Мақсатымыз – терең білім, өнегелі тәрбие
[ 2019 ] 14 тамыз, 10:37 | Қоғам
Жас ұрпаққа заманауи терең білім мен ұлттық болмысымызға негізделген өнегелі тәрбие беру - білім беру саласының ең басты міндеті. Бейнеу ауданымызда осы бағытта атқарылып жатырған жұмыстар жайлы тілшіміз білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлымен сұхбаттасқан болатын.
- Батырбек Демократұлы, бүгінгі таңда мектептерде білім берудің сапасын жоғарғы деңгейге көтеруге баса көңіл бөлінуде. Бейнеу ауданымыздағы мектептер даму екпіні қарқынды заманның осы талабына аяқ қосып үлгерді ме?
- Оқушыларға сапалы білім беру мәселесіне ауданымыздың әкімі Бейнеубек Әбілов үнемі көңіл бөліп келуде. Аяқталған оқу жылының басында аудан басшысы ұстаздармен жиналыс өткізіп, білім деңгейін көтеру бойынша мәселенің жілігін шағып, талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Мектеп бітірушілер арасында ЖОО-ларда тегін оқу кепілдігі - білім грантын иеленетін түлектер санын көбейтуді қадап айтты. Сөздің шындығын айтсам, бұл – тек ғана аудан әкімі емес, бүгінгі және жақын болашақтағы қоғамның ең басты талабы. Сондықтан мектептерде оқушыларға білім берудің сапасын жоғарылатудың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға жұмылдық. Нәтижеде мектеп бітірушілердің ҰБТ-да жиған орташа балы 2017 жылы 66,5, 2018 жылы 67,8 болған болса, 2019 жылы 84,96 болып, соңғы бір жылда бірден 18 балға жоғарылады. Атап айтуға тұрарлық жері, жуырда жарияланған республикалық комиссияның қорытынды мәліметі бойынша ҰБТ-ға құжат тапсырған 464 түлектің 71 пайызы, яғни 329-ы ЖОО-ларда тегін білім алу грантының иегері болғаны анықталды. Бұлардың көпшілік бөлігі - 251-і ЖОО-ларда білім гранты, қалған 78-і «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алады.
Білім беру саласындағы жетістіктер тек бұнымен шектелмейді. 2018-2019 оқу жылында аудандағы 25 орта мектепте 17839 оқушы оқыды. Олардың 52,76 пайызы «Жақсы» және «Озат» үлгерімге қол жеткізді. Биылғы түлектер арасында 13 оқушы «Алтын белгі», 12 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
- Білім деңгейін қысқа уақыт ішінде осындай деңгейге көтеруге қалай қол жеткіздіңіз?
- Мемлекетіміз мектептерде білім деңгейін жоғарылатуға қажетті мүмкіндіктерді жасауда. Атап айтатын болсам, ауданымыздың білім саласына 2018 жылы 5,8 миллиард теңге бюджет қаржысы қаратылған болса, 2019 жылы 7,4 миллиард теңге бөлінді, бұл – бюджеттің 57,1 пайызына тең қомақты қаржы.
Оқушылардың білім деңгейін көтеруге бірден-бір жауапты тұлға - мектептердегі мұғалімдер. Қазіргі таңда ауданымыздағы мектептерде жалпы 5123 қызметкер еңбек етіп жүр, олардың 2826-ы – мұғалімдер. Мына цифрларға көңіл бөлейікші: 152 мұғалім - жоғары санатты, 428-і бірінші санатқа, 498-і екінші санатқа ие. 180 педагог-сарапшы, 146 педагог-модератор, 139 педагог-зерттеуші, 3 педагог-шебер бар. Білім саласын дамыту бойынша заманның талабына лайық мұғалімдердің үздіксіз білімін жетілдірулері тұрақты жүргізілуде.
Өзіңіздің хабарыңыз бар, соңғы уақытта қоғамда мұғалімдер мәртебесін көтеру мәселесі мемлекеттік саясат деңгейіне жетті. Сондықтан «Nur Оtaп» партиясының XVIII съездінде Елбасының бюджет қызметкерлерінің айлығын 30 пайызға көтеру бойынша тапсырмасына сәйкес білім саласы қызметкерлерінің айлығы көбейе бастады. Биыл «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданады. Мұндай маңызды іс-шаралар әрбір мұғалімді қызметіне бұрынғыдан жоғары жауапкершілікпен қарауға бағыттайды. Уақыт талабынан қалып қалмау үшін біз мектептердегі педагогикалық ұжымдарға жағдай жасап, сосын талап қоюды дәстүрге айналдырдық.
- Батырбек Демократұлы, білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге заман талабы жоғары екенін көбірек тілге тиек етіп отырсыз. Сіз басшылық жасайтын салада озық үлгілерді қолдану деңгейі жайлы қандай пікірдесіз?
- Бүгінгі таңда білім беру саласына қойылып отырған жоғары талаптардың біреуі- компьютерлендіру мен ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. Аудан бойынша жалпы білім беретін барлық мектептер кең жолақты интернет желісіне 100 пайыз қосылып, 20 мбит/сек. интернет желісіндегі қызметтерден пайдалануда. Осы орайда айтуымыз керек, ауданымызда барлық мектептер мен мектепке дейінгі тәрбие орындары заман талабына сай автоматтандырылған жүйеге енгізілді. Оқушыларды қабылдау, кезекке тұру және жолдама беру-алу қызметтері автоматтандырылған жүйе бойынша жүзеге асырылуда. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысу мақсатында халықты «Негізгі цифрлық дағдылар» бойынша компьютерлік сауаттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз, биылғы жылдың 19 мамырында өткізілген талдау бойынша 5368 азамат оқытылғаны анықталды.
Бүгінгі таңда елімізде IT саласы кең қанат жайғаны баршамызға белгілі. Ғылыми көштің шаңында қалмауды ойлап, қапысыз қамдандық деуімізге болады. Өткен оқу жылында демеушілердің толықтай қолдауымен Бейнеу гимназиясында, Бейнеу лицейінде, Бейнеу орта мектебінде, Алтынсарин атындағы орта мектепте, Опорный орта мектебінде, Сам мектеп балабақша кешенінде IT сыныптары мен робототехника кабинеттері ашылды. Биылғы жылдың аяғына дейін тағы 6 мектепте ақпараттық технология сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір айтайын деп отырғаным, жаңа оқу жылынан бастап 4,9,10 сыныптардың оқушылары «Білім мазмұнын жаңарту» бағдарламасы негізінде білім алады. Ал 2020-2021 оқу жылынан бастап мектеп алды даярлық және 11 сынып оқушылары толықтай аталған бағдарлама бойынша оқытылатын болады. Бұл бойынша дайындық жұмыстарын қолға алдық. Оқушылардың білім деңгейін көтеру мақсатында ауданымызда қосымша білім беретін 5 жеке меншік орталықтар жұмыс істеп тұр.
- Білім мен тәрбие егіз деген сөз бар. Сіз осы екеуін қатар алып жүрміз деп айта аласыз ба?
- Ия, оқушыларға терең білім берумен бірге оларды еңбекке дағдыландырып, табиғатты, жалпы өмірді сүюге тәрбиелеп өсіргенге не жетсін. Бұл бағытта көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Олардың арасында өзім бастамашы болған «Жасыл мектебім-жасыл мекенім» жобасының орны ерекше. Санаулы жылдарда аталмыш жоба аясында Бейнеу лицейі, гимназия, Абай, Сам, Бейнеу, Үстірт, Опорный, Қалдығараев орта мектептерінде, 8 балабақшада (Бейнеу санаторлық, Боранқұл, Бейнеу, Манашы, Болашақ, Үстірт, Қарақұм, Болашақ) шағын жылыжайлар іске қосылды.Жыл соңына дейін тағы 8 мектепте іске қосылады.
- Шүкір, аймағымызда, оның ішінде ауданымызда халықтың табиғи өсімі жоғары, жан-жақтан көшіп келушілер бар.Тұрғындар санының қарқынды өсіміне байланысты балаларды мектеппен қамтуда қандай да мәселелер туындап жатқан жоқ па?
- Дұрыс айтасыз, биылғы оқу жылында мектепке 18630 оқушы келеді деген болжам жасап отырмыз. Бұл – өткен оқу жылымен салыстырғанда 791 оқушыға көбейеді деген сөз. Өсім әзірше пәлендей қиындық туындатпайды. Өйткені, ауданымызда, оның ішінде Бейнеу ауылында мектептер жеткілікті. Осы орайда мен тағы бір деректі алға тартсам, сұхбатымыздың көлемі созылып кетпес пе екен?
- Негізгі әңгімемізге қатысы болса, айтып өткеніңіз жөн ғой...
- Әрине, қатысы бар, тағы әңгімеміздің мазмұнын байытуға ықпалы тиюі мүмкін. Ендеше айтайын. Өзге көпшілік өңірлердегі секілді біздің ауданымызда сәбилерді балабақшаларға орналастыру өткір мәселеге айналған жоқ. Бүгінгі таңда мемлекеттік 21, жеке меншік 3 балабақшаларда 2561 бүлдіршіндер тәрбиеленуде, бұл – 3-6 жас аралығындағы балалардың 98,1 пайызы балабақшамен қамтылған деген сөз. Ағымдағы жылы Боранқұл ауылында 50 орындық балабақша ашылуы жоспарда тұр. Мектеп жасына дейінгі сәбилерді балабақшамен қамту жыл соңына дейін 100 пайызға жетуі күтілуде.
- Батырбек Демократұлы, соңғы кезде көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек беру жайлы көбірек айтылып, жазылып жүр. Бұл мәселе ауданда ауыз толтырып айтатын деңгейде шешіліп жатыр ма?
- Сіз айтып отырған топтан шыққан балалар қамқоршылық, қорғаншылық деп аталатын қызмет түрлерінен пайдаланып, отбасы осал топқа енетін әрбір оқушыға жергілікті бюджеттен 25250 теңге төленеді. Бір ғана өткен оқу жылында оқу айлығы қорынан 930 оқушыға 15,8 миллион теңгеге оқу құралдары мен киім-кешектер алып берілді. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан 930 оқушы мен 1 сыныпта оқитын 2159 оқушы оқу жылы бойында тегін ыстық тамақпен қамтылды. Мынаны да айтып өтейін, өткен оқу жылында мүмкіндігі шектеулі 56 оқушы арнаулы топта, 57 оқушы өз үйлерінде жеке оқытылды, мұндай қамқорлық жаңа оқу жылында жалғасады. Айтпақшы, биыл оқушылардың жазғы демалысына жергілікті бюджеттен 8,9 миллион теңге қаржы бөлініп, 22 мектеп жанынан бір мезгіл тамақпен қамтылатын сауықтыру лагерьлері ұйымдастырылып, 3 ауысымда 4500 оқушы қамтылды. 5 оқушы Алматы, 45 оқушы Ақтаудағы сауықтыру лагерінде дем алып келді. Ал осал топтағы отбасылардан 5 оқушы Италияның көрікті Чезанатика қаласына дем алысқа жіберілді.
- Ал жаңа оқу жылы алдынан дәстүрге айналған, «Жүректен жүрекке!» ұранымен жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы жүріп жатқан шығар?
- Ия, ұйымдастырылып жатыр. Бұл акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына көмек беру. Акция басталғаны туралы хабар «Рауан» газетінде жарияланды, әкімдік сайтына, өзге де әлеуметтік желілерге салынды. Ірі кәсіпкерлерді, жалпы көмек көрсетуді сүйетін жомарт жанды, мырзақол азаматтарды аталған шараға қатыстыру мақсатында хаттар жолдануда. Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін шұғыл қарау үшін аудандық білім бөлімінде 2-56-99 нөмірлі сенім телефоны істеп тұр. Сенім телефондары тек білім бөлімінде емес, барлық білім беру ұйымдарында бар. Аталған акция аясында қазіргі таңға дейін әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасы балаларына 345 мың теңге көлемінде оқу құралдары мен мектеп формасы алынды. Жаңа оқу жылына жергілікті бюджеттен осал топтағы отбасылардан шыққан 930 оқушының әрбіріне 17 мың теңгеден, жалпы 15 миллион 810 мың теңге қаралды. Алдағы уақытта мектептердің мемлекеттік сатып алу порталында конкурс өткізу тәсілімен сырт киім, аяқ киім алып беруді жоспарлап отырмыз.
- Батырбек Демократұлы, «Білім мазмұнын жаңарту» бағдарламасына өту қарсаңында мектептерде білім сапасын әлі де жоғарылату бағытындағы ойларыңызды білсек...
- Жоспар көп. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңа модификацияда компьютерлендіру арқылы нығайту, IT сыныптарын жедел көбейту – ең басты міндетіміз. Оқушылардың тәртібіне баса көңіл бөліп, құқық бұзушылыққа қарсы алдын алу шараларын күшейтеміз. Мектептердің қасынан шағын жылыжайлар салу ісін жалғастырып, оқушыларды табиғатты сүюге, еңбекке баулуға көңіл бөлеміз. Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіруге баса көңіл бөліп, мектептерде ұлттық спорт үйірмелері мен «Домбыра» қосымша сабақтары ұйымдастырылады. Сөзімді түйіндеп айтарым, басты мақсатымыз – білім мен тәрбиені жоғары деңгейге жеткізу.
- Батырбек Демократұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін сізге ризалық білдіреміз!
Сұхбаттасқан Қартбай ҚОЖАЕВ
1896
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.