Маңғыстау облысына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен келді. Ол Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы білім беру нысандарын аралап, жұмысымен танысты. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Атап айтқанда, Жаңаөзендегі №21 «Айзере» балабақшасының және №22 мектептің материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылуын, оқу кабинеттерін, бейнебақылау камераларымен және дабыл түймелерімен жабдықталуын тексерді. «Каспий» колледжінің жұмысымен де танысты.
Содан соң ол №29 мектептің іргесін кеңейту мақсатында жүріп жатқан жапсарластың, 1 200 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты. Мектеп биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал жапсарлас бір ай ішінде аяқталуы мүмкін.
Сонымен қатар Білім министрі Асхат Аймағамбетов «Yessenov University» жоғары оқу орнына барып, академиялық артықшылық орталығын құру жобасының презентациясымен танысты. Оқу корпусын аралаумен қатар студенттер тұратын жатақханаға барып, университеттің жаңа жатақханасының құрылыс барысын бақылады.
«Маңғыстау облысында да қалыптасқан дәстүрге сай әріптестермен кездесу өткізіп, барлық идея мен ұсынысты тыңдап, оларды толғандырған немесе қызықтырған сұрақтарға жауап бердім. Мектеп директорларымен кездесу барысында өңірге педагогтерді тарту, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша жаңа жоба талқыланды. Сондай-ақ Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттарымен жүздесіп, олардың қаладағы білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарын тыңдадым», - дейді Білім министрі А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, өңірде оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе. Оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мың балаға артқан. Сұраныс артқандықтан, облыста 24 мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерге қосымша тағы 11 жапсарлас құрылыс салынады. Сонымен қатар тек облыс орталығында ғана емес Жаңаөзенде де заманауи білім нысандары бой көтереді.
«Бұдан бөлек ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған түзету кабинеттері ашылады. Облыста қосымша білім беру жүйесін дамыту, балаларға арналған жаңа секциялар мен үйірмелер ашу маңызды міндет. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасады. Шетел университетінің филиалын ашу, жұмыс істеп тұрған Ш. Есенов атындағы университетті дамыту, облыс мектептерінің түлектеріне елдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша атаулы гранттарды бөлінуі де басты міндеттердің бірі», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сапар барысында ол нақты тапсырма беріп, орындалуы бақылауға алынатынын да атап өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА