Мұнайлыда «Aqmol» деген атаумен сүт өнімдерін шығаратын зауыт жұмыс істейді. Зауыт соңғы 2 айда тәулігіне 5 тонна сүт өнімін шығарды. Мұнда 22 түрлі ақ өнім дайындалады, -деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Біз алдымен зауыттағы тазалыққа мән береміз. Сонда ғана таза өнім шығады. Аптасына 2 рет тазалық күні өтеді. 30 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріміздің 90 %-ы – мұнайлылық. Сондай-ақ өнімдеріміздің барлығы еш консервантсыз, ГМОсыз, таза өнім»,- дейді «Aqmol» ЖШС жетекшісі Асхатжан Ибрай.
Аталған зауыт өнімі сырттан әкелетін тауармен салыстырғанда 30% арзан.
Кәсіпкердің айтуынша, «Aqmol» айрандарының бағасы өңірдегі басқа айрандармен салыстырғанда 28%-ға төмен. Наурыз айында өнім қуатын арттырып, тәулігіне 20, артынша 50 тонна сүт өнімін шығаруды жоспарлап отыр.
«Бұл кәсіпті бастарда да, қазір де үкіметтен зор қолдау көріп келеміз. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 6%-бен 160 млн несие алдық. Егер оны екінші деңгейлі банктерден алсақ пайызы әлдеқайда көп болар еді. Одан бөлек зауыт заманауи техникалармен жабдықталған. Ауыл шаруашылығы басқармасы осы техникаға кеткен қаражаттың 25%-ын субсидиялап отыр. Сонымен қатар қызметкерлер жалақысының 35 пайызын үкімет төлейді. Сондай-ақ біз қосымша құн салығынан босатылдық»,-дейді Асхатжан Кәрімжанұлы.
«Aqmol» өнімдері қазір Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының сауда орталықтарында сатылып жатыр.