Бүгін, 17 қаңтар күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының үдемелі индустриалды дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында өңірдегі туризм және теңіз саласының дамуы үшін қажетті екі инвестициялық жоба қаралды. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкер Ақтау қаласының 14а шағын ауданында теңіз айлағын салуды көздейді. Оның бірінші қабатында келушілерге арналған дәмхана жұмыс істесе, ал екінші қабатында су көлігіне міну үшін арнайы күту орны тұрғызылмақ. Теңіз айлағы 2023 жылдың I жартыжылдығында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, үйлестіру кеңесіне Түпқараған ауданы Аташ елді-мекенінде балық аулауға бағытталған айлақ салу жобасы ұсынылды.
- Жаңа кешен 3 кезеңнен тұрады. Әуелі кеме тұрағын жасақтап, қоршауын дайындаймыз. Содан соң белгіленген аумақта балық өңдейтін цех салынады. Онда ысталған, консервіленген балық өндіруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ мұнда әкімшілік нысандар да бой көтереді. Ал 3-кезеңде келушілерді кемемен серуендететін қызмет жүзеге асады. Жоба 2025 жылы толықтай іске қосылып, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс, деді жоба жетекшісі Қанат Қыдыр.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері ұсынылған екі жобаны да мақұлдады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз қаражатына жүзеге асырылатын жобаларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты. Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.