Бүгін мектеп оқушылары оқу жылының 3-тоқсанын бастады. Карантиндік талаптарға сәйкес 47 799 оқушы онлайн, 119 091 оқушы штаттық режимде білім алып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Аймақта 171 мектеп 167 500 оқушымен үшінші тоқсанды бастады. Облыс, аудан орталықтарының 600 оқушыға дейінгі білім беру ұйымдары – оқытудың штаттық режимі, 600-ден астам оқушысы бар мектептер – қашықтан оқыту форматы, ауыл мектептері – штаттық форматта, 1-2-сыныптар – оқытудың штаттық форматы және 3-5-сыныптар кезекші сынып режимінде оқиды», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева.
Оның айтуынша, 5 аудандағы мектептер және Ақтау қаласындағы Өмірзақ елді мекеніндегі, Жаңаөзен қаласында Рахат, Теңге, Қызылсай ауылындағы мектептер санитарлық талаптарды сақтап, штаттық режимде жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қалалық жердегі оқушылар үшін интернет қолжетімді. Ал 3 100 оқушы роутермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар аз қамтылған көп балалы отбасылар арасынан компьютерге мұқтаж 2 881 оқушыға қажетті техникалық жабдық уақытша берілді. Осы ретте өңірдің бас ұстазы онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылар мектептен компьютер ала алатынын ескертті.
Мектептерде санитарлық құрал-жабдықтар жеткілікті және сынып бөлмелері тазартылып тұратынын атап өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА