Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қаланың 50 жылдық мерейтойы аясында «Өнертапқыштар» ғылыми конкурсы өтті. 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған конкурста мектеп оқушылары белсенділік танытты.
- Жобаның мақсаты - ел экономикасында инновациялық жаңғырту, яғни заман талабына сай жаңа технологияларды ойлап тауып, жаңашылдыққа бет бұрған жастардың басын қосу. Еліміздің инновациялық дамуына қосқан үлесі арқылы өнертапқыштардың имиджін көтеру, олардың туындыларын көпшілікке таныту, - деді қалалық жастар орталығының директоры Ғани Құрманғалиев.
«Хан сарай» мейрамханасында өткен сайысқа №21, №2, №18 орта мектептердің және Жаңаөзен мектеп гимназиясының оқушылары қатысты.
Жас өнертапқыштардың сайысын әділ бағалау міндеті ғылыми-инновациялық «Stem Center» орталығының директоры Нұрлан Жалғасбаевқа, Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Құрманғалиевке, «Саламатты Ел» қоғамдық қордың директоры Гүлзира Есетоваға және «Нұр Отан» партиясы ЖҚФ кеңесшісі Дария Керейге жүктелді.
Оқушылардың бірі робот пен көлік құрастырса, бірі тұрмыстық қалдықтардан жұмсақ орындықтар мен жарықшамдар жасапты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау қаласының іргетасын қалаған кімдер?Айбек Ырысбаев Рахат ауылындағы №21 орта мектептің оқушысы, денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алады. Айбек ұстазы Насиба Керімқұлова екеуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған трансформер орындық жасаған. Оның айтуынша, мұндай орындық балаларға ыңғайлы, ал асықтан жасалған арнайы төсеме аяққа өте пайдалы көрінеді.
Қазылардың шешімі бойынша ІІІ орын №2 орта мектептің оқушылары Бақтияр Сәрсенбай мен Дархан Абибуллаевқа бұйырса, ІІ орынды №18 орта мектеп оқушысы Жалғасбек Сұлтанғалиев иеленді. Ал І орынды №21 орта мектептің оқушысы Айбек Ырысбаев жеңіп алды.
Жеңімпаздарға дипломдармен бірге Маңғыстау ақын-жазушыларының жинағы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау әдістемелік құралдары және қаржылай сыйлықтар ұсынылды.
Айжан НАСЫРОВА