев, өлкемізден өсіп шыққан мемлекет қайраткері Ләззат Қиынов, облысты басқарған бірінші басшылар Палымбетов, Әшімбаев, Мұқашев, Казаченко туралы әділ пікірін ақ қағазға түсірген автор, бүгінгі облыс басшысы Серікбай Трұмов туралы «Іскерлік, парасаттылықпен келген абырой»
атты мақаласында: «оның бойындағы еңбекқорлық, қарапайымдылықпен қатар, тағы бір екінің бірінің басына бұйыра бермейтін қасиетін айтпауға болмайды. Ол кадрлармен жұмыс істеу стилі» деген пікірін білдіреді.
Сонымен бірге белгілі азаматтар Мақсат Сқақов туралы «Бұрынғы билердің тұяғындай», Мейрам Ахметжанов туралы «Ақ адал дос», Құралбек Келжанов туралы «Көпке қадірлі Құралбек» атаған мақалаларында тұшымды ой түйеді.
Кітаптың екінші бөлімінде Ғани Меңтайұлының туған жері Нарын құмындағы Бөкей Ордасы туралы, Бекет Тұрғараевтың рухани маңызы бар істері баяндалса, онан соңғы мақаласында туризм саласы туралы тың ойларын ұсыныпты.
Сонымен біз шама-шарқымыз жеткенше жаңа дүниені жалпылама таныстырып шықтық, тақырыпқа сай түрлі түсті фотосуреттермен безендірілген бұл кітаптың басты төрешісі өздеріңіз, мәртебелі оқырман!
Үміт ЖӘЛЕКЕ