© Фото видеодан скриншот. Подслушано Актау парақшасынан алынды
Жақында Бейнеуде карьер иелері темір жол станциясы вагондарды кеш қойып, тас тиеп келген жүк көліктерді көп күттіретінін айтып, шағымданды. Карьер иелерінің бұл шағымына "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ҚТЖ баспасөз қызметінің айтуынша, мұндай жағдай өңірдегі шаңды дауыл мен мамырда жауған жаңбыр салдарынан жиі қайталанады. Яғни ауа райы қолайсыздығынан темір жолдың өткізу қабілеті төмендеген.
"Қазіргі уақытта теміржолшылардың барлық күші темір жол жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Соңғы жылдары құрғақшылық салдарынан жапа шегіп келген өңір тұрғындары үшін көптен күткен жаңбыр жауа бастады, сондықтан да табиғи құбылыс әкелген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз", - деді "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін біз карьер иелерінің шығынға батып, жұмысы тұрақтап қалғанын жазған болатынбыз.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА