Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының 2018 жылғы жұмыс қорытындысына арналған баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» аймақтық филиалының директоры Гүлжан Қалымбетова облыс көлемінде кәсіпкерліктің даму қарқыны, атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баяндап берді.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева өңірде шағын және орта бизнестің дамуы барлық көрсеткіштер бойынша нәтижелер жоғары екенін айтты.
«Қараша айындағы есептік көрсеткішке сүйенсек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың барлық көрсеткіштері айтарлықтай көтерілген. Шағын және орта бизнестегі субъектілер көлемі 50 667 бірлікті құрайды, бұл өз кезегінде өткен жылмен салыстырғанда 108,5%-ға өскен. Кәсіпкерлікпен айналысушы тұлғалар саны 120 281 адам, 2017 жылы 108 148 адам, пайыздық көрсеткіші – 110,2%. Шағын және орта бизнеспен айналысушы кәсіпкерлердің жалпы халыққа шаққандағы саны – 44,9%, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға жоғары», – дейді басқарма басшысы Венера Тұранқызы.
Биыл шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін тауарлары, атқаратын жұмыстары мен көрсететін қызметтер көлемі де өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай арта түскен. Оның көлемі 32,2%-ға өсіп, 436 297,0 млрд. теңгені құрады. Облыста екінші деңгейлі банктер арқылы шағын бизнес субъектілеріне 22,9 млрд. теңге несие берілген, бұл былтырғы жылдан 1,2 есеге жоғары болып отыр.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» аймақтық филиалының директоры Гүлжан Қалымбетованың айтуынша, Маңғыстау облысында жыл басында белсенді шағын және орта бизнес көрсеткіші 41 015 компанияны құраса, қараша айында компания саны 50667-ге көтерілген. Оның ішінде: ауыл шаруашылық – 2 305, ЖШС – 8 308, ЖК - 40 Осылайша белсенді шағын компаниялар саны бір жыл ішінде 3,65 мыңға (+7,77%-ға) артты. Кәсіпкерлер белсенділігі артуының негізгі факторы аймақта кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және дамытуға арналған қолайлы шарттардың пайда болуы, оның ішінде жеңілдетілген қаржыландырудың жүзеге асуы тікелей әсер еткен.
«Облыс көлемінде кәсіпкерлерге қаржысыз қолдау нәтижелері де жақсы. Қазіргі таңда кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың негізгі құралдарының бірі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржысыз қолдау арқылы іске асырылады. Осының аясында қаржылай қолдау алуға екінші деңгейлі банктермен мақұлданғанға дейін біздің филиал 161 жеке кәсіпкерлік субъектінің (ЖКС) 264 жобасын сүйемелдеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға артып отыр», – дейді Гүлжан Жолмұрзақызы.
Биыл филиал жанындағы қалалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлері 2500-ден аса жеке кәсіпкерлік субъектісіне консультация берген. Бұған қоса жыл сайын Астана қаласы, Nazarbayev University жанынан кәсіпкерлердің тұлғалық құзіретін арттыру үшін ШОБ топ-менеджментін оқыту ұйымдастырылып келеді. 2018 жылы ШОБС-тың 19 өкілі оқудан өтті. Сондайақ Маңғыстау облысының «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы 12 бизнес өкілі «Даму» қоры арқылы Астана қаласында «Көрме» орталығында ұйымдастырылған «Ұлттық өнім» жыл сайынғы көрмесіне қатысқан. Аймақта ақпараттық қолдау тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, облыс аумағында мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат 22 билборд/LED экранда орнатылған.
«Маңғыстаулық кәсіпкерлерге Қор тарапынан қаржылай қолдау бірқатар бағдарламалар бойынша жүргізіліп келеді. «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикі заттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқасында кәсіпкерлер ҚР ҰБ бекітілген сыйақының базалық мөлшерлемесінің 50%-на дейін субсидия ала алады, кепілдеме көлемі несиенің 50-85%» деп филиал директоры бағдарлама аясында аймақ кәсіпкерлеріне берілген мүмкіндіктерді тарқата айтты.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Маңғыстау облысында жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері 456 жоба бойынша жалпы несие сомасы 76,19 млрд. теңгеге субсидиялау келісімшартына қол қойылған. 15 желтоқсан күнгі көрсеткіш бойынша айтсақ, жалпы несие сомасы 1 828,15 млн. теңгеге 57 жобаны субсидиялау мақұлданды. Аймақта кепілдендіру құралын іске асыру аясында жалпы несие сомасы 8 769 млн. теңгеге 256 жоба бойынша кепілдікке қол қойылды, кепілдеме сомасы 3 220 млн. теңгені құрады. 2018 жылы жалпы несие сомасы 2 324 млн. теңгеге 86 жоба бойынша кепілдікке қол қойылды, кепілдеме сомасы – 839 млн. теңге.
