Қарақия ауданының «Бопай» стансысында ашық футбол алаңы пайдалануға берілді. Теміржолшылар футбол командасын құрып, болашақта түрлі деңгейдегі турнирлерге қатысуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
«Бопай» стансысы Қарақия ауданының орталығынан шалғай орналасқан. Онда алпыстан астам теміржолшы тұрады. Жиырмаға жуық тұрғын үй мен жатақхана бар. Бұған дейін стансыда бірде-бір спорт нысаны болмаған.
- Керемет салынған. Жарықтандырылуы да жақсы. Теміржолшылардың жағдайын жасап жатқанына алғысымыз шексіз. Елдімекен азаматтарынан құралған «Бопайдың темір арландары» деген футбол командамыз да бар. Болашақта арамыздан үздік ойыншылар шығатынына сенемін, - деді теміржолшы Талғат Мұратбайұлы.
Қарақия ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Болашақ» ауылдық округі әкімдігінің мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «ЖК Сабыров» жеңімпаз деп танылып, наурыз айында алаңының құрылысын бастаған. Құрылыс жұмыстарына екі ай уақыт кетіп, бүгінгі күні футбол алаңы пайдалануға берілді.