Жаңа жыл қарсаңында Бейнеу аудандық «Абыл» мәдениет үйі ғимаратында аудан әкімдігі ұйымдастырған Президент шыршасы өткізілді. Жаңа жылдық мерекені аудан әкімі Бейнеубек Әбілов ашып, балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Үлкен экраннан ағымдағы жылы берекелі Бейнеуімізде атқарылған жұмыстар бейнекөрсетілім арқылы көрсетілді.
Президент шыршасына арналған салтанатты шарада Бейнеу орта мектебінің ұжымы «Жарқырайды жыл шамы» атты жаңа жылдық бағдарламасын ұсынды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дәстүрге еніп, жыл сайын аталып өтетін Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы бұл Президент шыршасының көркемдік безендірілуі әсемдікпен көз тартып, фойедегі әдемі көріністер балаларды еріксіз баурайды. Ортада жарқыраған жасыл шыршаны айналып ән салып, билеп жүрген балалардың қуанышында шек жоқ. Жаңа жылдық кеш тұтастай мультфильм желісінде ұйымдастырылып, түрлі қойылымдар қойылды.
Соның бірі көрермендерге ұсынылған қойылымда қыстың боранды күнінде орман ішінде Аяз атамен бірге қыдырып жүрген Ақшақар атасынан көз жазып адасып, Қолтырауын Гена мен Чебурашкаға жолығып, жаңа жылдық мерекеге аттанады. Мерекелік кеште Мыстан кемпірдің Аяз атаны қатырып, мұзға айналдырғанын көреді. Балалар Аяз атамен қауышу үшін бар өнерін ортаға салып, би билеп, әннен шашу шашады, ақырында Аяз атамен кездеседі. Қойылымдағы негізделген басты мақсат балалардың қандай қиындық, кедергі болса да, оны ауызбіршілікте, ұйымшылдықпен жеңіп, Аяз ата мен Ақшақарға қауышып, мерекелік жаңа жылдың қуанышын бірге тамашалау. Мектеп ұжымының мұғалімдері мен оқушылары жаңа жылдық кешке белсене атсалысты.
Бұл мерекеде «Хайуанаттар әлемінен», «Ертегілер елінен», «Мыстан кемпір», «Сайқымазақтар» т.б. кейіпкерлер балалармен бірге болып, қызыққа кенелтіп, шаттығын бірге бөлісті. Мерекеге кәсіпорын және мекеме басшылары, ата-аналар қатысып, қуанышқа ортақтасты.
Шырша мерекесінің шырайы - Аяз ата мен Ақшақарды асыға күткен балалар құшақ жая қуана қарсы алып, ортаға алып би биледі. Жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтаған Аяз ата мен Ақшақар балалардың көрсеткен өнерлеріне тәнті болып, сыйлықтар үлестірді.
Осылайша мерекелік шараның қызығын тамашалаған бүлдіршіндерге «Бейнеу Жарқын болашақ» қайырымдылық қорының төрайымы Құралай Ізтілеуова әлеуметтік қолдауды қажет ететін 34 балаға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады.
Президент шыршасы бағдарламасы аясындағы тартымды ойын-сауық балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, болашаққа деген сенімін нығайтып, жүздеріне қуаныш нұрын ұялатты.
Үміт ҚАЗДАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68039,68038,68040"]