22-23 қыркүйек күндері Құланды ауылындағы «Ақ қанат» атшабар алаңына ойдан-қырдан қалың жұрт тағы жиналды. Бұл ретте Мұңалдағы Бәйімбеттің Көрпе ауылы ұлыларын ұлықтап, ұлан асыр ас берді.
Маңғыстау облысы мен өзге де аймақтардан келіп, асқа қатысқан қонақтардың қатары қалың. Алаңға тігілген 22 темір үйдің бәрі адамға толы. Шәй ішіп, шаршағанын басқандар орталық сахнада концерттік бағдарламаны жүргізіп тұрған жаңаөзендік танымал жыршы-термеші Арғын Бисенов пен бәйге алаңындағы кәнігі жүргізуші Ісенбай Қалдамановтың жан тебірентерлік саңқылдаған дауыстарын естіп, делебелері қозып, сыртқа қарай асығуда. Бірқатары жезтаңдай әнші-термешілердің өнерлерін тамашалауға кідіріп қалса, бірқатары дүбірлі доданың сәнін келтіріп, ұлттық спорттың алдыңғы шебін бастаған, желден жүйрік жануарлар мен қилы-қилы замандарда сантүрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, ерлерімізге қанат болған – Қамбар ата тұқымының бүгінгі ұрпақтарының ұлттық спорттағы өнеріне тәнті болып, жетістіктеріне сүйсіну үшін қиқулап, қошаметтеп, қолдап-қуаттауға бара жатты.
Жалпы ас-садақаның негізгі мақсаты мен міндеті - өлгендердің өнегелі өмірі мен еңбегін, ерлік істерін еске түсіріп, жұртшылыққа жарнамалап-жариялап, рухына құран бағыштап, бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі ету. Сол арқылы жастардың бойына достық, мейірімділік, имандылық, туысқандық, бауырмалдық, ауызбіршілік, татулық сияқты жақсы адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, елжанды, ұлтжанды, Отан сүйгіш, туған жер, өскен елге деген парыз бен қарызды санасына сіңіріп тәрбиелеу. Осы орайда Көрпе руынан шыққан азаматтар осынау алқалы аста Жандайұлы Көрпе атаға, оның ұлдары Маңғыбай, Аралбай, Түменбайға (Күйікке) және олардың ұрпақтары Доспамбет, Әлмен, Қабыл батырлар мен қазақтың тұңғыш геолог ғалымы, діндар және ұлы ғұлама, қуғын-сүргін құрбаны Тұрмағамбетұлы Оразмағамбет ахунның рухына дұға бағыштап, құран қатым еттірді.
Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы берегіректе ғұмыр кешкендіктен оның өмір жолы мен еткен еңбектері, істеген істері, тағдырдан көрген таршылықтары көпшілікке таныс екені айқын аңғарылып тұрды. Оның үстіне белгілі өлкетанушылар осы ғалымның өмірін әуелден зерттеп жүрген қаламгер Отыншы Көшбай мен Құрман Игібай сахна төріне көтеріліп, жиналған жұртшылыққа айшықтап әңгімелеп берді. Сондықтан аста бастан-аяқ Оразекеңнің аты мен атағы әңгіме арқауына айналды.
Алайда Жандайұлы Көрпе, оның балалары Маңғыбай, Аралбай, Түменбай жәйлі тұшымды деректер естиміз ғой деген үмітіміз ақталмады. Сондай-ақ, Доспамбет, Әлмен, Қабыл сынды батырлар туралы сараң да болса ештеңе айтылмады. Сол жеріне көңіліміз сәл қоңылтақсып қалды. Мүмкін ол ата-бабалардың өмір сүрген кезеңдері тым әріде болғандықтан болар деп топшыладық. Сондай олқылықтардың орнын түп-түгел толтырып тастамағанмен оқта-текте ел арасында айтылып жүрген әңгімелерден құлағымызда ішінара қалғандары мен кәрі тарихтың қатпарындағы құпиялардан туындаған аңыздардың кейбір нұсқаларына көзіміздің қиығы түсіп кеткен шежірелеріміз шерткен сырларға сүйене отырып, оқырмандардың есіне салып, қысқаша деректерді түсіндіргіміз келеді.
Жалпы Көрпе ауылы атақты тұлғаларға кенде емес. Әрі қанатын кеңге жайып өскен ауыл. Сол ұлықталуы тиіс ұлылар туралы жыршы-жырауларымыз бен ақындарымыз дәріптеген жыр-дастандары мен ел арасында айтылған аңыз-әңгімелер күйінде біздің дәуірімізге жетіп отыр. Тақыр жерді жалаң қолмен сипап қалмағанымызға шүкір етеміз. Сол үшін әңгіменің реті келгенде, соларды оқырмандардың есіне салып, көңілінде қайта жаңғыртып отыруды жөн көрдік.
Үлкендерден жеткен әңгімелерге қарағанда Текенің (Көрпе) өз басы туралы да, одан туған балалары туралы да әңгіме айтылмайды. Сол балаларынан тараған он немересінің ішінен Түменбайдан туылған Жамбауыл батыр болды деп айтады. Адай елінің Маңғыстауға келер қарсаңында түбекті мекендеп отырған түрікпен ағайындармен келіссөз жүргізуге келген Ескелді Бердалы мен осы Жамбауыл батыр сол түрікпендердің қолынан өлтіріліпті. Жалпы мұсылман халықтарының ортақ салт-дәстүрінде елші өлтірілмейді. Ал елші өлтіру – елдер арасындағы ымырасыз соғысқа негіз болады. Маңғыстау түбегінде отырған түрікпендердің ақыр түбінде түбектен қуылуының басты себебі де осында жатқан болуы әбден мүмкін.
Бердалы мен Жамбауыл батырлар түрікпендермен келіссөзге бірге келмеген секілді. Бердалы Қаратаудың тау тұмсығында жерленсе, Жамбауыл Қаламқас-Ақтау асфальт жолының бойында, Ақтау әуежайына жақын жердегі қауымға жерленген.
Ізтұрған Сариевтің шежіресінде: «... 1850 жылдардың ортасында қазіргі Бейнеу маңындағы Күйкен деген жерде... Байбоз, Жамбоз, Көрпе ауылдарының көп малын, жесірлерін Хиуа хандығының түрікпен жасақтары олжалап кеткен. Адайлар қырық кісімен Хорезмге жақындағанда Бурабай деген құдықта қуып жетіп, 250 жасағы бар түрікпендердің елу адамын өлтіріп, жесірлерін құтқарған. Бұлардан төрт адам өліп, бір адам жаралы болған. Өлгендер Жамбоздың Матайынан Еснияз батыр Қожабекұлы, Көрпенің Сырлыбайынан Қабыл...» деп жазады.
Маңғыстау топырағында қанын төккен Жамбауыл бабамыздан бергі тұста Көрпе ұрпақтары арасынан елге белгілі болған Бәйсеуұлы Бозай бай, оның баласы Есен бай, Құлтасұлы Доспамбет пен Әндірейұлы Қабыл батырлардың есімдері қастерленеді. Адай мен Табын арасындағы ұзаққа созылған жанжал кезінде Табындар Есен байдың жылқысын барымталап айдап кетеді. Сонда Адайдың шалдары: «Япырмай, енді бітім болатын болып жақсы болған екен. Табындардың Қыдыр дарыған Есеннің жылқысын алып кеткені жақсылықтың нышаны шығар» десіпті. Айтқандай-ақ, көп ұзамай арада бітім болып, жаугершілік тыйылған екен деп әңгімелейді үлкендер.
1994 жылы 27 мамырда «Жаңа өмір» газетінде марқұм Ерниязұлы Тілегеннің «Көрпе Әлмен батыр хақында» деректі мақаласы жарық көріпті. Бұл мақаланың тарихи-шежірелік кейбір деректерін таныстырып өтелік: «Маңғыстау өңіріне Хиуа хандығы дүркін-дүркін шабуыл жасап үнемі көз алартып келгені белгілі. Соның бірі – Хиуа ханының Оғылша деген батыры 300 қолмен келіп Сүгірәлі тайпасының Құрман, Таған деген байларының 9 ауылын 1853 жылы шабады. Қолға түскен еркек кіндіктерін өлтіріп, қатын-балаларын құл, күң ретінде пайдалану үшін және шабылған ауылдардың барлық малдарын алдына салып айдап кетеді. Көп олжамен қайтқан арсыз жаудан жесір мен малды қайтарып алып қалу үшін жан-жаққа хабарлап жинақтауға уақыт болмай, Байбоз-Жанбоздың екі, Көрпенің жеті ауылының жігіттері бірі қалмай жауға аттанады. Сөйтіп, Төленді, Ықылас батырлар бас болып Ақүйік деген жерде ұран отын жағып жігіттердің бас-аяғын жинайды. Бұл жерде Жамбоз Төленді батыр бас болып, ту ұстаушы Байбоз Ықылас батыр да қол бастаушы болған. Көрпе Әженнің балалары Нұрғара, Мұрын, Әлмен, Төртқара түгелдей жау артынан қууға аттанған еді» деп көрсетілген.
Осы шайқаста Хиуа ханының Оғылша батыры: «Әй, адайлар, жекпе-жекке шығатын жүрек жұтқан кімдерің бар?» деп айқайлайды. Ту ұстап келе жатқан Ықылас батыр өз жігіттеріне қарағанда, қапелімде жауынгерлер кідіріп қалғандай болды. Сонда шетте келе жатқан Әженұлы Әлмен батыр астындағы торысын тебініп қалып «Мен бар!» деп дауысы гүж ете қалады да, ілгері шыға береді. «Ия, Бекет, қолдай гөр, ата-баба әруақтары жебеп-желей гөр!» деп ат ойнатып ортаға шыға келеді.
Сөйтіп жеңіске жеткен Әлмен Оғылша батырдың астындағы арғымағын найзасының ұшымен тізгінінен іліп алып, ту ұстап тұрған Ықылас батырға әкеліп: «Ұстаңыз мынаны. Аспан аударылып жерге түссе де, жер шайқалып кетсе де бұл арғымаққа енді өзім мінемін!» депті... Қырық сарбаздың аттарының тұяғынан көтерілген шаң аспанда айналып күннің көзін тұмшалап құйын соққандай болыпты. «Ойбай, мыналар қалың қол екен ғой» деп жаулар қашуға бет алыпты. Төленді, Әлмен, Ықылас, Қабыл, Құлтас атаның баласы Доспамбет батыр. Жамбоздан Есенияз бас болып ұрандата айқай салып, жау ортасына лап қойыпты. Ештеңені аңғарып болмас жойқын шайқас басталып жүре беріпті. Азғана қол ержүректілік пен өлермендік танытып, күші өздерінен әлденеше есе көп жаулармен өршелене соғысыпты. Сол жерде жауларға қылыш тиіп, найзаға шаншылып қырғынға ұшырапты. Қалғандары тырағайлап беталды бас сауғалап қаша жөнеліпті. Шабылған тоғыз ауылдың мал-жаны шашау шықпастан түгелдей қайтарылыпты. Бірақ адайлардан да шығын болмай қалмапты. Көрпе Әндірейдің Қабылы, Құлтастың Доспамбеті, Матайдан Еснияз, Байбоздан Ықылас батырлар жастықтарын ала жау қолынан қаза тауыпты» дейді.
Осы жерде тағы бір ойланатын дүние, Жетібай Жылқышыұлының «Адай шежіресі» жинағында Хиуа ханының батыры Оғылшаны Ер Шотанның қасына еріп жүрген Рысалы батырдың Жанұзақ деген батыр баласы өлтірді деген де сөз бар. Ал мына жерде Көрпенің Әлмен батыры өлтірді делінген. Соған қарағанда біреуінде жаңсақтық бар-ау дейміз. Мынау енді Сүгірәлінің Құрман, Таған деген 9 ауылын шапқанда деп көрсетіліпті. Ал анада Жарыдағы Шотан мен Жетімек ауылдары тізе қосып жауға шапқандағысы айтылған әңгімеде. Сондықтан ұрпақты шатастырмай, сөз білетін шежірешілер осы жердің аражігін ажыратып алулары керек сияқты.
Жалпы бұл жерде Оғылшаны кім, қалай өлтірді дегенге тоқталғымыз келмеген. Көрпенің Әлмен, Қабыл, Доспамбет батырлары туралы әңгімелерді айтып, оқырманға жақынырақ таныстыруды мақсат еткенбіз. Міне, кешегі Көрпе ағайындардың берген ұлы асында осындай атақты ахун, батыр ата-бабалардың рухтарына арнап құран оқылып, қатым етілді. (Жоғарыдағы деректер Ж.Жылқышыұлының «Адай шежіресі» жинағы негізінде жазылды: - М.Ұ).
Астың 22 қыркүйек күнгі қонақасысында Маңғыстаудың, Жаңаөзеннің жыршы, термеші, жырау, күйшілері түнімен өнер көрсетіп жиналған жұрттың құлақ құрыштарын қандырды. «Өнер» МКҚК өнерпаздары ұйымдастырған «Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат атты» сахналық көрініс көрермендердің жүрегіне жол тапты. Одан кейінгі астың мәні мен мағынасын арттып, тойшы қауымға тамаша сыйлаған – ұлттық спорттың түрлері болды. Алғашқы күнгі 6 шақырымдық тай жарысымен басталған 12 шақырымдық құнан жарысы, 21 шақырымдық Ошақ бәйге жиналған жұрттың делебесін қоздырып, есте қаларлық естеліктердің жинағы іспеттес болды. Бәйге ертеңіне де 6 шақырымдық тай бәйгесімен басталды. Ал қалың көрермен қауымның көптен күткен Аламан бәйгесіне 39 сәйгүлік қатысты. «Тұлпардан тұлпар озар салыстырса, жүйріктен жүйрік озар жарыстырса» дегендей 36 шақырымдық ара қашықтықта Қызан ауылынан келген Бұғабай Мықырбаевтың «Қызылшаш» сәйгүлігі бірінші болып келіп, бас бәйгеге тігілген жеңіл автокөлікті алды. Екінші болып өткен Әлеке Бөлтековтің «Айтолқын» жүйрігі бәйгенің екінші орынына тігілген мотоцикльді иеленді. Үшінші орынның байрағы Сайын Шапағатов ауылынан келген Темірлан Ибраевтың «Сарыайғырына» және төртінші орынның сыйлығы бейнеулік Әбдіғали Таңатаровтың «Дрон» сәйгүлігіне бұйырды.
Бұл жерде айта кетерлігі Аламан бәйгенің бас жүлдесін жеңіп алған «Қызылшаш» Адай тұқымдас жылқы. Оның Араб, Ағылшын тұқымдас тұлпарларды шаң қаптырып, мәрені бірінші болып кесіп өткеніне жұрттың бәрі сүйсіне қол соқты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Классика қалай жазылады?- Мынау бүгінгі бас бәйгеге ие болған «Қызылшаш» үш жастағы дөнен. Мен жалпы шабандоздықты, атбегілікті осы «Қызылшашпен» тұңғыш бастауым. Негізінде бұл сәйгүліктің енесі Адай тұқымдас, ал атасы ағылшын мен арабты шағылыстырған тұқымнан, - дейді ат иесі Бұғабай Мықырбаев.
Ат бәйгесімен бір уақта Кір тасын көтеру, Қошқар көтеру және Палуан күрестері қатар жүріп жатты. Күреске де жалпы Маңғыстаудан 30-ға жуық палуан қатысты. Соның ішінде Жаңаөзен қаласының Ербол Игілік деген түйе палуаны бірінші орынға тігілген түйені жетектеп кетті. Екінші орынның 100 мың теңгесін ақтаулық Сабыр Қанаев алды. Үшінші орынның 50 мың теңгелік байрағы Түпқараған ауданынан келген Жасұлан Таңатовтың несібесіне бұйырды. Ал 70 келіге дейінгі салмақтағы палуандардың арасынан бірінші орынға ие болған Т.Қуанай тоңазытқышты иеледі. Екінші орынға ие болған Ерғазы палуанға 50 мың теңге берілді. Мейіржанов үшінші орынға тігілген 30 мың теңге жүлдені алды. Бұлардың бәрі де Маңғыстау өңірінің палуандары.
Кір тасын Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылынан келген Жомарт Роман 40 рет көтеріп бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынның жүлдесін Нұрсейіт Тұрланбаев жеңіп алса, үшінші орынның жүлдесі Бақтыбай Бекболұлына бұйырды.
Ұлттық спорт ойындарының ішінде ең қызықты болып өткендерінің бірі – қошқар көтеру болды. Себебі, бұл сайыста екінші және үшінші орын деген болмайды. Салмағы 60 келіге жуық қошқарды кім көп көтерсе, қошқар соған бұйырады. Осы бәсекеге де 20-дан астам спортшы қатысты. Жалпы біз қазіргі жігіттеріміздің ішінде спортпен тұрақты шұғылданып жүрген қайратты да қажырлы азаматтарымыздың көп екендігіне риза болып сүйсіндік. Оны осы қошқар көтеру бәсекесінен айқын аңғардық. Өйткені, әлгіндей салмақтағы қошқарды әуелі 39 рет көтерген жігітке ешкім тең келмес деп ойлағанбыз. Сөйтсек нағыз қажарлы жігіттер бір-бірінің аңысып аңдап тұр екен. Жарыс соңына қарай қызды. Сондықтан қошқар көтеру сайысы көбірек уақытқа созылды. Мысалы, Жаңаөзеннің Теңге ауылында тұратын спортшы жігіт Қуат Есбосынов 60 рет көтерді, ал Жаңаөзендегі №13 өрттен қорғау мекемесінің өрт сөндірушісі Бекен Мұхамед 64 рет көтерді. Айтпақшы, бұл Бекен деген азамат дәл осының алдында сол күні Жаңаөзенде болған такғы бір тойда осындай ауыр салмақты қойды 60 рет көтеріп, жеңіп алып келіп тұрған беті екен. Дегенмен бәрі де Шетпеден келген 26 жастағы Расул деген қазақ күресімен шұғылданушы жігітке теңесе алмады. Ол жаңағы 60 келіге шамалас қошқарды 67 рет көтеріп, бүгінгі жарыстың жеңімпазы атанып, әлгі мүйізі қайырыла айналған қошқарды мәшинесінің жүк салғышына салып алып өте шықты.
Жалпы Көрпе ауылы азаматтарының ата-бабаларының рухына арнап берген асы көпшіліктің көкейінен де, есінен де көпке дейін кетпейтін үлкен әрі маңызды шара болды. Асқа жиналған жұртшылық Көрпелердің жаңаөзендік азаматтарының ұйымшылдығына алғыстарын айтумен тарқасты.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН