Қазақ халқының әдебиеті өркендемесе, құлдыраған кезі жоқ. Сөз өнерінде тоқырау кезеңі болуы мүмкін, бірақ ол да ізденіс пен толғаныстың әсерінен өзегі жарылып, биік шыңға жеткізеді. «Жаңа кітап» айдары бойынша назарларыңызға Жаңаөзен қаласының тумасы, жас ақын Рамазан Тұрмағамбеттің «Бабамұра – М» баспасынан шыққан «Құс жолы» атты кітабын ұсынамыз. Кәсіби домбыра аспабын үйретуші маман болуымен қатар Рамазанның өлең өлкесіне де қалам сермегені жан қуантады. Шығармашылығына мөлдірлік пен тұнықтық, туған жер, имандылық һәм табиғат сырларын сыйғызған жас ақынның жеткен жетістіктері де аз емес. Республикалық күйшілер конкурсының лауреаты атанған дарын иесінің жырлары әр жылдарда республикалық «Тұмар», «Шабыт», қалалық «Жаңаөзен жұлдыздары» журналдарында жарық көрген. Одан бөлек, «Менің тәуелсіз елім», «Жырла, ақыным достықты», «Студент көктемі – 2014» атты байқаулар мен мүшәйралардың жүлдегері атанған. «Бабамның жыры – байрағым» деп жырлаған жас ақынның жанынан түлеп ұшқан сөздер кез келген адамның жүрегіне мейірім ұялатары сөзсіз. Күтпеген сәтте шабытты шалқытып, шаттық шуағына бөлейтін қуанышы мен тебіренісі, кей тұста көңіл сезімін күпті етер мұң-наласы, толғанысы кезектесе өрілер өмірден өзінше ой түйген талапкер ақынның жыр шумақтарының шымырлығын оқырман қауым өзі бағалайды деген сенімдеміз.
Мадияр ТӨЛЕУОВ