Былтыр маусымда мал азығы үшін Үкіметтен бөлінген 2 миллиард теңгеге жуық қаражаттан бір реттік көмек қолына тимеген шаруалар да аз емес екен. Шаруалардың айтуынша, мал басын бірдейлендіру базасына тіркесе де осы күнге дейін тиісті қаражатты алмаған.
Малымызды тіркеп, 50 жылқыға чип сатып алдық, түйені сырғаладық. Елдің бәрі ақшаны алып жатқан кезде біз де сұрадық. Сонда «сіздің малыңыз компьютерге енбей қалды» деп айтты. Одан кейін «жасыл дәлізбен тіркейсіздер» деді. Жасыл дәлізге күзде тіркедік. Енді соны әлі күтіп отырмыз, ақша әлі түскен жоқ, - дейді шаруа Абылай Сайынов.
Мен төрт түлігімді жазда тіркегенмін. Министрлікке кейбір құжаттарым өтпеді. Қайта-қайта қоңырау шалып, күзге жақын жасыл дәліз бойынша өткіздім. Екінші жасыл дәліз бойынша қаражат беріледі деді, бірақ берілмей қалды ғой, - дейді шаруа Талғат Орамалов.
Сондай-ақ, бірдейлендіру базасына тіркеу үшін бір мал үшін 600 теңге төлейміз дейді шаруалар. Мәселен 50 бас малды чиптеу үшін 30 мың теңге шығын шығады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше былтыр қазан айына дейін Үкіметтен бөлінген 1,9 миллиард теңге қаражаттың 1 миллиард 248 миллион теңгесі игерілген.
Ауыл шаруашылық жануараларының аналық басын күтіп-бағуға жұмсалған шығындардың өтемін ала алмағаны анықталды. Осы себепті аймақтағы шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін 660 миллион теңгеден астам қаражат бөлуді көздейтін жұмысты бастап кеттік. Қазіргі таңда басқа да мемлекеттік органдармен осы мәселе бойынша келісімдер өтуде, - дейді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы.
Былтыр желтоқсанда маңғыстаулық шаруалар ауыл шаруашылығы министрімен кездесуге барғанда Ербол Қарашөкеев қаңтардың ортасында Маңғыстау облысына келіп, ауыл-елді аралаймын деп уәде берген еді. Бірақ, әлі бұл өңірге министрдің табаны тимеді. Десе де, төрт көзі түгел шаруалар Ербол Қарашөкеевті күтіп отыр. Ал министрлік баспасөз қызметі қаражат басқа да өкілетті органдардың мақұлдауынан өтсе, бірден іссапарға шығамыз деп отыр.
Махаббат Нұржанқызы