WhatsApp мессенджерінде 1 маусым «Балалар мерекесіне» орай бір реттік әлеуметтік көмек беріледі деген ақпарат тарады. Яғни, «Kaspi.kz» қосымшасындағы әлеуметтік көмек шотын аштыру арқылы 18 жасқа толмаған бір немесе үш баласы барлар 116 мың теңге, көпбалалы аналар 192 мың теңге бір реттік әлеуметтік көмек ала алады делінген. Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жайсанкүл Досполова бұл ақпартты жоққа шығарды.
⁃ Қандай да бір әлеуметтік жаңа көмек түрі іске қосылатын болса, ол жаңалық алдын-ала талқыланды. Заңнамалық құқықтық актілер қабылданады. WhatsApp желісінде таралған аудио жазбаларда айтылған әлеуметтік көмек туралы ақпарат жалған. Қазіргі уақытта көп балалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ондай санатқа төрт не одан да көп бала саны бар отбасылар жатқызылады. Сонымен қатар, отбасындағы жан басына шаққанда табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді, - деді Жайсанкүл Досполова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны «Kaspi gold» қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер арқылы жүзеге асыра алады. Бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына берілетін жәрдемақы мөлшері 116 394 теңге, яғни 38 АЕК, төртінші және одан да көп балаға 192 969 теңге, яғни 63 АЕК-ні құрайды. 1 мамырдағы жағдай бойынша 134,1 мың адам 18,4 млрд теңге жәрдемақы алды.