© Фото видеодан скриншот. Подслушано Актау парақшасынан алынды
Бейнеу ауданында тас өндіретін карьер иелері Қазақстан темір жолы мекемесінің қызметіне көңілі толмайды. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы айтып, видео жолдаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, Бейнеудегі карьер жұмысы ҚТЖ мекемесінің жауапсыздығынан шығынға батуда. Яғни, тас тиеп келген жүк көліктері түске дейін тізіліп тұрады. Себебі Бейнеу станциясы түске дейін вагон қоя алмай, карьер қызметкерлерін көп күттіреді екен.
"Мұндай жағдай тек бүгін ғана емес, бір айдан бері қайталанып жатыр. Бейнеу станциясына айтса "диспетчерлік пункт Ақтөбеде, біз білмейміз" деген. Ал Ақтөбеге шықса, "Бейнеу жауап беру керек, біз оны қайдан білеміз" деген. Осылайша, ҚТЖ мекемесі бір-біріне сілтеп жүргенде, Бейнеудегі тас өндіретін карьерлер шығынға батып жатыр", - деді желі қолданушысы.
Сонымен қатар ол карьерлер 10 күн сайын неше вагон тиейтін жоспарын беретінін айтты. Егер жоспарды орындай алмаса, әр вагонға 4 мың теңге төлейді.
Бұл Бейнеу ауданынан өнім шығаратын жалғыз тас карьерлерінің жұмысына кері әсер етеді. Осы ретте желі қолданушысы "Неге осылай бір мекеме, келесі бір мекемеге кедергі келтіреді? Бұл мәселемен айналысатын қандай мекеме бар? ҚТЖ мекемесін кім тәртіпке салады?" деген сұрақтарды естуші мемлекетке қойды.
Редакция ҚТЖ мекемесінен пікір күтіп отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА