- Марат Амангелдіұлы, Елбасы жыл сайынғы Жолдауында халықтың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударып, кәсіпкерлік бағытқа қарай бет бұруларына мемлекеттен қаржы бөліп отыр. Аудандағы жұмыссыз азаматтарды осы бағытпен қамту шарасы қалай жүзеге асырылып келеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қандай қызметтер атқарылуда?
- Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жыл басынан бері 2117 адам арызданып, оның ішінде 1963 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Тамыз айында жұмыссыз 1058 тіркелсе, 115 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жалпы орталықта тіркелген жұмыссыздар саны 501 адамды (5/50 – 332 адам) құрап отыр.
Ағымдағы жыл ішінде 1192 жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты, яғни сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 143 азаматты оқыту жоспарланып, бүгінде 41 адам оқып жатыр, 24 адам оқуды бітіріп, одан 3-уі жұмысқа орналасты. Әртүрлі мамандықтар бойынша оқуға ниет білдірген 58 адамның тізімі жасақталып, әңгімелесуден өтуге «Жаңа Серпін» орталығына жіберілді. Ал сұранысқа ие бухгалтерлік «1С» бағдарламасын оқытуға 70 адам қажет. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік оқыту бойынша ағымдағы жылы 103 адамды қамту жоспарланып отыр.
Бағдарламаның екінші бағыты кәсібін ашу немесе дамыту бойынша несие алатын азаматтарды «Бастау-Бизнес»» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және несие беру болып табылады. Аталған бағыт бойынша ағымдағы жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнеске» 215 адамды кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге жоспарланып, өтініш білдірген 153 адам тестілеуден өтті. Оның 125-і оқуды бітіріп, сертификаттарын алса, 28 адам оқудан шығарылды.
«Бастау-Бизнестен» білім алған 14 адамға «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 50 млн. теңге көлемінде несие беріліп, қазіргі таңда өзінөзі жұмыспен қамтып, бөлінген қаражаттар толықтай игерілді. Бұдан басқа алғаш рет жаңа бизнесидеяларды жүзеге асыру мақсатында 5 адамға 1 млн. 203 мың теңге мемлекеттік грант бөлінді. Қазіргі таңда толықтай құжаттары жиналып, комиссия шешімі жиналуда.
Бағдарламаның үшінші бағытын — жұмыссыздарды лайықты бос жұмыс орындарына орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар практикасын, қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы облыстарға бағдарлама шеңберінде өз еркімен қоныс аударуға көмектесу.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «7-20-25» арқылы баспаналы болғысы келетіндерге кеңесКешенді жоспар бойынша орындалуға тиісті 838 адамнан 651-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жоспардағы 90 адамнан 154-і жастар практикасына, жоспарланған 76 адамнан 131-і адам әлеуметтік жұмысқа орналастырылды, 165-і қоғамдық жұмыстарға қатыстырылды. Сонымен қатар үстіміздегі жылы жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шараға 2 млн. 831 мың теңге бөлінді.
Нормативтік құжаттарды даярлау бойынша Маңғыстау ауданы мәслихатының 2016 жылғы 21 қазандағы №5/51 «Маңғыстау ауданында әлеуметтік көмек мөлшерлерін және мұқтаж азаматтар санаттарының тізбесін бекіту туралы» және №5/52 «Маңғыстау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта аудан мәслихатының 2012 жылғы 24 шілдедегі №5/44 «Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім жобасы Маңғыстау ауданы әкімі аппаратына аудан мәслихатының кезекті сессиясына ұсыну үшін жобасы жолданды. Сондай-ақ пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарға қатысты мәселелер бойынша аудандық комиссиялар уақытылы өткізіліп келеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешкен құрбандарға және адамдарға жедел, кешенді әлеуметтік көмек көрсету мен алдын-алу және ведомствоаралық іс-қимылды жүзеге асыру бойынша ауыл әкімдеріне хат жолданып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі ескертілді. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша аудандық комиссия құрылып, аудан халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
- Аз қамтамасыз етілген отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдау мен қаржылай көмек биыл ауданда қанша отбасына тағайындалды?
- Халықты жұмыспен қамту орталығына 450 адамы бар 78 отбасынан өтініш қабылданып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы оқу орындарында оқитын, отбасының кірістері есептелмей, оқуға түскен студентке тағайындалды. Атаулы мерекелерде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету бойынша Маңғыстау ауданы мәслихатының 2016 жылғы 21 қазандағы №5/51 «Маңғыстау ауданында әлеуметтік көмек мөлшерлерін және мұқтаж азаматтар санаттарының тізбесін бекіту туралы» шешіміне сәйкес 22 наурыздағы Алтын және Күміс алқалы аналарға 4810 теңгеден, 1 мамыр мерекесіне орай 1950 мүгедекке 12025 теңгеден әлеуметтік көмек төленді. 9 мамырда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген адамдарға (Ауған соғысына қатысушылар, бейбіт кезде әскери қызметін атқару кезеңінде қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналарына, ҰОС жесірлеріне, ҰОС кезінде тылда еңбек еткен адамдарға, СА кезінде мүгедек болғандарға) - барлығы 213 адамға әлеуметтік көмек төленді.
1 маусым Балаларды қорғау күніне орай 277 мүгедек балаларға 12025 теңгеден жәрдемақы берілді. Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес үйде оқитын 23 баланың ата-анасынан түскен өтініш бойынша әлеуметтік көмек төленді. Қозғалуға қиындығы бар 1-ші топтағы 21 мүгедекке жеке көмекші тағайындалды. 125 мүгедек гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. 11 мүгедектен бөлмелік және серуендік креслоарба сұраған өтініштері тіркелді. Үйде күтім жасауға 60 мүгедек бала мен 5 жалғыз басты қартқа 14 әлеуметтік қызметкер арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Көкшетаудағы «Алмаз» шипажайына 77 және 8 бала Ақтау қаласындағы оңалту орталығына барып демалып, оңалып қайтты. 12 мүгедек 16 рет инватакси қызметін пайдаланды. Аудан кәсіпкерлері мен мемлекеттік мекемелерден мүжәлсіз отбасына қаржылай және күнделікті тұтынатын қажетті азық-түліктермен қамту бойынша қайырымдылық шаралары өткізілді.
Алдағы уақытта әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету міндеті тұр.
- Сұхбатыңызға рахмет.Сұхбаттасқан Ж.ӘЛІМБАЙҚЫЗЫ