Сонымен қатар «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы арқылы облыс көлемінде субсидиялау жұмыстары жемісті жүргізілу үстінде. Бұл бағдарлама аясында сыйақы мөлшерлемесі 7% жылдық көрсеткіш көлемінде тұрғын үй салушылар субсидияға ие болады. Еске сала кетсек, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы ҚР Үкіметінің 31 желтоқсан 2016 жылғы №922 қаулысымен жекеменшік тұрғын үй салушыларды ынталандыру және жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында бекітілген. Биыл бағдарлама аясында жалпы несие сомасы 2,600 млн. теңгені құрайтын 2 жобаны субсидиялау бойынша келісімшартқа қол қойылған. Жобалар әріптес банктер «Нұрбанк» АҚ және «АТФ Банк» АҚ арқылы қаржыландырылған.
Кәсіпкерлікке кең серпін берген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы – мемлекеттің бизнесті қолдау бойынша тың бастамаларының бірі. 2017 жылдың тамызынан жүзеге аса бастаған бағдарламаның арқасында кәсіпкерлер мен ісін жаңа бастаған бизнесмендер Ақтау қаласында 19,2 млн. теңге және Жаңаөзен қаласында 15,6 млн. теңгеге дейінгі жылдық мөлшері 6% болатын жеңілдетілген несие ала алады. Ал аймақтық филиал бұл ретте несие бойынша 85%-ға дейін кепілдеме беруге әзір.
«2018 жылы екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы несие сомасы 572,19 млн. теңгеге 47 жоба қаржыландырылды. Оның 28 жобасы бойынша 353,00 млн. теңге несиенің жалпы сомасы 176,18 млн. теңгеге «Даму» қорының кепілдігі берілді. Бұл бағдарламаға «Сбербанк», «ForteBank», «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Банк Центр Кредит» секілді әріптес банктер атсалысуда. 15 желтоқсандағы жағдай бойынша айтар болсақ, 2018 жылға бөлінген қаражат толықтай игерілген», – дейді «Даму» кәсіп керлікті қолдау қоры» аймақтық филиалының директоры.
Қаражатты екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдарда шартты түрде орнату бағдарламасы ҚР Ұлттық қорының, халықаралық қаржы институттарының қара жаты есебінен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъек тілерінің жобаларын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін қаражатты екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдарда шартты түрде орнату бағдарламасы аясында аймақта шағын және орта бизнес субъектілеріне жалпы сомасы 62 093 млн. теңгеге 3 244 несие берілді. 2018 жылы несиелік портфелі 22 693 млн. теңгені құрайтын 195 несие берілген, бұл 2017 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 40%-ға өскенін көрсетеді. Берілген несие бойынша топ бастап тұрған «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, ал несие бойынша басымды сала – өңдеу өнеркәсібі (31%), сауда саласы (30%) және тасымалдау қызметі (12%).
Маңғыстау облысында кәсіпкерлік аясын кеңейтуде «Нұр капитал» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аймақтық бағдарламасының үлесі зор. Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға «Даму» қоры арқылы 1,8 млрд. теңге, Маңғыстау облыстық әкімдігі арқылы 900 млн. теңге қаражат бөлінген. Осылайша Маңғыстау облыстық «Нұр капитал» аймақтық бағдарламасын іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы сомасы 2,7 млрд. теңгені құрады. Бағдарлама Ақтау қаласынан бөлек, Маңғыстау облысында тіркеліп, жобаларын жүзеге асырып жүрген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру үшін әзірленген. Кәсіпкерлер үшін төменгі мөлшерлеме 1%-ды құрайды, бір қарыз алушыға қойылатын лимит 30 млн. теңгеден аспауы керек.
Баспасөз брифингінде мәлім болғандай, биыл екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы несие сомасы 765,87 млн. теңгеге 39 жоба қолдау тапқан. Оның 49%-ы, яғни несие сомасы 438,28 млн. теңгені құрайтын 19 жоба қаржыландырылған. 350,78 млн. теңге көлеміндегі 18 жоба бойынша «Даму» қоры арқылы 132,59 млн. теңгеге кепілдеме берілген.
Жайық НАҒЫМАШ