Бүгін Ақтауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Мұнайлы ауданының 20-ға жуық кәсіпкері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аудан кәсіпкерлері жәрмеңкеге сүт өнімдері, кептірілген балық, ұн, ет, көкөністер мен жеміс-жидек ұсынып отыр.
Жәрмеңкеге келген кәсіпкердің бірі – Әбіш Нұғыман. Ол 20 жылдан бері балық өнімдерін дайындайды. Яғни балықтың әр түрін тұздап, кептіріп, сатылымға шығарады.
«Бұл кәсіпті 2000 жылдары әкем қолға алған. Одан кейін інім екеуміз жалғастырып жүрміз. Бастапқы уақытта тек хобби ретінде айналыстық. Ал қазір кәсіп ретінде қарап, оның алға жылжуы үшін жоспарлар құратын болдық. Біз балық ауламаймыз, тек бізге жеткізілген балықтарды тазалап, кептіреміз. Әрине, кәсіпті бастау оңай болған жоқ, нәтижесі де көңіл көншітпеді. Қаржы да жетпеді. Шамамен бір жыл бұрын банктен несие алып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық», - дейді кәсіпкер Әбіш Нұғыман.
Оның айтуынша, өнім бағасы өзгеріп отырады. Жазда арзан болса, қыста сәл қымбаттау болады. Ал жәрмеңкеде кептірілген балықтар 1 500 – 3 000 теңге аралығында сатылып жатыр.
Ал кәсіпкер Қуандық Райымқұлұлы жұмыртқа, құс етін сатылымға шығарып отыр. Ол алғашқы кезде жұмыртқа өндірумен айналысқан, алайда кәсібі көп ұзамай банкрот болған.
«2014 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысамын. Бірінші жұмыртқа шығардық, қазір құс етін өндіруге ауысып кеттім. Себебі жергілікті әкімдік жұмыртқаны сатуға мүмкіндік бермеді. Алаң тауып бере алмады, солай 300 мың доллар жұмсаған кәсібім банкрот болды. Ешқандай субсидия берілмеді», - дейді ол.
Қазір ол құс етін сатуға көшкен. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама арқылы тек су мен газды жүргізіп алған. Қалғаны өз қаражаты есебінен жүріп жатыр.
«Егер жергілікті билік сатылым алаңдарын ашып берсе, онда жылына 1 200 тонна құс етін өндіруге болады. Ал қазір тек өзім үй жағдайында және белгілі бір тапсырыс аясында жылына 500-600 тонна құс етін өндірудемін. Соның өзін әрең сатып тұрмын. Бағасы 850 теңгеден басталды, содан 1180 теңгеге дейін барады», - дейді «Тұман-шах құсы» мекемесінің директоры Қуандық Райымқұлұлы.
Жалпы Мұнайлы ауданында соңғы 5 жылда шағын кәсіпкерлік субъектісі 88 пайызға артқан. Соның негізінде 10 732 адам жұмыспен қамтылған.
«2017 жылы 33 кәсіпкерлік нысан, 738 шағын және орта бизнес субъектісі болған. Қазіргі таңда шағын кәсіпкерлік субъектісі 6 118-ге жетсе, кәсіпкерлік нысан 2 500-ден асты. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беріліп жатыр. Соның аясында сүт өнімдері, құс еті, қиыршық тас, пенопласт және тағы да басқа өнімдерді нарыққа шығарып отыр», - дейді Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадина Жанжігітова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН